Ең қысқа әңгіме • 26 Шілде, 2024

Сыңғырлаған тастар сыры

64 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бойына небір құпия жа­сырған қазақ дала­сының сыры күндер алға көшкен сайын ел тұр­ғын­дарын ғана емес, барша әлем­ді таң­ғалдырып, айдай әлемді аузына қаратып келе жат­­қаны аян. Ғы­­лым мен техника дәуір­­леген сайын олар­ға мойын бұрып қара­ма­сыңа, ден қойып зер сал­ма­сыңа бол­май­тынын бағам­дайсың.

Сыңғырлаған тастар сыры

Жақын күндері әлеуметтік желіде ұрсаң сыңғырлаған қоңыраудың үніндей дыбыс беретін тастар туралы бейнежазба тарады. Жалпы, бұл тастар туралы алғашқы бейнематериалдар 2019 жылдан бері бар. Сол кезден бастап желі пай­даланушылары үшін үлкен қы­зығу­шылық пен таңданыс тудырған еді. Қо­ңыраулы тастар құпиясын білмек болып аталған бейнежазбадағы Абайдың Жидебайдағы музей-үйінің меңгерушісі Айқын Ақболатовқа хабарластық.

«Бұл тастар Жидебайдан қырық шақы­рым шамасында Жиренше қыс­тауының маңында жатыр. Жиренше «Абай жолы» роман эпопеясында айтылатын ақын­­ның жақын досы, жан серігі болған адам. Елді мекеннің арғы бетінде тау-тасты аймақ болғанымен, дәл осы екі тас ұрсаңыз сыңғырлаған қоңыраудың үнін шығарады. Біздің жобалауымызша, аталған тастардың құрамында металл көп болғандықтан болар деп ойлаймыз. Бақ дарып, кие қонған Шыңғыстау өлкесінің бұл да бір шешілмеген құпиясы», дейді Айқын Берікболұлы.

Қоңырау үнін шығаратын тастар АҚШ-тың Пенсильвания штатында, Ре­сей­дің Карелия республикасында кез­деседі. Мұнда туристер үшін барынша жағдай жасалған. Абай елінің көнекөз қарттары тастың тұрағын көбіне жар салып айта бермейді. Аталған тастар мем­лекет тарапынан қорғауға алынса деген өтініш білдіріп, қараусыз жатқаны кө­ңілге кірбің ұялататынын айтады.

Ғылыми-зерттеу еңбектеріне сүйенсек, мұндай дыбыстар тау жынысының ты­ғыз­дығы мен ішкі кернеудің жоғары дә­режесіне байланысты шығатыны белгілі. Шыңғыстау өңіріндегі осынау тастар туралы бұған дейін геолог мамандар тарапынан Семей ядролық полигон ошағындағы жарылыс салдарынан сол жердегі тау жы­ныс­тарының өзгерген түрі болуы мүм­кін деген болжам айтылған.

 

Абай облысы