Инвестиция • 31 Шілде, 2024

Қостанайдағы инвест-жобалардың әлеуеті

54 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қостанайдағы индустриялық аймақ­та негізінен шетелдік инвесторлар шоғырланған. Олар бүгінде жалпы құны 420 млрд теңгеге жетеғабыл 14 жобаны іске асырып жатыр. Ірі жобаларды қолға алған инвесторлар үшін облыс әкімдігі мейлінше қолайлы жағдай жасап қойғанын айта ке­ту керек. Мысалы, индустриялық аймақ­қа зауыт салып жатқан компаниялар инфрақұрылым мәселесі­не алаңдамайды. Өндіріс алаңдары толық­тай газ, су, электр қуаты, кәріз құ­бырымен, автокөлік жолымен, темір­жолмен қамтамасыз етілген.

Қостанайдағы инвест-жобалардың әлеуеті

Жаңа жобалар бастау алды

Қостанайда өткен халықаралық форумда өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Екі күнге созылған ауқымды  іс-шараға отандық және шетелдік бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компания басшылары, 500-ге тарта кәсіпкер қатысты. Алқалы жиында металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобалар таныстырылды.

Жиынға қатысушылар алдымен ин­дустрия­лық аймақты аралап, бірнеше зауыттың өн­дірісімен танысты, жаңа салынып жатқан кәсіпорындарды көрді. Өңірде 1 400 шетелдік кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның ішінде корей жеңіл көліктерін шығаратын «Kia» зауыты, «KamLitKZ», қосалқы автобөлшектер шығаратын «Tehnopark KZ» тәрізді ірі кәсіпорындар да бар. Сондай ақ «Полиметалл Евразия» ЖШС өнеркәсіптік холдингі жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды, атап айтқанда, күн сәулесінен алынатын және газды поршенді электр стансаларын салады.

«KamLitKZ» зауытында өткен фо­румның алқа жиынын ашып берген облыс әкімі Құмар Ақсақалов аталған іс-шара аясында өңір дамуы үшін аса маңызды мәселелер қаралатынын, ең бас­ты мәселе экономиканы әртарап­тандыру екенін айтты.

«Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту үшін біз өндірістік, көліктік және сервистік инфрақұрылымды жетіл­діруді жалғастырамыз. Бүгінгі форум Қостанай облысының қазіргі заманғы инвестициялық имиджін қалыптастыруға септігін тигізуге тиіс. Облыстың бұдан әрі қарайғы дамуы бизнес пен мемлекеттің тиімді әріптестігі аясында өрбитіні анық. Біз тек жаңа инвестиция тарту, жұмыс істеп жатқан өндіріс орындарын қайта жаңғырту және еңбек өнімділігін арттыру арқылы ғана экономикалық өсімге қол жеткізе аламыз», деді әкім.

Аймақ басшысының айтуынша, өңірге соңғы екі жылдың ішінде 1 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылған.

«Облыста экономиканың жаңа бағыттарын дамытуға тиек болатын пайдалы қазба, су, жер, орман қоры жеткілікті. Қостанай облысындағы 200-ге тарта қазба орнында бірегей минералдық шикізат қоры жатыр. Оның 25-і – қатты пайдалы қазбалар. Шикізат қорының әлеуетімен инсвестициялық портал арқылы кеңінен таныса аласыздар. Өңірде никель-кобальт кені, боксит, темір, алтын, көмір, титан, цирконий сынды бос кен орындары бар. Алдағы мақсат – осы кен орындарын игеру. Мемлекет басшысы бізге экономиканы әртараптандыру және өңдеу саласын барынша дамытуды міндеттеп отыр», деді Құмар Іргебайұлы.

Әкім өткен жылғы форумда өңірде қара металлургия саласын дамыту маңызды екенін айтқан болатын. Содан бергі бір жыл ішінде облыс аумағында шикізат өңдеуге бағытталған 3 бірдей ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

«Бұл жөнінде осы жиынға қатысып отырған әріптестеріміз айтып береді. Біз бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз және бұл бағыттағы игі бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуге кепілдік береміз. Инвестициялық форум – біз үшін отандық және шетелдік әріптестермен іскерлік байланыс орнататын маңызды іс-шара. Мысалы, осы форумның нәтижесінде өткен жылы «КІА» корпорациясымен зауыт салу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Зауыт 2025 жылы іске қосылады. Бүгінгі таңда машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Өнім номенклатурасының спектрі компоненттер мен қосалқы бөлшектерден бастап жоғары технологиялық автомобильдер өндірісін құрастыруға дейін кеңейді. Мәселен, Қостанай индустрия аймағында жылына 60 мың автобөлшек жиынтығын шығаратын Локализациялық орталықтың құрылысы басталды. Бұл жобаны 2025 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз», деді аймақ басшысы.

