Ашылу салтанаты алдында Париж Олимпиадасында садақ атудан жекелей сынның іріктеуі аяқталды. Біздің командадан жақсы нәтижені Дәулеткелді Жаңбырбай көрсетті. Ол 668 ұпаймен 22-сатыдан көрінді. Ал Ильфат Абдуллин 663 ұпай жинап, 29-орынға тұрақтады. Александр Еременко – 59-орында. Оның еншісінде 640 ұпай бар.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, енді осы рейтингтік кезең нәтижесіне қарай кейінгі жарыс жолы құрылады. Яғни 64 ер мерген бүгін алған орнына қарай бір-бірімен сынасады. Мысалы, 1-орын алған атлет плей-офф сатысында 64-сатыдағы спортшыға қарсылас болды. Ал плей-офф 30 шілде мен 1 тамыз аралығына жоспарланған. Ал командалық сайыс 29 шілдеден бастау алады.
Садақ атудан ерлер арасында Олимпиада рекордын Рио-де-Жанейрода Вуджин Ким (Оңтүстік Корея) тіркеген (700 ұпай). Ал әлем рекорды америкалық Брэди Эллисонға тиесілі (702 ұпай, Лима қаласы, 2019 жылғы 7 тамыз).
Айта кетейік, Париждегі жазғы Олимпиадада Қазақстан құрамасының 80 атлеті 25 спорт түрінен сынға түседі. XXXIII ойындар 11 тамызда мәресіне жетеді.