Қоғам • 26 Шілде, 2024

Тасқын шығыны толық өтелді

202 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы көктем атырау­лықтар үшін оңай бол­ған жоқ. Қызылқоға ауданы­ның аумағымен ағатын Ойыл, Сағыз, Ноғайты өзен­­дері арнасынан асты. Әсі­­ресе, Ойыл өзенінен бір­не­ше елді мекенге қауіп төн­ді. Су басу қаупін сейіл­ту үшін жол жырылып, Миялы, Қарабау, Қоныс­та­ну, Тайсойған секілді елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін бөгет тұрғызылды.

Тасқын шығыны толық өтелді

Аудан әкімі Қанат Әзмұ­ханов­тың айтуынша, су тасқынына қар­сы тайталас Миялы ауылын­да 31 наурызда басталған. Ойыл өзенінің суы бұрын-соңды бол­ма­ған қарқынмен арнасынан асып, аудан орталығына қауіп төндірген. Ауыл тұрғындары жұ­дырықтай жұмылып, бөгет тұрғызып жүргенде тасқын су «Мия­лы-Сағыз» тасжолын шайып кеткен.

«Мұқыр ауылынан жи­налған қапшықтар жет­кізіліп, атырау­лық, мақат­тық, көршілес ауыл­дар­дағы және «Теңіз» кені­шінде жұмыс істеп жүрген еріктілер кө­мекке келді. На­ғыз қысылтаяң шақта облыстық төтенше жағ­дай департаментінен 3 автокө­лікпен 80 құтқару­шы дер кезін­де жеткізілді. Аудан­дағы меке­мелердің 275 қызметкері, 48 полицей, төтенше жағдайлар сала­сы­ның 110 қызметкерінің,

20-дан аса арнайы техниканың көмегімен ауылды тасқын судан қорғап қал­дық», дейді Қ.Әзмұханов.

Әкімнің дерегіне сүйен­сек, Ойыл өзенінің арнасынан асқан тасқын су 10 күн бойы аудан­ның елді ме­кендеріне қауіп төнді­ріп тұрған.

Тұрғындар осынша күн үрейленіп жүрді. Осы кезең­де аналар мен балалар, егде жас­тағы 570 тұрғын Атырау қаласына, ­­819 тұрғын эвакуациялық пункт­тер­ге жет­кізілген. Аудан резервін­дегі тех­никаларға қосымша облыс­тық штабтан, төтен­ше жағдайлар департаменті­нен, сонымен қатар еліміздің түк­пір-түкпірінен еріктілер­дің демеушілігімен қажетті құрал-жабдықтар әкелінген. Қап­­шықтарға құм толтырылып, бұ­рынғы 45 шақырымға қо­сымша 28 шақырым бөгет қоса со­ғылды. Қызылқоға ауданы­нан тасқын сумен күреске құқық қорғау және төтенше жағдай­лар саласының қызметкерлері мен әскерилерден 3 мыңнан аса ерікті жұмылды. Арнайы 89 техника тартылды.

«Апат айтып келмейді» де­ген­­дей, тасқын судың салдары­нан шығынға батқандар бар. Қызыл­қоға аудандық әкім­ді­гі­нің мәліметіне сүйенсек, таби­ғи сипаттағы төтенше жағ­дай­дан зардап шеккендерге кел­тіріл­ген зиянды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияға мал шы­ғынына қатысты 70 өтініш түсіпті. Комиссияның қорытындысына сәйкес 58 шаруа қожалығы мен жеке тұр­ғындардың өлген 191 малы үшін бюджеттен және өзге көз­дерден 61 млн 772 мың 062 теңге өтемақы төленді.

Сондай-ақ арнайы құрылған комиссияға су тасқынынан бү­лінген 31 үйдің иесі өтініш берген. Оның ішінде 7 тұрғын үйдің құжаты болмаған. Сол себептен бұл үйлердің иелерінің өтініші кері қайтарылды. Ал 24 өтініш қанағаттандырылып отыр.

Аудан әкімі Қ.Әзмұханов тасқыннан зардап шеккен тұр­­ғындардың өтінішіне орай шығынды бағалауды өз бақы­лауына алды. Шығынды есептеу үшін техникалық бағалаушылар шақырылды. «Бағалаушылардың техни­ка­лық қорытындысына сәй­кес 6 тұрғын үйге жөндеу жұ­мыс­тарын жүр­гізу қажеттігі анық­талды. Ал 18 тұрғын үй апатты деп танылды. Аудан әкімі бүлінген тұр­ғын үйлерге техникалық баға­лау жүргізген мамандардың қо­ры­тынды хаттамаларын тұр­ғын­дарға таныстырды. Төрт тұр­ғын үй салып беруді сұрады. Бағалау нәтижесімен 20 тұрғынға бү­лінген үйі үшін өтемақыға қар­жы бөлініп, толық өтелді», деп мәлімдеді аудандық әкімдіктен.

Қазір Қызылқоға ауданын­дағы Қоныстану ауылында 3 тұр­ғын үйдің құрылысы жүріп жа­тыр. Ал Миялы ауылында 1 тұр­ғын үйдің құрылысын ­жүр­гізу бас­талды.

 

Атырау облысы