19 Маусым, 2010

“ҚАҢБАҚ ШАЛ”

823 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Дүниежүзілік қуыршақ өнері фестивалінен бас жүлдемен оралды Чехияда өткен Дүниежүзілік қуыр­шақ өнері фестивалінде Ал­маты қалалық мәдениет басқар­масына қарасты қуыршақ театры “Қаңбақ шал” қойылымы бас жүлдені жеңіп алды. Аталмыш фестиваль 14 жылдан бері әлемнің әр шалғайындағы театр ұжымдарының басын қосып келе жатыр десек, оның мақсаты – дүниенің төрт бұрышындағы қуыршақ шеберлері арасында шы­ғармашылық байланыс орнатып, сондай-ақ симпозиумдар, конфе­ренциялар және де басқа қуыршақ жанрының дамуына ықпал ететін шаралар өткізу. Биылғы фестивальге қатысуға 273 өтініш келіп түскен, бірақ ірік­теу комиссиясы 44 елдің шы­ғар­машылық топтары арасынан лай­ықтыларды ғана таңдап алған. Осылайша 28 мемлекеттен келген 38 театр ұжымы фестивальге қа­тысу құқығына ие болады. Ал “Қаңбақ шал” қойылы­мы­на келсек, ол “Үздік театр декора­ция­сы және қуыршақ дизайны” және “Үздік режиссер” номи­нациялары бойынша бақ сынаған еді. Мэри Бойд (Жапония), Меда Сида Ах­мед (Алжир), Кджелл Хелджелэнд (Норвегия) және қазылар алқасы­ның төрағасы Роберт Уолтл (Сло­вения) сияқты қуыршақ жанры­ның шеберлері “Қаңбақ шал” қой­ылымын “Үздік театр декорациясы және қуыршақ дизайны” номина­ция­сы бойынша бас жүлдеге лай­ық деп тапқан. Қазақ қуыршақ театрына же­ңімпаз дипломын табыстай оты­рып, қуыршақ жанрының саңлақ­тары біздің актерлеріміздің ше­берлігін, қойылымның сценалық көп көріністілігін және қазақ музыкасының өзіндік нақышта­рын ерекше атап өтті. “Өзге елден келген қонақтар біз­дің қуыршақтарымызды ұстап көріп, ризашылықтарын білдірді. Нағыз қуыршақ қойылымы бол­ғанын бір ауыздан атады. Актер­лар­дың кәсіби машықтары, дауыс­тары ұнады. Әрі ертегінің сарыны ешбір елді қайталаған жоқ, дейді театр директоры Мәдениет Юсупов. Бір айта кететін жәйт, Алматы қу­ыршақ театры келер жылы Пра­гада өтетін мерейтойлық фести­вальге шақырту алып отыр десек, келер жылғы фестивальда биыл жеңім­паздар қатарынан көрінген театрлар ғана өзара бақ сынайтын көрінеді. Ал бүгінгі күндері Алматы қа­ла­сы мәдениет басқармасының мем­лекеттік қуыршақ театры өзі­нің күзде болатын 75 жылдық ме­рейтойына дайындалып жатқан жайы бар. Суретте: қазақ қуыршақта­рымен суретке түскісі келгендер көптеп табылды. “Егемен-ақпарат”. АЛМАТЫ. _________________________ ҚЫЗЫЛАҒАШТЫҚ БАЛҒЫНДАР “Көктал-Арасан” шипажайында жазғы демалыстарын қызықты өткізуде Шәкірттер кезекті жазғы ка­никулға шықса, олардың бос уа­қыттарын қызықты өткізу мәсе­лесіне де айрықша назар аударыл­ған. Осылайша балалар туған табиғаттың әсемдігімен танысып, оның  аясында тыныстаса, енді бірі мектеп жанында ұйымдас­тырылған демалыс лагерьлерінде уақыттарын қызықты өткізуде. Көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердегі балалар­дың демалысын ұтымды ұйым­дас­тыру мақсатында Егінсу, Ақ­тоған, Қызылағаш ауылдарындағы 60-тан астам оқушы Жаркенттегі Долан­қара тау шатқалындағы бүлдір­шін­дерге арналған “Көк­тал-Арасан” шипажайында  де­ма­лып, күш жи­нап, денсаулық­тарын түзеуде. Қызылағаштық балғындар бос уа­қыттарында мұнда табиғаттың та­ма­ша көріністерімен