Өртке жол бермеу маңызды
Бүгінде былтырғы маусым айында болған, 66 мың гектарға жуық орман қоры зардап шеккен ірі орман өртінің салдарын жою мақсатында ағаштарды көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкімет басшысы табиғи резерват аумағындағы орман тәлімбағы кешені мен ағаш тұқымы стансасын аралап көрді. Онда заманауи швед жабдықтары арқылы жеделдетілген технология бойынша жабық тамыр жүйесі бар қарағай көшеттері өсіріледі.
Бір жылда мамандар екі рет, жалпы 3 млн көшетке дейін алады. Жабық тамыр жүйесі бар көшеттердің сапасы дәстүрлі әдіспен өсірілетіндерден жоғары. Бұл орман дақылдарының жоғары деңгейде жерсінуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ резерват аумағында Ертіс өңірінің таспа қарағайын өсіру және қалпына келтіру жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Семей орманы» резерватының аумағына 70 мыңнан аса көшет отырғызылды.
Сонымен қатар сау көшеттердің зиянкестерінің таралуынан және қурап жатқан орманның жаңа ошақтарының пайда болуынан сақтау және қорғау мақсатында өртенген сүрекдіңдер кесіледі. Күйген ағаштарды кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін өңірде дайын өнім – ЛАБТ, АЖТ, ББТ, отын брикеттерін шығаратын ағаш өңдеу кешенін салуға 7,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Қазір Семей қаласының индустриалды аймағындағы 55 га жер телімін тіркеу рәсімі жүргізіліп жатыр. Бұл ретте өткен жылы табиғи резерват аумағында өз күшімен 38,3 мың текше метр жұмыр ағаш дайындалды. Жоба аясында 530 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Үкімет басшысы «Семей орманы» аумағында құқықтық тәртіптің сақталуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті. Бүгінде Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен орманды заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтады.
«Өткен жылы алапат өрт орын алды. Біз 66 мың га орман қорын жоғалттық. Бұл бүкіл «Семей орманы» алқабының оннан бір бөлігі, сондықтан орман өрттерінің алдын алу – өте маңызды міндет. Біз Президенттің тапсырмасы бойынша биыл бірінші болып соққы қабылдайтын ТЖМ және орман шаруашылығы құрылымдарын техникамен жабдықтау бағдарламасын қолға алдық. Аталған бағдарламаны жалғастырып, сіздерді заманауи техникамен қамтамасыз етеміз. Айтқым келген тағы бір маңызды мәселе – заңсыз ағаш кесумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы. Олармен күресу керек. Сіздер олардың бар екенін менен жақсы білесіздер. Мен тіпті жекелеген қызметкерлерге заңсыз ағаш кесуге кедергі келтірмеу қаупі төніп тұрғанын білемін. Міне, мұнымен күресу керек. Бұл жерде Ішкі істер министрлігі өте мұқият назар аударуы қажет. Орман – біздің ұлттық байлығымыз. Заңсыз ағаш кесумен айналысатындар – мемлекеттің жауы. Мұнда бүкіл мемлекет күш салып, түбегейлі соққы беруі керек. Бұл сіздердің және құқық қорғау органдарының міндеті», деді О.Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр материалды-техникалық базаны жаңарту, орман шаруашылығы қызметкерлерін қолдау шарасын көтерді. Мәселен, 2023-2027 жылдарға арналған «Семей орманы» резерваты үшін материалдық техникалық жарақтандыруды кезең-кезеңімен нығайту жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде былтыр жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге 37 бірлік арнайы техника, оның ішінде өрт сөндіру машиналары, шағын орман өрт кешендері, трактор, патрульдік автокөлік сатып алынды.
Президенттің тапсырмасы бойынша орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлерін қолдау мақсатында былтыр мемлекеттік орман күзетінің 12 876 қызметкерінің жалақысы 100%-ға көтерілді. Биыл Үкімет қаулысымен 1 шілдеден бастап еліміздегі орман және табиғатты қорғау мекемелерінің қызметкерлері лауазымдық жалақыларына үстемеақы ала бастады. Орман өрт сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, табиғатты қорғау және орман орналастыру ұйымы қызметкерлерінің лауазымдық жалақысына 100%-ға дейін үстемеақы алады. Барлығы 3,3 мыңға жуық қызметкер қосымша ақымен қамтылды. Аталған мақсат үшін 2024-2027 жылдарға республикалық бюджеттен 8,4 млрд теңге қарастырылған.
Үкімет басшысы өрт қауіпсіздігінің маңыздылығына тоқталып, «Семей орманы» резерватының, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдікке өртке қарсы қызметтердің күштері мен құралдарының тұрақты әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Орман алқаптарын сақтау мәселесі және өртке қарсы шараларды қабылдау біздің ерекше назарымызда болады. Мұндай апаттардың қайталануына жол берілмеуге тиіс. Апаттың алдын алу шараларын қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде толықтай іске асыру маңызды. Ол үшін резерватты жарақтандыруды жалғастырамыз, оның ішінде орман өртін ерте анықтау жүйесін орнатамыз», деді Үкімет басшысы.
Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Абай облысының әкімдігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Семей орманын» материалдық-техникалық жарақтандыру және орман алқабын молайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, сондай-ақ күйген ағаштарды кәдеге асыру жобасын іске асыруға қолдау көрсету тапсырылды.
Қазіргі таңда Абай облысында табиғи өрттердің алдын алу және дер кезінде әрекет ету мақсатында 132 адамнан тұратын 32 мобильді топ құрылды. «Қазавиақұтқару» тікұшағы кезекшілікте және аумақты патрульдеу жүргізіледі.
Қызыл аймақтағы ЖЭО тексерілді
Үкімет басшысы Абай облысына іссапары барысында Семей қаласындағы апатты ЖЭО-ны жаңғырту барысын бақылап, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін және жылу беру кезеңіне дайындығын тексерді. Оған энергетика саласын және жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту жоспары мен қазіргі жағдайы туралы баяндалды. Абай облысы «қызыл аймақтағы» өңірлердің қатарына кіреді. Облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 64,2%-ға жетеді. Қазіргі таңда 28 жоба – іске асыру сатысында. 37,9 шақырым желі мен 17 жылу көзін салу, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуға 10,9 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков осы жылдың қорытындысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде коммуникациялар тозуының 57,7%-ға дейін төмендеуі күтілетінін айтты.
О.Бектенов ЖЭО-1-де жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты. Атап айтқанда, су жылыту қазандығы мен сорғы тобының төртінші қазандығы жаңғыртылды. 90 жылдық тарихы бар жылу көзі «қызыл аймақтағы» объектілердің тізіміне енгізілген және қаладағы ең ірі нысан болып саналады. ЖЭО-1 «Теплокоммунэнерго» МКК құрамына кіреді. Сондай-ақ кәсіпорынға 70 мыңнан аса абонентті жылумен қамтамасыз ететін 76 жылу пункті мен 21 қазандық кіреді. Белсенді тұрғын үй құрылысын және қолданыстағы жылу желілерінің жоғары тозу деңгейін ескере отырып, жылу және электр қуатының тапшылығы байқалады.
Үкімет басшысы ЖЭО-3 және оның магистралдық желілерін салу жобасының іске асырыла бастағанын еске салды. Жобаны 2030 жылға дейін 3 кезеңде іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. ЖЭО-3 пайдалануға берілгеннен кейін қазандықтар сорғы-сүзгі стансалары режімінде жұмыс істейді. Яғни жылу энергиясын тікелей үйлерге жеткізеді. Сонымен қатар оң жағалауда сағатына
146,99 Гкал құрайтын тапшылық мәселесі шешіледі.
Биыл 44 көппәтерлі тұрғын үйді, 1 200 орынға арналған мектепті және нефрологиялық орталықты пайдалануға беру жоспарланып отырған Қарағайлы ауданының қарқынды құрылысын ескере отырып, Премьер-министрге қуаты сағатына 21,5 Гкал құрайтын блокті-модульді қазандық салу жобасы таныстырылды. Құны шамамен 5,9 млрд теңге болатын энергетика объектісін салу жұмыстары құрылыс салушының қаражаты есебінен басталды.
«Абай облысында, оның ішінде Семей қаласында жылумен жабдықтау мәселесі өте күрделі екені белгілі. Инженерлік желілердің тозуы мен жергілікті ЖЭО жағдайы бойынша өңір «қызыл аймаққа» жатады. Осы жылдың соңына дейін жылу көздерін сапалы жаңғырту жұмыстарын жүргізу – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Бұл мәселе – Үкіметтің ерекше бақылауында», деді О.Бектенов.
Жылу желілерін жаңғырту, апаттық жағдайлардың алдын алу, тозуды азайту және инфрақұрылымның эксплуатациялық сапасын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берілді. Энергетика, Қаржы министрлігіне ЖЭО-3 магистралдық желілері құрылысын қаржыландыру тетігін пысықтау тапсырылды.
Қайта өңдеу мен кәдеге жаратудың жөні
Премьер-министр «Эйкос» резеңке техникалық бұйымдар шығару және қайта өңдеу кәсіпорнында болып, онда қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамыту барысымен танысты. Компания өткізген өнім көлемі бойынша елімізде жетекші орынға ие. Сонымен қатар кәсіпорын елдегі үздік 50 ірі жеке салық төлеушілердің қатарына кіреді. Былтыр шамамен 1,5 млн шина сатылып, бюджетке 9,5 млрд теңгеден аса қаржы төленді.
Үкімет басшысына қолданыстағы кәсіпорын базасында дайын өнім шығаратын автокөліктерді қолдану кезінде пайда болатын қалдықтарды қайта өңдеу кешенін салу жоспары туралы баяндалды. Қайта өңдеу нәтижесінде қауіпсіз жабындар, термопластика, сым, т.б. алуға болады.
