Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында өзін өзі реттеу, кәсіпкерлік, мемлекеттік сатып алу және өзге де заң жобаларына қорытынды әзірлеу мерзімдері бекітілді. Сондай-ақ, палата Мажарстанмен заңсыз адамдар реадмиссиясы, сақтандыру және исламдық қаржыландыру заңдық құжаттарын талқыға салды.
Күн тәртібіне шығарылған Қазақстан мен Мажарстан үкіметтері арасындағы олардың мемлекеттерінің аумағында заңсыз тұратын адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы депутаттар қолдауына ие болды. Ол бойынша баяндаманы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жасады. Келісім мақсаты тараптар мемлекеттерінің аумағында заңсыз жүрген адамдардың реадмиссиясы мен транзитін өзара жеңілдету болып табылады.
Сондай-ақ, тараптар мемлекеттерінің аумақтарына келу және оларда болу шарттарын орындамайтын адамдарды қауіпсіз түрде және тәртіппен қайтаруды орнату көзделген. Бұл санатқа еліміз аумағына заңсыз кірген немесе заңды, бірақ визаның немесе елде болу мерзімі өтіп кеткеннен кейін қалған адамдар жатады. Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуе жайлары реадмиссия үшін кесіп өту пункті болып табылады.
Келісім сол сияқты үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясын, транзиттік операцияларды, дербес деректер мерзімдерін есептеуді және оларды қорғауды регламенттейді. Бұл ретте реадмиссияға жататын адамдарды сұрау салынатын тараптардың мемлекеттік шекарасына дейін тасымалдау жөніндегі, сондай-ақ, оларды ықтимал қайтаруға байланысты шығыстарды сұрау салушы уағдаласушы тарап көтереді.
Сол сияқты кешегі отырыста «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапты, яғни депутаттар «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасы Қазақстан Конституциясында және Қазақстан қабылдаған халықаралық келісімшарттарда бекітілген азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және басқа да құқықтар мен еркіндіктерді іске асыруда мүгедектерге басқа азаматтармен теңдей мүмкіндіктер жасауды қамтамасыз етуге бағытталған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың сөзіне қарағанда, заң жобасының негізгі міндеті мүгедектер мен тұрғындардың өзге де шағын мобильді топтары үшін қызметтер мен объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оңалту саласында қызметтер ұсыну тетігін жетілдіру, мүгедектер үшін өмір қызметі мен қоғамға ықпалдасуда тең жағдайлар жасау болып табылады. Қазіргі таңда конвенцияны 151 мемлекет, оның ішінде ТМД елдерінен – Армения, Әзербайжан, Грузия, Молдова, Ресей Федерациясы, Украина ратификациялады. Конвенцияны ратификациялау Қазақстандағы 627 мың мүгедекке және олардың отбасына конституциялық құқықтары мен еркіндіктерін іске асыруда қосымша кепілдіктер береді.
Сонымен қатар, депутаттар Сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қолдады. Заң жобасының негізгі мақсаты исламдық сақтандыруды енгізу, ислам банктерінің қызметіне анағұрлым қолайлы жағдайлар жасау, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің тұрақтылығын және қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету көзделген. Жалпы, заң жобасы елімізде толыққанды исламдық қаржы жүйесін құруға бағытталған. Жұмыс топтарының отырыстарында жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін реформалауға қатысты бірқатар өзгерістер қолдау тапты. Олар сақтандыру төлемдерін оңтайландыруға және үйлестіруге қатысты.
Мәселен, сақтандыру компаниялары төлейтін төлемдерді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер сомасына азайту; зейнетақы жарналарын ұстап қалумен зейнеткерлік жасқа дейін төлемдерді жүзеге асыру; 10 ЕТЖ (ең төмен жалақы) аспайтын мөлшерде сақтандыру төлемдерін есептеу кезінде ескерілетін орташа айлық кірістің ең жоғары мөлшерін белгілеу; еңбек қабілеттілігінен 30 пайызға дейін айырылудың жеңіл түрлері бойынша төленетін төлемдерді жұмыс берушіге аудару және өзге де баптар көрініс тапқан. Бұдан басқа, заңдық құжатта банктерді біріктіру немесе қайта құрылымдау кезінде біреуіне қатысты бас және еншілес банктер арасындағы активтер мен міндеттемелерді беру жолымен қайта ұйымдастыру да назардан тыс қалмапты.
Сондай-ақ, заң жобасында сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін жетілдіруге; ислам банк операцияларын жасасу (мурабаха) тәртібі мен шарттарын оңайлатуға; исламдық лизингтік операцияларды ұйымдастырудың және оның жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін белгілеуге қатысты сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша; қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеуді жетілдірудің өзге де мәселелері бойынша түзетулер көрініс тапқан.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».