Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Кешіккен кешенді шара
Мопедтер мәселесіне төменде кеңірек тоқталамыз. Алдымен елдегі жалпы жол-көлік оқиғаларын шолып шықсақ. Жыл өткен сайын Үкімет деңгейінде, тиісті министрліктерде жолдағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында кешенді шаралар қабылданып-ақ жатыр. Алайда Ішкі істер министрлігінің талдауы көрсеткендей, олар жеткіліксіз болып отыр.
Мәселен, осы жылдың өзінде 10 мыңнан аса жол апаты тіркеліп, онда 981 адам қаза тауып, 12 мыңнан астам адам жарақат алған. ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтан жол апаты мен одан қаза тауып, жарақат алғандар санының күрт өсуінің себебін сұрадық.
– Ол алдымен жол-көлік оқиғаларын есепке алу өлшемдерінің өзгеруіне байланысты. Бас прокуратураның жаңа талаптарына сәйкес барлық жол апаты тіркеледі және жол апатынан кейін медициналық мекемелерге жүгінген адамдар да денсаулығына тиген зиянның бар-жоғына қарамастан есепке алынады. Бұған дейін есепке, денсаулығына зиян келгені медициналық расталған жол апаттары ғана тіркелетін.
Сонымен қатар талдау көрсеткендей, жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін бірнеше фактор бар.
Бірінші – жолдағы тәртіптің төмендігін айтуға болады. Полиция бұзушылықтарды анықтау барысына жарыс өткізбейді, біз тек жол қауіпсіздігіне әсер ететін бұзушылықтардың жолын кесеміз. Дегенмен заң бұзушылықтардың жыл сайын өсуі жүргізушілер тәртібінің жақсармағанын, тіпті кейбіреулері жол ережелерін жүйелі түрде өрескел бұзып жүргенін көрсетеді.
Мәселен, жыл басынан полиция 6 млн-ға жуық жол ережесін бұзушылықты анықтады, оның ішінде 238 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. 12 мыңнан астам жүргізуші мас күйінде ұсталды. Қарсы жолаққа шығудың 5 мың дерегі анықталды. Сотпен 14 мыңға жуық жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. 12 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды, – дейді комитет төрағасы.
Жүргізуші даярлау ісі сын көтермейді
Министрлік ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 178 (+21%) жол апаты орын алып, онда 26 (-26%) адам қаза тауып, 234 (+23%) адам жарақат алған екен.
Бұл ретте автомектептердің де беріп жатқан білімінің сапасыздығын айтпай кетуге болмас. Өйткені алғаш көлік рулін ұстаған жүргізушілердің де статистикасы сын көтермейді. Мұның ар жағында оның алған білімінің жеткіліксіздігі менмұндалайды. Себебі автомектептерге қойылатын талаптардың төмен болуы және олардың қызметіне мемлекеттік бақылаудың болмауына байланысты жүргізушілерді даярлаудың сапасы сыннан көз ашпай тұр.
– Жүргізушілерді шын мәнінде оқытатын және оларға жолда өзара сыйластық қағидаттарын үйрететін жекелеген автомектептер бар, бірақ олардың болуы және әлі де жұмыс істеуі тек басшылары мен ұжымның ынта-жігеріне байланысты. Мемлекет тарапынан автомектептерді өзін-өзі реттеуге көшіру үшін, заңнаманы кезең-кезеңімен әлсірету арқылы осы сала бақылаудан шығып қалғанын мойындаймыз. Бүгінде елде 747 оқу орталығы жүргізуші оқытып отыр, – деген ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев 2018 жылдан бастап автомектеп ашу үшін лицензиялар мен рұқсаттар қажет емес екенін де айтып өтті.
Тіпті 2020 жылы олардың қызметіне мемлекеттік бақылау тоқтатылған. Яғни сапасыз дайындық үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталған. Бұл өз кезегінде оқу үдерісінің көбінде қағаз жүзінде ғана «қанттай» екенін көрсетіп отыр. Ал көптеген мектептегі қажетті материалдық базаның жоқтығы да өз алдына бөлек әңгіме. Міне, осындай жүйесіздіктің соңы мопедтер мәселесіне жетіп, іс насырға шауып бара жатқаны жасырын емес.
Сондай-ақ комитет төрағасы ЖКО санының артуына әсер еткен екінші фактор ретінде жол инфрақұрылымының жағдайын атады. Өйткені онсыз жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Ал тағы бір фактор ретінде алға озып отырған ерекше мәселе – қала маңындағы жолдарды айтуға болады. Еліміздегі барлық транзиттік лек осы жолдар арқылы өтеді екен. Олардың үлесіне жол апатының ауыр түрлері және адам шығынының 50%-ы тиесілі.
Сондай-ақ заңсыз жолаушы тасымалдаушылар мен темір тұлпар санының үздіксіз өсуі де жағдайды барған сайын қиындатып отыр. Министрліктің мәліметінше, өткен жылдың өзінде көлік саны 500 мыңға артып, қазір олардың саны ел көлемінде 5 млн 350 мыңнан асып отыр екен.
Жастарды желіктірген «жүйріктер»
Расында көлік құралдары санының күрт өсуінің жол қауіпсіздігіне қатысты кейбір шешімдерді қайта қарап, қабылданған шараларды қатайтуды талап етіп отырған шақта «жығылғанға жұдырық» болып мопедтер мәселесі қосылды. Тіпті кейінгі жылдары электрсамокаттар мен мопедтер мәселесі айтарлықтай күшейе түсті және олардың жол жағдайына тигізетін кері әсері де артып келеді.
