Әскери кеңес отырысының күн тәртібінде Ұлттық ұланның 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметтік-жауынгерлік қызметінің жай-күйі және жаңадан құрылған бөлімшелерді жасақтау бағытындағы жұмыстың нәтижелері қаралды. Отырысты ашқан Е.Сәденов Ұлттық ұлан қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар министр құқықтық тәртіп әскерлеріне қатысты өзекті мәселелерді, соның ішінде офицерлер мен сержанттар құрамын жасақтау мәселесіне тоқталды.
– Әрбір командир бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік жұмысын қамтамасыз ету үшін білікті кадрларды іріктеумен айналысуға тиіс. Бас штабқа, әскери бөлімдердің командирлері мен орынбасарларына бос лауазымдарды шұғыл түрде жасақтауды тапсырамын. Жеке құрам үшін барлық қажетті жағдайды жасау қажет. Жергілікті атқарушы органдармен, Қорғаныс министрлігінің Қорғаныс істері жөніндегі департаменттерімен және бөлімдерімен бірлесіп осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет, – деді ІІМ басшысы.
Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Еркін Ботақанов бірінші жартыжылдықта Ұлттық ұланға жүктелген барлық міндет толық көлемде орындалғанын атап өтті.
– Құқықтық тәртіп әскерлерінің штаттарына Ақтау, Атырау, Қызылорда, Орал, Қостанай қалаларында жедел мақсаттағы бес батальон енгізілді. Мамыр айында ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен авиациялық база салтанатты түрде ашылды. 3 мыңнан астам әскери қызметші, 160-тан астам автокөлік және арнайы техника, сондай-ақ 7 авиация көлігі табиғи сипаттағы ТЖ режімі жағдайында су тасқынын жоюға тартылды. Жеке құрамның жалпы күшімен 4 мыңнан астам адам, 600 тонна жүк және 130 тонна гуманитарлық көмек тасымалданды, 5 мыңнан астам азамат эвакуацияланды, – деді ол.
Отырыс барысында құқықтық тәртіп әскерлерінің қызметтік-жауынгерлік жұмысының нәтижесі туралы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы, генерал-майор Қайрат Ақтанов баяндама жасады. Әскерилер 80-нен астам бірлескен оқу-жаттығуға, оның ішінде ведомствоаралық топтар құрамындағы дағдарыстық жағдайларға ден қою жөніндегі кешенді оқу-жаттығуларға қатысқаны атап өтілді.
Құқықтық тәртіп әскерлерінің бөлімшелері өзара іс-қимыл жасайтын органдармен бірлесіп жыл басында қоғамдық тәртіпті күшейтуге, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысты. Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық саммитін өткізу кезінде Ұлттық ұланның жеке құрамы ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп қала көшелерінде тәулік бойы кезекшілік атқарды.
Отырыста өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының «Бағынысты әскери бөлімдер мен бөлімшелердегі қызметтік-жауынгерлік қызметті ұйымдастыру жөніндегі істердің жағдайы туралы» тақырыбындағы есептері, сондай-ақ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Қайрат Үмбетовтің «Бірінші жартыжылдықтағы әскери тәртіптің, заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Бұдан бөлек, кадрлар және әскери білім басқармасының бастығы, генерал-майор Нұрбол Міртаев «Жаңадан енгізілген бөлімшелерді жинақтауға қатысты жұмыс нәтижелері туралы» баяндама жасады.
Айта кетейік, әскери кеңес отырысын қорытындылай келе Ішкі істер министрі әскердің жауынгерлік дайындығы мен жауынгерлік қабілетіне ерекше назар аударды.
– Әскерлерді даярлау – жеке құрам арасындағы әскери тәртіпке негізделген жауынгерлік әзірліктің негізі. Сондықтан бөлімше командирінен бастап әскер қолбасшысына дейін барлығы әскери қызметшілерді тәрбиелеумен, моральдық-психологиялық жай-күйімен айналысып, әскери қызметтің тартымдылығы мен беделін арттыруға тиіс, – деп түйіндеді Ержан Сәденов.