танысып, жа­ңа дос тапқанын айтуға болады. Олар Кербұлақ, Панфилов, Рай­ым­бек, Ұйғыр аудандары мен Ал­маты қаласынан келген құрбы-құрдас­та­рымен есте қаларлықтай сәттерді бас­тап, қызықты кеш, өзара бә­се­ке­лестікпен жарыстарды жалғастыруда. Алыстан келген балаларды аудан әкімінен бастап, үлкен-кіші игі ниетпен қарсы алғанын айтуға болады. Сонымен қатар, Қазақ­стан Республикасы кәсіподақтар феде­рациясы мен Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы жеткін­шектердің жазғы демалы­сын тиім­ді өткізу мақсатында 4,5 млн. тең­­геден астам қаржы бөліп, жақсы істің бастамашысы болға­нын ризашылықпен атап айтқан жөн. Қай кезде де бар жақсылық – ба­лаларға деген ғой. Мұнда бүл­дір­шіндердің  жақсы тамақта­нуы­на, саламатты өмір салтын қалып­тастырып, спортпен шұғылдануы­на барлық жағдай жасалғаны осының дәлелі. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. ______________ КӘСІБИ БІЛІМ ЖӘНЕ УАҚЫТ ТАЛАБЫ Техникалық білім берудегі педагогтардың кәсібиліктері, ин­женер-педагог кадрларды даяр­лау құрылымы, қазіргі заман тех­­нологиясын енгізу және жеке техникалық пәндерді оқыту ерек­­шеліктері және осы салаға қа­тысты басқа да маңызды м­ә­селелер “Техникалық және кә­сіптік білім беретін оқу орын­да­ры үшін инженер-педагог кадр­­ларды даярлау” атты халық­ара­лық конференцияда талқыланды. Қазақстандағы Германия жы­лы аясында өткізіліп жатқан аталмыш конференцияға Қазақ­стан, Германия, Тәжікстан, Өз­бекстан, Қырғызстан сарапшы­лары, жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының бас­шы­лары, Астана және Алма­ты қа­лалары, облыстық білім беру бас­қармаларының өкілдері қатысты. Конференцияда сөз сөйлеген Білім және ғылым вице-минис­трі Серік Ырсалиев бүгінгі тал­­қыланып отырған тақырыптың заман талабына сай өзекті мә­селе екендігін атап өте келе, Қа­зақстан Республикасының үде­мелі индустриялық-иннова­ция­лық дамуына арналған мем­лекеттік бағдарламасын техника­лық және кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы инженер-педагог мамандарын даярламай іске асыру мүмкін емес екендігін тілге тиек етті. Бір айта кететін нәрсе, қа­зіргі таңда Қазақстанда отандық техникалық кәсіптік білім құ­рылымын дамытуға бағытталған 10-нан астам халықаралық жо­балар іске асырылуда. Солардың бірі техникалық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамының “Оқытушыларды оқытудың (кә­сіптік педагогика/дидактика) Орталық Азия елдеріндегі өңір­лік желісі” атты жобасы болып табылады. Сондықтан жоғарыда аталған жоба жетекшісі Томас Люкстің жасаған баяндамасы жи­налған қауымның қызығушы­лығын оятты. Оның айтуынша, техникалық білім беруді жетіл­діруде сондай-ақ, ауылшаруашы­лық ғылымын да қатар игеруді оқыту жоспарына енгізудің берері көп. Жалпы, бұл жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Жар­лығымен бекітілген Қазақ­стан Республикасында техника­лық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла­масымен тығыз байланыста еке­нін атап өту керек. Осы жобаны іске асыру экономиканың көп­теген салаларындағы мамандар­ды даярлау сапасын арттыруға септігін тигізетінін де айтып кет­кеніміз жөн болар. “Бұл үшін Дрез­ден қаласының техникалық университетімен бірігіп қазіргі заманғы білім беру модульдерін әзір­леп, оқытуға енгізу жос­пар­ланып отыр” – деді Томас Люкс. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. __________________________ КОНСЕРВАТОРИЯДАҒЫ ЖҰЛДЫЗДАР ШЕРУІ Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен орган залында 2009-2010 оқу жылын қорытындылау мақсатында кілең өнерлі, талантты жастардан жасақталған биылғы түлектер мен халықаралық байқау жүлдегерлерінің концерті зор табыспен өтті. Еліміздегі музыкалық білім беру саласындағы жетекші оқу орны болып табылатын 65 жыл­дық тарихы бар қазақ музыка өнерінің қара шаңырағы – Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы бүгінде өзде­рінің кәсіби дайындығының бә­секеге қабілетті екенін тек Қа­зақ­станда ғана емес, шетелдерде де дәлелдеп жүрген киелі білім ордасы. Соңғы жылдары консер­ватория студенттері мен түлек­тері халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алып жатуы, шығарма­шылық ұжымның алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапар­лары, халықаралық байланыс­тың қарқын алуы соның айғағы болса керек. Мәселен, басқа қол жеткізген жетістіктерін айтпа­ғанда, биылғы оқу жылында кон­серватория хорының Вене­ция­дағы байқауда 2 алтын жүл­дені иемденсе, студенттік сим­фониялық оркестрі АҚШ-тың ең ірі “ІMG Artіsts” концерттік агенттігінің шақыруымен Аме­ри­­каның бес қаласын концерттік бағдарламамен бір ай бойы аралап қайтуының өзі еліміз үшін үлкен абырой. Сондай-ақ, аталмыш оқу орны бірқатар ха­лықаралық өнер байқаулары­ның, халықаралық камералық “Асыл мұра”, басқа да ірі жо­балардың ұйымдастырушысы, ұйтқысы болғанын да атап өткеніміз жөн болар. Кеште осыдан он үш жыл бұ­рын еліміздің экономикалық өрлеу жылдарында консерва­то­рияға ректор болып келген Қа­зақстанның халық әртісі, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Жәния Әубәкірова студенттерді оқу жылын бітіру салтанатымен құттықтай келіп, ал түлектерге төрт жыл алған білімдерін әрі қарай үзбей жал­ғастырып, шығарма­шылық­та­рына таңғажайып табыстар мен таңғаларлық нәтижелер тіледі. – Алғаш оқу орнына басшы­лық қызметке келген кезімде біздің студенттердің халық­ара­лық байқауларға қатысуы қол­жетпес армандай көрінетін. Он үш жыл бұрын маған біреу кон­серватория шәкірттері осындай жетістіктерге қол жеткізеді деп айтса, сенбеген болар едім, – деді бізге студенттерінің жетіс­тіктеріне риза болған Жәния ханым. Кеш барысында “Үздік ұж­ым”, “Жаңа есім”, “Жыл та­лан­ты”, “Жыл студенті”, “Жыл түлегі”, “Жылдың жаңалығы”, “Үздік группа”, “Үздік куратор”, “Жыл белсендісі”және тағы басқа номинациялар бойынша студенттер­дің еңбегі аталып өтіп, мақтау қағаздарын алды. Сондай-ақ, кештің қадірлі қонақтары да бітіруші түлек­тер­ді құттықтап, өз лебіздерін біл­дірді. “Нұр Отан” ХДП Алматы қала­лық бөлімшесі төрағасы­ның бі­рінші орынбасары Аман­гелді Ка­римуллин, консерва­тория түлегі, Қазақстанның ха­лық әр­тісі Досхан Жолжақ­сы­нов қазақ­тың бүгінгі өнерін әлем­ге та­нытып жүрген Жәния Әубәкіро­ваның еңбегін атап өте келе, білім ұя­сынан ұшып шық­­қалы отырған қарлығаш­тарға сәттілік тіледі. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.