Олардың саны ортақ жолдарда айтарлықтай білініп, өсу тенденциясы байқалады. Күнделікті жол бойында көріп жүргеніміздей мопед иелерінің жол ережелерін сақтамауы, көбіне оларды білмеуіне байланысты, ал оның соңы апаттарға әкеліп соғып жатыр. Арасында адам шығыны да бар. Баласының көрсеқызарлығына көніп, көңілін жыққысы келмеген талай ата-ананың ажалы мопедтен келген баласын жоқтап, «боталап» қалғанын көргенде қоса егілгің келеді.
Ішкі істер министрлігінің соңғы ақпаратына сүйенсек, осы жылдың жарты жылында-ақ электрсамокаттың қатысуымен 78 жол апаты тіркелген, 2 адам қаза тауып, 76 адам жарақат алған. Электрсамокат жүргізушілерінің 12 мыңнан астам жол ережелерін бұзушылығы анықталған. Былтырғы алты айлықта 9 365 ереже бұзу фактісі тіркелген екен.
Ал биылғы 6 айлықта мопедтердің қатысуымен болған жол апаттарының көрсеткіші жағаңды ұстатады. 542 жол апаты тіркеліп, салдарынан 27 адам қаза тапқан, 577 адам жарақат алыпты. Осы 577-нің ішінде мүгедек болып қалғандары да жоқ емес. Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің қатысуымен 31 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталыпты. Ал былтыр 25 030 оқиға орын алған. Бұл салыстырмалы цифрлар тек қана мемлекеттік жүйені, құқық қорғау органдарын ғана емес, тұтас қоғамды алаңдатуға тиіс. Ішкі істер министрлігінен бұл келеңсіздікке қарсы қолға алынып жатқан шаралар жөнінде сұрадық.
– Өткен жылғы 30 тамызда Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп әзірленген заң жобасы қабылданды, онда «электрсамокат» ұғымы, жүріп-тұру қағидалары, сондай-ақ олардың жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері бекітілген.
Бұл шаралар олардың жүрісін реттеуге мүмкіндік берді, ал полицияда оларға әсер етудің нақты тетіктері пайда болды.
Сонымен қатар бұл мәселені тек полицияның әдістерімен шешу мүмкін емес. Бізде самокаттар үшін қауіпсіз жол инфрақұрылымы жоқ немесе ол енді ғана құрыла бастағанын атап өткім келеді. Біздің деректеріміз бойынша елімізде веложолақтар мен веложолдардың ұзындығы 586 км немесе Қазақстандағы жолдардың 0,26%-ын ғана құрайды. Бұл ретте веложолдардың басым көпшілігі Астана, Алматы және Ақмола облысының Бурабай кентінде ғана.
Бүкіл ел бойынша веложолдардың жылдық өсімі небәрі 123 шақырымды құрап отыр. Сондықтан заңды күшейтумен қатар әкімдіктердің де инфрақұрылымды дамыту бойынша шаралар қолға алғаны қажет, – дейді комитет төрағасы Қайсар Әбілекұлы.
Бұл саладағы тағы бір өзекті мәселені айтпай кетуге болмас. Бүгінде жұрттың ығырын шығарып жіберген мопедтер, мокиктер және скутерлердің есебі жүргізілмейді екен, ал бұзушылықтар үшін жүктелер жауапкершілік мардымсыз. ӘҚБтК-нің 620-бабы бойынша, айыппұл
3 АЕК, яғни 11 мың теңге ғана.
Ендігі кезекті Мәжіліс депутаттарының бастамасымен оларды міндетті мемлекеттік тіркеуге алып, А1 санатындағы жүргізуші куәлігін беруді енгізу ұсынылып отыр. Бүгінде мокиктер мен скутерлер жүрісін заңнамалық реттеу және оларды тіркеу жөніндегі ұсыныстар Парламент Сенатында қаралып жатыр.
Еске сала кетсек, Мәжілістің мамыр айындағы кезекті жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша енгізілген заңнамалық түзетулер екінші оқылымда қабылданған-ды. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляеваның баяндамасына зер салсақ, мопедтерді тіркеудің жаңа талаптары заңға қол қойылған соң 6 айдан кейін күшіне енеді. Бұл уақыт мопедтерді «заңдастыру» үшін беріліп отыр.
Сонымен қатар мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушыларымен теңестірілу үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілмек. Мопедтерді басқару үшін азаматтар уәкілетті органда міндетті тіркеуден және жыл сайынғы техникалық байқаудан өтеді. Оған қоса азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет.
Бұл ретте мопед жүргізушілері де автокөлік жүргізушілері сияқты жауапкершілікке тартылады. Бұрын жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін олар басқа жол қозғалысына қатысушылар сияқты ӘҚБтК-нің 615-бабына сәйкес 2 АЕК мөлшерінде айыппұлмен жазаланатын. Енді ереже қабылданғаннан кейін автокөлік жүргізушілері секілді мопед жүргізушілеріне де барлық жауапкершілік жүктелмек.
Мопедке мініп алып, қала көшелерінде делебесі қозып, желігіп жүрген кей жастардың кесірі мопедті тақымдап, кәсіппен айналысып жүрген жандарға да тиіп жатыр. Бұл бір қоғам болып күрмеуін шешетін күрделі мәселеге айналып барады. Мәжіліс қабылдап, Сенаттың мақұлдауына ұсынылған заң жобасында біраз өзгерістер қамтылған. Бұл заң да біраз келеңсіздікті реттеуге тиіс.