Жемқорлық • 24 Шілде, 2024

Қылмыстық топ құрған талдықорғандық 20 есепші бас бостандықтарынан айырылды

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорғанда миллиардтаған мемлекет қаржысын ұрлаған есепшілер «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деп танылды. Былтыр қалалық білім бөлімінің бас есепшісі шетелге қашып бара жатқан жерінен қолға түскен, деп жазады Egemen.kz.

Қылмыстық топ құрған талдықорғандық 20 есепші бас бостандықтарынан айырылды

Almaty.tv мәлімдегендей, облыстық сот 244 томнан тұратын іске нүкте қойып, 20 адамды кінәлі деп таныды. Сотталушылар 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Бүгінгі отырыста сот Талдықорған қалалық білім бөлімінің есепшісін «қылмыстық топты ұйымдастырған» деп таныды. Бас бухгалтердің сыбайластарымен бірігіп, мүлде жұмыс істемеген адамдарға және мектеп қызметкерлеріне жалақыдан тыс ақша аударғаны дәлелденді. Олар осы әдіспен 3 жылда 4,5 млрд теңгеден аса бюджет қаржысын жымқырған. Ал дәл осы заңбұзушылықтарға көз жұмып келген ревизиялық комиссияның басшысы мен оның мүшелерін прокурорлар тексереді.

– Сот мән-жайды басшылыққа ала отырып, Сергазинованың барлық білім бөліміне қарасты бас бухгалтерлерді шақырып, сенімді адамдармен ұйымдасқан топты құрып, бастамашы болғаны анықталды, – деді Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақыт Ермаханов.

 Судья қылмыстық істің негізгі 3 ұйымдастырушысын 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Ал өзге 5 сотталушы 7 жылдан 11 жылға дейін мерзімін өтейді. Тағы 2 есепші шартты түрде сотталса, біреуіне қатысты іс қайтыс болуына байланысты тоқтатылды.

– Ұйымдасқан қылмыстық топ құрған 10 адам, олар ҚК-тің 262-бабы, 3-бөлігі және 189-бабтың 1-2 тармақтары, ал қалаған 10 адам ҚК-тің 189-бабы, 2-тармағы бойынша кінәлі болып табылды, – деді Жетісу облыстық прокуратурасының аға прокуроры Саян Дүйсебаев.

Сотталушылардың дені 25-50 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Арасында жас босанған ана да, ай-күнін күтіп отырған жүкті әйелдер де бар. Олар ақша жымқырғандарын ғана мойындап, қалған бөлігінде өзін ақтауды сұрады.

– Өте қатаң жаза берілді. Прокурор да не себепті бас бостандығынан айыру жазасын тағайындылғанын негіздемеді. Ол кісіде бұрын сотталмаған, денсаулығын, жасын ескеріп, қолдауға болар еді, – деді қорғаушы Динара Әбдікәрімова.

Айта кетейік, атышулы қылмысқа қатыстылардан 3 млрд теңгеден аса ақша алынды. Зергерлік бұйымдар, жылжымайтын және жылжымалы мүліктер де тәркіленген.