Термиялық өңдеу нәтижесінде дайын өнім басқа өндірістік үдерістер үшін шикізат бола алатын отын, техникалық көміртегі және жоғары легирленген болаттан тұрады. Механикалық жағдайда автошиналар, жүгіру жолдары мен ойын алаңдарына арналған жабындар жасауға жарамды 4 фракциядан тұратын үгінділер шығарылады. Жобаның жалпы құны – 2,5 млрд теңге. Іске асыру нәтижесінде 150 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
О.Бектенов атап өткендей, бүгінде Қазақстанда 10 компания қалдықтарды жинау және қайта өңдеудің өзіндік жүйесін пайдаланады. Олардың басым бөлігі – шиналарды импорттайтын және қайта өңдейтін кәсіпорындар. Үкімет басшысы бұл бастаманы қолдайтынын айтып, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі ұйымдармен бірлесіп, аталған мәселені жан-жақты қарастыруды тапсырды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында кәсіпорынның автошиналарды кәдеге жарату мен қайта өңдеудің толық цикліне өтуге деген ұмтылысы тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға оң әсерін тигізуі мүмкін. Мемлекет басшысы қалдықтар мәселесін шешу қажеттігін атап өтті. Мұндай бастамаларды қолдау маңызды. Мәдениетімізді арттыру қажет, қайта өңдеу көлемі тұтыну қарқынына сәйкес болуы керек. Біз орнықты даму мақсаттарына ұмтыламыз, ал экология – негізгі құрамдас бөліктердің бірі», деді О.Бектенов.
Бас жоспардың жаңа жобасы
Үкімет басшысы Семей қаласының тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау және абаттандыру жұмысын тексеріп, жаңа автомобиль көпірі құрылысының барысымен және аспалы көпірді реконструкциялау жоспарымен танысты. Аспалы көпірдің астында орналасқан облыс орталығының сол жағалауындағы жаңа қоғамдық кеңістікті аралап көрді. Бірегей жоба өмір сүруге қолайлы орта құру және «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасын орындау мақсатында жүзеге асырылған. Мұнда 12 мың шаршы метр аумақ абаттандырылған. Жанкүйерлерге арналған трибуналары бар баскетбол және футбол алаңдары бар.
Іс-шара мен концерттер өткізуге арналған амфитеатр мен сахна орнатылды. 250 көше шамы орнатылатын сәулеттік жарықтандыру қарастырылған. 1 500 шаршы метрден аса қабырғаға көркем кескіндеме салынған. 370 м тротуарды жайластырып, 5 мың шаршы метр жер асфальтталды.
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов абаттандыру бойынша алдағы жоспарды және қаланың жаңа Бас жоспарын әзірлеудің қазіргі жағдайы туралы баяндады. Жоба әзірленді және кешенді қала құрылысы сараптамасының қарауында. Бас жоспарда әлеуметтік, рекреациялық және өндірістік аймақтарды қоса алғанда, облыс орталығының аумағын дамытудың негізгі бағыттары назарға алынған. Биылғы қыркүйек айында құжатты «Ашық НҚА» порталына орналастыру жоспарда бар. Бұдан әрі жұртшылықтың талқылауынан өтіп, Үкіметтің бекітуіне ұсынылады.
О.Бектенов автомобиль көпірін реконструкциялау барысымен танысты, ондағы жұмыстар 2022 жылы басталды. Жаңа төрт жолақты құрылымның жалпы ұзындығы – 1,3 км, ені – 23 м. Ал 1964 жылы пайдалануға берілген ескі автомобиль көпірі тек жаяу жүргіншілер қозғалысы үшін пайдаланылады. Бүгінде тіректерді салу, бұрғытолтырмалы қадаларын орнату және бетондау жұмысы жүргізілді. Барлығы 9 тірек пен 8 аралық салынады. Сондай-ақ Семейдің визитті карточкасы – аспалы көпірді реконструкциялау жоспарланып жатыр.
Қаланы Ертіс өзені қақ жарып өтеді, ал екі жағалауды байланыстыратын көпірлер көлік қатынасының қарқынын арттыруға ықпал етеді. Осыған байланысты Үкімет басшысы реконструкциялау жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін бірқатар тапсырма берді.
Семей айналма жолын салудың маңызына ерекше назар аударылды. Бұл ретте ұзындығы 51,5 км ІІ техникалық санаттағы айналма жол Семей қаласының батыс жағынан қарастырылған. Екі жолақты қозғалыс, 6 көлік жол айрығын, 3 көпір мен 2 жол өтпесін салу жоспарланып жатыр. Облыс орталығы халықаралық автомобиль жолдары өтетін транзиттік қала болып саналады. Осыған байланысты Семей – Павлодар, Семей – Курчатов, Семей – Алматы және Семей – Өскемен автожолдарын жалғайтын көшелер мен транзиттік дәлізді жеңілдету қажет.
Абай облысының әкімдігіне Көлік, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп аталған жобаны іске асыру мәселелерін пысықтау тапсырылды.