Жиын барысында облыс аумағында бір жыл ішінде экономиканы дамыту және өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстардың жайы айтылды. Мысалы, экономиканың дамуы­на айтарлықтай әсер ететін электр энергиясының жетіс­пеушілігі мәселесін шешу үшін өткен жылдың желтоқсан айында Арқалық қаласында қуаты 48 МВт жел электр стансасы салынды. Жаңа станса облыста өнді­рілетін электр энергиясын 391 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта тағы 3 электр стансасын салу жоспарда бар. Осының нәтижесінде өңірде өндірілетін электр энергиясының үлесі 391 МВт-тан 503 МВт-қа дейін артпақ.

Жиында айтылған тағы бір маңызды дүние – жол мәселесі. Өңірде өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дами түсуі көліктік логистиканы жаңғыртуды қажет етеді. Осыған орай биыл Арқалық қаласынан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі 87 шақырым автожол жөндеуден өтіп жатыр. Бұл Түркістан облысынан Қостанай облысына, сондай-ақ Өзбекстаннан Ресейге баратын төте жолды 400 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Бидай өңдеу зауыты салынады

Қостанай облысы өсіретін дәнді, майлы дақылдардың сапасына ешкім дау айта алмас. Бүгінде өңір экономикасының ең маңызды саласының бірі – агроөнеркәсіп кешені. Облыс азық-түлік өнеркәсібі үшін аса тиімді шикізат орталығы болып отыр. Форум барысында өңірде ауыл шаруашылығын дамыту бағытында іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жөнінде сөз болды.

Мәселен, биыл облыс шаруа­­шы­лық­­тары «Кең дала 2» бағдарла­масы бойын­ша 5 пайыздық жеңілдетілген несие алып жатыр. Ал облыс орталығынан шал­ғай жатқан оңтүстік аудандарда 1 пайыз­дық жылдық мөлшерлемемен несие беретін «Бизнес-көмек» өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Сондай ақ «Тобыл» ӘКК» АҚ жаңадан сүт-тауар фермаларын, ет ба­ғытындағы құс фабрикаларын, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу кә­сіпорындарын ашып жатқан кәсіпкер­лерге 2,5 пайыздық несие беріп жатыр.

Өңірде өткен жылы шетелдік компа­ния­лардың қатысуымен 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Соның бірі – Түркияның «Arbel» халықаралық холдин­гінің қаржысына салынған, құны 50 млн доллар болатын бұршақ дақылдарын өңдейтін фабрика. Кәсіпорын бұршақ, ноқат, қызыл және жасыл жасымық тәрізді бұршақ дақылдарын өңдейді. Тәулігіне 520 тоннаға дейін өнім өндіре алатын кәсіпорында қазір 70 адам жұмыс істеп жатыр. Өнімінің көбін шетелге экспорттап жатқан өндіріс орны алдағы 3 жыл ішінде тауар айналымын 170 млн дол­ларға жеткізуді жоспарлап отыр.

Форум мінберіне шыққан «АС Agro» ЖШС басшысы Махмут Серкан Йылдыз алдағы уақытта Қостанайдың «Аэропорт» шағын ауданында дәл осындай тағы бір зауыт ашылатынын айтты.

«Біздің компания әлемнің 83 еліне өнім жібереді. 2023 жылы Қостанайда бұршақ дақылын өңдейтін зауыт аштық. Енді дәнді-бұршақты дақылдың бәрін тереңдетіп өңдейтін тағы бір инвестициялық жобаны ұсынып отырмыз. Жаңа жобаның құны 24 млрд теңге болады. Кәсіпорын іске қосылған соң жылына 100 мың тонна дайын өнім шығарады. Жобаның алғашқы кезеңінде жалпы ауданы 4 мың шаршы метр болатын 4 қойма, бидай сақтайтын 2 қойма, әкімшілік ғимарат, силос қоймасы салынады. Ал екінші кезеңде 10 қойма, 5 элеватор саламыз. Дақыл өңдеу зауытының құрылысы да осы кезеңде басталады», деді кәсіпкер.

Жобаның үшінші кезеңінде зауыт күніне 400 тонна дайын өнім шығаруға көшпек. Шикізатты Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы шаруашылықтардан сатып алуды жос­парлап отырған көрінеді.

Жиында құрылыс саласы да сөз болды. Өңірде соңғы 2 жыл ішінде шамамен 1 млн шаршы метр болатын баспана пай­далануға берілген. Алдағы 3 жыл­дың ішінде 50 мың адамды пәтермен қамта­масыз ету жоспарда бар.

Форум аясында Тобыл қаласында «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандарының іргетасын қалау рәсімі өтті.

 

Қостанай облысы

Соңғы жаңалықтар