dalanews.kz
Мәселен, Жангелдин ауданында шілденің 31-іне дейін 41 тұрғын үй салынып біту керек. Қазір Көлқамыс ауылында салынып жатқан 19 үй таяу күндері тұрғындарға табыс етіледі деп жоспарланып отыр. Ал Тәуіштегі тұрғын үй құрылысы толықтай аяқталып, 22 отбасы жаңа үйлерге қоныстанды.
Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 50 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. Бұл үйге жауапты мердігер компанияның өкілі Антон Борисовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр, құрылыс қыркүйекке дейін толық аяқталады.
Су тасқынынан зардап шеккен Қостанай қаласының тұрғындары жаңа үйлеріне әлдеқашан кіріп алған. Таяуда Қостанай ауданына қарасты Алтынсарин ауылында 21 отбасы жаңа үйлерінің кілтін алды. Қонай шағын ауданы мен Алтынсарин ауылының тұрғындары мемлекет салып берген жаңа үйлерде тұрып жатыр.
Қазір өңірде 46 жеке тұрғын үйдің, сондай-ақ 1 көппәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінге дейін тасқын судан зардап шеккендер үшін 315 пәтер сатып алынып, 815 үй жөндеуден өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Биліктің, бизнестің және жергілікті тұрғындардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде су тасқынының салдары қысқа мерзімде жойылады», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қостанай облысы