Елбасы Н.Назарбаев 2014 жылғы 11 қарашада «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы дамыту үшін жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, халықтың іскерлік белсенділігі мен жұмыспен қамтылуын ынталандыру үшін жаңа бағыттарды айқындап бергені белгілі. Жаңа экономикалық саясаттың негізі инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз ету, соның ішінде көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту болып табылады. Бес жыл ішінде көліктік инфрақұрылымның ауқымды жобалары іске асырылатын болады, мұнда барлық өңірлер республиканың орталығымен автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша байланысы қамтамасыз етіледі. Оның қатарында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Астана – Алматы», «Астана – Ақтөбе – Атырау», «Алматы – Өскемен» және басқа бағыттары бар. Біздің облыс 2013 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі автомобиль жолы учаскесін қайта жаңартуды еліміз бойынша бірінші болып аяқтады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің облыс аумағынан өтетін телімінің жалпы ұзындығы 628 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда Президенттің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында Инвестициялар және даму министрлігімен «Ақтөбе – Атырау автомобиль жолын қайта жаңарту» жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, жобаны іске асыру 2016 жылы басталатын болады. «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы (Астрахань)» республикалық маңызы бар автомобиль жолының Қазақстан аумағы бойынша 893 шақырымы өтеді, соның ішінде Ақтөбе облысының аумағында – 330 шақырым, Атырау облысында 563 шақырымды құрайды. Бұл автомобиль жолы еліміздің мұнайлы-газды аймақтары – Ақтөбе мен Атырау облыстарының орталықтарын ауылдар мен кенттермен байланыстырады, көршілес облыстармен де қарым-қатынасты жақсартады. Сонымен бірге, Қазақстанды Әзербайжанмен және Еуропамен, солтүстікте – Ресеймен, оңтүстікте Иран арқылы – Парсы шығанағы елдерімен, оңтүстік-шығыста Түрікменстанмен және Өзбекстанмен байланыстыратын «Баку – Астрахань – Атырау – Ақтөбе – Ақтау – Түрікменстан шекарасы» дәлізінің бөлігі болып табылады. Аталған жобаның Ақтөбе және Атырау облыстары аумағында жүзеге асырылуы тұтас Каспий аймағының тұрақты экономикалық дамуы мен Орталық Азиямен және АТР елдерінің ынтымақтастығының нығаюына ықпал етеді. Мұнда Қазақстанның мұнай-газ өндіретін өңірі болып табылатын Ақтөбе және Атырау облыстарының солтүстікте – Ресеймен, оңтүстікте Түрікменстан мен Өзбекстанмен шектесетіндігін және еліміздің бес аймағы – Қостанай, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Орал тұтасатын бірегейлігін атап өту қажет. Қазақстан мен Орталық Азияның ауыл шаруашылықты оңтүстігін Ресей мен Қазақстанның индустриялық дамыған аймақтарымен байланыстыратын біріктіруші рөл атқарады, аймақтың және республиканың әлеуметтік дамуы мен экономикалық белсенділігінің артуына ықпал етеді. Шағын және орта кәсіпкерліктің үдемелі дамуына алғышарт жасайды, автомобиль жолы ұсақ және орта тауар өндірушілердің басты көлік артериясы болып табылады және оның пайдалану сапасы жоғары болса, аймақтың даму деңгейі де соғұрлым жоғары болады. Жолға іргелес жатқан ауыл аумақтары сапалы көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етіледі және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мен өткізудің нақты мәселесін шешуге мүмкіндік туып, жол маңындағы қызмет көрсету мен сауданы дамытуға, еңбек және өнім нарығына қолжетімділікті толық қамтамасыз етеді. Ішкі миграция және «инфрақұрылым орталығын» құру мәселесін шешеді. Батыс Қазақстан табиғи ресурстарға ең бай және халықаралық нарыққа ең жақын аймақ болып табылады. Бірақ, сонымен бірге, халық ең аз қоныстанған, халықтың әлеуметтік жайластыруы жағынан еліміздің бірқатар аймақтарынан кем түседі, әйтсе де республиканың ішкі жалпы өнімінің 80 пайыздан астамын береді. Демек, аталған жобаның жүзеге асырылуы Президенттің халыққа арнаған Жолдауында сөз етілген көлік жүйесінің осы заманғы озық инфрақұрылымын құру туралы түйінді мақсаттың шешімін қамтамасыз етеді, дүниежүзілік нарыққа шығуды, жаңа бизнестерді дамыту және жаңа жұмыс орындарын құруды, алыстағы аймақтарды немесе халық тығыздығы аз аймақтарды өмірлік маңызды және экономикалық қажетті инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз ету міндеттерін шешеді. Ұзындығы 330 шақырым «Ақтөбе – Атырау» автомобиль жолы 6 лотқа бөлінді. «ГазДорПроект» ЖШС мекемесімен 4 учаске бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде, ал қалған 2 учаске бойынша конкурс рәсімдері әлі аяқталған жоқ. Келісімнің міндеттемелеріне сәйкес «ГазДорПроект» ЖШС жобалау-сметалық құжаттаманың зерттемесін 2016 жылдың наурызына дейін аяқтауы тиіс. Осы жобаны жүзеге асыру аясында Елек өзеніне көпір салу арқылы «Ақтөбе – Атырау» жолынан республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Ор» жолына, «Самара – Шымкент» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізіне шығуды қамтамасыз ету жоспарланған. Пайдалануға берілген «Ақтөбе қаласын солтүстік айналып өту» автомобиль жолын ескерсек, бұл Ақтөбе қаласын толық өткінші айналып өту мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жол құрылысына қажетті материалдар жергілікті шағылды және тас карьерлерден жеткізілетін болады. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар тарапынан жер телімдері мәселелерін келісу және инженерлік коммуникациялардың орнын ауыстыру мәселесі бойынша барынша қолдау көрсетілуде.
Асқар ЕСЖАНОВ, «Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы.
Ақтөбе облысы.