Қоғам • 29 Шілде, 2024

Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы бойынша несиелеу үшін KASE-ден 170,5 млрд теңге тартты

171 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тартылған қаржыландырудың нәтижесінде Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) «Наурыз» бағдарламасы бойынша алғашқы 60 заем берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы бойынша несиелеу үшін KASE-ден 170,5 млрд теңге тартты

Қазір қоныс тойын атап өтуге Астана, Семей, Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Тараз және тағы басқа өңір тұрғындары дайындалып жатыр. Олардың барлығы жуырда ғана «Наурыз» бағдарламасы бойынша заем алды. Биылғы 24 шілдеде KASE-де банктің әлеуметтік облигацияларының екі шығарылымын орналастыру бойынша мамандандырылған сауда-саттық өтті, нәтижесінде несиелендіруге 170,5 млрд теңге қаражат тартылды.

Бір облигацияның номиналды құны – 1000 теңге. Бұл ретте тартылған қаражат мөлшерлемесі сауда-саттықты өткізу қорытындысы бойынша айқындалды және 14,25% құрады. Облигациялардың айналым мерзімі - 5 жыл. Купонды төлеу кезеңділігі – жылына 2 рет.

Банк облигацияларын сатып алудың артықшылығы – бұл купондық сыйақы үшін салықтың салынбауы, себебі Отбасы банк ҚР қаржы агенттіктерінің тізбесіне кіреді, сондай-ақ аталмыш облигациялардың KASE-нің «ресми» тізіміне енгізілуіне байланысты.

Бұдан басқа, облигациялар РЕПО эмитенттің мемлекеттік қатысу үлесі бар облигациялары қоржынына енгізілетін болады және олар бойынша маркет-мейкердің болуы болжанады.

Сауда-саттыққа инвесторлардың кең ауқымы – екінші деңгейлі банктер, сақтандыру компаниялары, брокерлік ұйымдар мен институционалдық инвесторлар қатысты.

«Отбасы банкінің облигациялары – әлеуметтік облигациялар мәртебесіне ие. Бұл қосымша опция олардың иелеріне ESG даму саясатын жүзеге асыру аясында айтарлықтай артықшылық береді. Сондай-ақ қор биржасында біздің облигацияларды сатып алған инвесторлар іс жүзінде «Наурыз» бағдарламасының қатысушылары болды. Олар ерекше мұқтаж азаматтардың санаттарына қолжетімді несие беру үшін қаражат түрінде қорландыру жасады деген сөз. Мен серіктестерімізге қосқан бұл үлестері үшін алғыс айтамын. Олардың қолдауларының арқасында биыл 12 500 Қазақстан азаматтары қоныс тойын атап өтеді», деді Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Фото

Гүлмира Нұрпейісова «Наурыз» бағдарламасы бойынша елімізде бірінші болып несие алып, өз пәтерінің кілтіне қол жеткізді. Ол Абай ауданы аудандық ауруханасында жұмыс істейді. Күйеуімен бірге 4 бала тәрбиелеп отыр. Көпбалалы отбасы осыған дейін ауылдағы ата-анасының үйінде тұрып келген. Бағдарлама қатысушы Семейде екі бөлмелі, әрленген пәтер сатып алды. Көп балалы ана ретінде ол заемды жылдық 7% мөлшерлемемен рәсімдеді (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9%-ға дейін).

«Біз сияқты үлкен отбасыға әрине жеке баспана қажет. 2016 жылы Отбасы банкінде депозит аштым және оған бірігіп қаражат жинай бастадық. Салымым тезірек өсуі үшін жалақы алған кезде ақшам бірден банктегі депозитіме аударылатындай етіп автотөлем қызметін орнатып қойдым. Нәтижесінде сол жинақталған қаражатым, сондай-ақ отбасымның үлкен құрамы маған «Наурыз» бағдарламасы қатысушыларының тізіміне енуге көмектесті», деп Гүлмира Нұрпейісова өз қуанышымен бөлісті.

«Наурыз» бағдарламасына қатысушылар тізіміне енген барлық 12 500 Қазақстан азаматтары қазіргі уақытта төлем қабілеттілігін тексеріп жатыр.