Экономика • 24 Шілде, 2024

АЭС жобасы: тиімділігі мен түйткілі

416 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде халық арасында жиі талқыланатын мәсе­ленің бірі – АЭС құрылысы. Мемлекет басшысы АЭС салу мәселесі референдум арқылы шешілетінін айтқан еді. Осыған орай Атырауда атом электр стансасын салу жобасы талқыланды. Жария талқылауға атқарушы орган, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партия өкілдері, энергетика саласының мамандары, экологтер, жергілікті тұрғындар қатысты.

АЭС жобасы: тиімділігі мен түйткілі

Басқосуда сала мамандары АЭС құрылысына байланысты заманауи технологиялар тура­лы кеңінен әңгімелеп берді. Сондай-ақ еліміздің бейбіт атомды дамыту тәжірибесі, отандық инс­ти­тут­тардың осы саладағы жүзеге асырған ғылыми зерттеу­лері мен тұжырымы таныстырылды.

Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнер­кәсібі департаменті дирек­торы­ның орынбасары Гүлмира Мұр­салованың пікірінше, жыл сайын электр энергиясын тұ­тыну мөлшері 3%-ға өседі. Ал атом энергетикасы жөніндегі халық­аралық агенттіктің мәлі­метінше, 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өнді­рілетін электр қуаты 792 ГВт-қа дейін, яғни 2 есе өсетініне болжам жасалған.

«Қазір әлем елдерінде 416 реак­тор бар. Бұл реакторлардың жалпы қуаты – 347 641 МВт. Жаһанның бірнеше елінде 61 637 МВт қуатты құрайтын 59 реактор салынып жатыр. Мәселен, Қытайда 25, Үндістанда 7, Түркия, Мысыр және Ресей­де 4, Ұлыбритания мен Кореяда, Жапония, Украина мен Бан­гла­дештің әрқайсысында ­2 реак­­­­тордың құрылысы қолға алын­ған. Франция мен Словакия, Бразилия мен Аргентина, Иран елі бір-бір реактордың құры­лысын салуға кірісті», дейді Гүлмира Мұрсалова.

Жаһан елдеріндегі ең көп атом электр стансасы АҚШ-та салынған. Қазір бұл елде АЭС-тің жүрегі саналатын 94 реактор жұмыс істеп тұр. Қытай мен Францияда – 56, Ресейде – 36, Оңтүстік Кореяда – 26, Үндістанда – 20, Канадада – 19, Украинада – 15, Жапонияда 12 реактордан қуат өндіріледі. Жапония 21, Үндістан 4 реакторды уақытша тоқтатып қойған.

Атырау жұртшылығын АЭС-тің қоршаған ортаға әсері мен тиімділігі толғандырады. Бұл нысан­ның қандай тиімділігі бар? Қоршаған ортаны ластауға әсер етпей ме? «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябековтің айтуынша, АЭС құрылысы бас­талса, ел дамуына ықпал ететін бірнеше мультипликативтік әсер пайда болады.

«Біріншіден, әлеуметтік тұр­ғы­дан айтатын болсақ, құрылыс жұмысына 8 мыңға дейін адам тартылады. Ал АЭС пайдалануға берілетін болса, 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қам­тылады. Екіншіден, отандық эко­номиканың дамуы­на оң әсерін тигізетіні даусыз. Осы орай­да алдымен еліміз­дің инвес­ти­циялық тартымдылы­ғын арт­ты­руға ықпал етеді. Өйт­кені бүкіл цикл бойынша ел бюдже­тіне 2,5-3 млрд доллар көлемін­де салық түседі. Үшіншіден, тех­ни­калық тұрғыдан айтқан­да, меншікті отын базасының әлеуе­тін кешенді пайдалану көз­деліп отыр. АЭС пайдалануға берілсе, 60 жылдан астам уақыт бойы тұтынушыларды сенімді энер­гиямен қамтамасыз етеді. Төр­тіншіден, қоршаған ортаға парниктік газ шығарындыларын жылына 10 млн тоннаға дейін азайту мүмкіндігі туады», деді Асуан Сиябеков.

Жетекші инженердің мәлі­ме­тінше, жылу-электр стансаларынан қоршаған ортаға тарайтын ластаушы заттар шоғыры аз емес. Мәселен, 1 ГВт энергия өндіру үшін жылу электр стансаларынан ауаға 7-120 мың тонна аралығында күкірт тотығы, 2-20 мың тонна азот тотығы, 700-1 500 тонна майда күл, 3-7 млн тонна көмірқышқыл газы, 300 мың тоннадан астам күл шығады. Ал жылына шығарылатын 400 тоннаға жуық уытты металдың құрамында кадмий, қорғасын, сынап секілді ластаушы заттар бар.

«АЭС-тен 1 ГВт энергия өнді­ру кезінде ауаға күкірт тоты­ғы, азот тотығы, майда күл, көмір­қыш­қыл газы, күл мен уытты металл секілді химиялық лас­та­­­ғыш заттар тарамайды. АЭС-тің қоршаған ортаға осындай тиім­ді­лігі бар», деді Асуан Сия­беков.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Каспий кешенін зерттеу және мониторинг зертханасының меңгерушісі Махамбет Құдайбергенұлының пікірінше, АЭС құрылысын жүр­гізу үшін халықаралық қағидалар сақ­талуы қажет.

«Қазір халықаралық қаржы­ландыру институттары көмірге инвестиция салудан бас тартып жатыр. Өйткені оның болашағы жоқ. Ал күн сәулесі мен жел бірде бар, бірде жоқ. Сондық­тан күн мен желді алда тұрған мақсаттарды шешетін тұрақты энергия көзі деп айтуға болмайды. Осының ішінен озып шығатыны – атом энергетикасы. Атом индустриясын дамыту керек деп ойлаймын. Елімізде салынуы мүмкін атом электр стансасы жаңа талаптар­ға сай технологиямен қамтыл­са, құптауға болады», дейді Махамбет Құдайбергенұлы.

Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаевтың айтуынша, АЭС елдің экономикасын дамыту, электр тапшылығын жою үшін қажет. Өйткені елімізде көптеген кәсіпорын мен шаруашылық ашылып жатыр. Жаңадан облыс­тар құрылды.

«Осының бәрін ескеретін болсақ, болашақта энергия көздерін жетілдіру мәселесі туын­дайды. Демек электр энергия­сына сұраныс арта түседі. Сол себепті Президент ұсынысымен АЭС құрылысы халық арасында талқыланып жатыр. Қазіргі уақытта бізге энергия көзі көбірек керек. Оның ішінде ең басты энергия көзі – атом электр стансасы. Бұған күмән жоқ», деді Кеңес Қосыбаев.

Суды пайдалану жөніндегі сарапшы Серік Борановтың пікірінше, АЭС құрылысы кезінде ескеретін жайт бар.

«Қазір АЭС салу үшін Балқаш көлінің маңы таңдалып отыр. Елімізде мұндай көл соншалықты көп емес. Біз атом электр стансасын салып алып, Балқаш көлін жоғалтып алмаймыз ба? Өйткені реакторды суыту үшін көлден көп мөлшерде су алынады. Су кері айдалған кезде көл температурасын көтеріп жібереді. Бұл үдеріс судағы тіршілікке қалай әсер етуі мүмкін? Осындай көңілді күпті ететін мәселе ескерілсе екен», дейді Серік Боранов.

Атырау облысы