Спорт • 26 Шілде, 2024

Алтынға қол созған арулар

667 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһан жұрты көз тіккен, жеңістің қуанышы мен жеңілістің өкініші қатар өрілетін Париж Олимпиадасында Атыраудан екі дзюдошы бақ сынайды. Оның бірі – Әбиба Әбужақынова, екінші балуан – Эсмигул Куюлова. Екеуі де – қазақ топырағына көршілес Өзбекстан Республикасынан оралған қандасымыз.

Алтынға қол созған арулар

Атырау облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті, белгілі бапкер Бимырза Тайжановтың айтуынша, еліміздің әр өңірінде халықаралық сайыстарда ел намысын қорғап жүрген саңлақ дзюдошылар аз емес. Соның қатарында Әбиба Әбужақынованың есімі алдымен аталады. Өйткені қазақ жерінен тысқары елде өмір­ге кел­генімен, жүрегі қазақ деп соғатын ұлт­жандылығы менмұндалап тұрады. Ата-анасымен елге қоныс аударғаннан бері спорттағы бағы жанды деуге болады. Оны кейінгі 4-5 жылдан бері атыраулық бапкер Мейрамбек Есмағамбетов жаттықтырып келеді.

«Әр спортшының арманы – Олимпиада чемпионы атану. Ал Әбиба Әбужақынованың Олимпиадаға дейінгі жүлдесі же­терлік. Ол – дзюдодан ел чемпионы. 2021 жылы Бішкекте, 2022 жылы Астанада өткен Азия чем­пио­натында күміс жүлдені иеленді. Бұдан екі жыл бұрын Ташкенттегі Әлем чемпионатында қола жүл­деге ие болды. Ал 2023 жылы Пор­тугалияда жалауы желбіреген Гран-при сериясындағы турнирде жеңімпаз атанған еді. Міне, дзюдошы ару Париж Олимпиадасына осындай жетістіктерімен барып отыр. Жоғарыда айтқан додаларда бақ сынап, жүлде алудың өзі Әби­баның дайындығы мық­ты еке­нін көрсетеді», дейді Б.Тай­жанов.

Париж Олимпиадасында ал­ғаш­қылардың қатарында бақ сынайтын Әбиба Әбужақынова 48 кг салмақта күреседі. Бұл – дзю­додағы ең жеңіл салмақ.

«Спорттың қай түрінде де жеңіл салмақта қарсыластар аз болмайды. Ал Әбибаның сал­мағындағы қарсыластары осал емес. Оның үстіне Олимпиадаға кілең мықтылар іріктеледі ғой. Бірақ біздің балуанымыз қар­­сыластарының айла-тә­сілін, дайындық деңгейін біле­ді. Жат­тықтырушысы М.Ес­мағамбетовпен бірге бұрыннан күресіп жүрген Бразилия, Қытай, Жапония елде­ріндегі қарсыластарының осал тұсын табу жолын зерттеді. Мә­селен, Бішкектегі Азия чем­пионатының ақтық сынында қытайлық Ли Янаннан ұтылған еді. Астанада өткен осындай чемпионатта жапон балуаны Вакана Когаға есе жіберіп алды. Жапон спортшысы солақай балуанмен күрессе, абдырап қалатынын ескереді деп ойлаймын. Өйткені Әбиба өзі де солақай», деді белгілі бапкер.

Ал Эсмигул Куюлова төртжыл­дық додада 63 килода сынға түскелі отыр. Оның дайындығы қалай?

«Эсмигул де – талабы тау­дай, ізденетін дзюдошымыз. Оның есімі тек елімізге ғана емес, алыс-жақын елдерге де танымал. Былтыр Азия ойындарының, биыл Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Рас, Әбибаға қарағанда халықаралық додадан алған жүлдесі аз болуы мүмкін. Алайда шеберлігі шыңдалып келеді. Осы кезге дейін 63 келіде бақ сынайтын Эсмигул командалық сайыстың лицензиясына ие болған еді. Жақында оның ұпайлары қайта есептеліп, жекелей сында күресуге рұқсат берілді. Демек оның да Олимпиададан жүлде алатын мүмкіндігі бар. Тек аптықпай, асық­пай, сабырмен күрессе ғана жүлдеге қол жеткізеріне сенемін», деді Б.Тайжанов.

Ел үміт артып отырған дзю­дошыларға жергілікті жерде барынша қолдау көрсетіліп отыр. Жақында Олимпиадаға аттанар алдында екі спортшыны Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов арнайы қабылдап, сәтті сапар тіледі.

«Алда үлкен дода тұр. Өткен жылы Азия ойындарынан жүл­демен оралған кезде Париж Олим­пиадасына қатысу мәселесін қозғап, алаңсыз дайындалу үшін барлық жағдайды жасауға уәде берген едім. Енді сіздер облыстың ғана емес, еліміздің намысын қорғайсыздар. Төрт жылда бір рет өтетін додада сәттілік серік болып, бақтарыңыз жансын. Жаһанның ең мықтыларымен сынға түсу – ерлікке пара-пар іс. Спортшының бәрі чемпион болуды қалайды. Сондықтан Олимпиадада еліміздің атын асқақтатыңыздар, біз сіздерге сенеміз», деді С.Шәпкенов.

Ал облыстық дзюдо федера­циясының тарапынан ұдайы қар­жылай қолдау көрсетуден қалыс қал­мады. Өйткені қай жарыс­қа қа­тысса да, алдымен спортшы­лар­дың дайындығына көңіл бөлінеді.

«Төрт жылда бір өтетін Олим­пиаданың жөні бөлек. Сол себептен Әбиба мен Эсмигулдің халықаралық рейтингте ұпай берілетін жарыстарға баруына барынша қолдау көрсетуге мән берілді. Қазір Әбиба рейтингте алдыңғы орында тұр. Эсмигулдің де рейтингі көтерілді. Қазақ елі Олимпиадаға қатысуға аттанған спортшылардың жеңіспен оралуы­на үміт артып, ең жақсы тілегін арнап отыр. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, елдің үміті ақталып, спортшыларымыздың жүлдесі көбейіп, еліміздің абыройы асқақтағанына куә болайық», деді Б.Тайжанов.

Атырау облысы