Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөнінде өткізген кеңесте саланың әлемдік экономиканы қарқынды дамытудың катализаторы екенін айтып, бірқатар нақты тапсырма берген еді. Бүгінгі оңынан оңғарылған шаруа Мемлекет басшысының тапсырмасын мүлтіксіз орындау барысында атқарылған іс екенін атап айтуымыз қажет. Табиғаты тамылжыған ерке Көкшенің баурайында ел туризмі жаңа сипатқа ие болып келе жатыр. Негізінде бұл сала инвесторлар үшін мейлінше тартымды екені де белгілі. Алыс-жақын шетелден келген демалушыларды қабылдап, төл тарихымыздың тылсым сырын ұқтыратын мол мүмкіндік туып отыр. Заманауи кешен еліміздегі ең жоғары технологиялық интерактивті мұражайлардың біріне айналмақ.
Салтанатты іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Президент Іс басқарушысының орынбасары Рустам Баялиев және т.б. қатысты.
«Бурабайдың тұмса табиғатын, тарихи-мәдени байлығын көпшілікке таныту – өте өзекті. Бүгінгі заманауи инновациялық кешеннің ашылуы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды қадамдардың бірі деп есептеймін. Мұнда жастар өңірді ғылыми-шығармашылық тұрғыдан терең зерделеп, рухани кемелденіп, мол тағылым алады деп сенемін», деді Аида Балаева. Сонымен қатар мұндай кешендер тек тарихи тұрғыдан ғана емес, қоғамдық сананы жаңғыртуға ықпал ететін озық институт құруда маңызды екенін атап өтті.
Күніне 500-ге дейін демалушыларды қабылдай алатын заманауи кешен жаңа анимациялық және аудиовизуалды технологиялар арқылы ел тарихын білмекке ұмтылған адамдарды Алаштың рухани әлеміне енгізіп, көкірегіне көне мұраның ең асылын сіңіре алады.
«Мультимедиялық интерактивті кешен – жай ғана музей емес, бұл жерде инновация мен дәстүр ортақ үйлесім тапқан. Кешеннің Абылай хан алаңында орналасқаны – ерекше оқиға. Бұл жер еліміздің киелі орындарының тізіміне кіреді және Бурабай курортының ең басты көз тартар орны. Мультимедиялық орталық демалыс пен ойын-сауық орны ғана емес, сонымен қатар мәдени пікір алмасу орталығы болатынына сенемін», деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Жазушы-драматург Ж.Ерғалиев аруақ қонып, нар шөккен қасиетті Көкше топырағының, Алтайдан Атырауға дейінгі Алаш даласының қадір-қасиетін тереңнен толғап, сипаттап берді. Сол қадір-қасиетті туристер бүгінгі жағымды жаңалық арқылы толыққанды біле алады. Жаңа кешеннің медиаконтенті ойын-сауық және танымдық материалдарды негізге ала отырып, тұрақты жаңартылмақ. Бұл әртүрлі бағдарламалардан рухани ләззат алуға, жаңа қызықты да мазмұнды дүниелерді білуге мүмкіндік тудырады.
Кешенді қайта құру және жөндеу жұмыстары «Kaspi.kz» акционерлік қоғамының демеушілігімен атқарылған. «Куб 360» залы – бейнені кескіндейтін бірегей технологиясы бар Қазақстандағы жалғыз зал. Бес проектормен, екі бүйірлік экран, 270 градустық панорамалық кескін жасайды. Бұл көрермендерге фильмнің бір бөлігі тәрізді әсер етеді екен. Сол сәтте ақселеулі қазақ даласын өзің аралап жүргендей сезінесің. Кешенде 3D орындауында аруақты Абылай ханның ақ батасын естіп, ілкі заманда ел дауын, жер дауын жалғыз ауыз сөзбен шешкен, ел ұйытқысы болған билердің бейнесін көруге болады.
Жастар мен жасөспірімдерді баурайтын тұсы да аз емес. Ойын түріндегі интерактивті экспозициялар балалар мен шетелдік қонақтарға ұлттық музыкалық аспаптар, ою-өрнектер, сондай-ақ қазақ даласының бар болмысын көрсете алады. Осы кешенде келушілер қазақтың ежелгі руларын, олардың таңбаларын, мекендеген өлкелерін тамашалай келіп, көз жанарлары символдық ағашқа тіреледі екен.
Қорыта айтқанда, мультимедиялық интерактивті кешеннің ашылуы ел туризмін дамыту бағытындағы бағалы іс болды.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы