Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Отырыста алдымен Ішкі істер министрі Ержан Сәденов елдегі жол қауіпсіздігінің төңірегінде қалыптасқан жалпы ахуалды баяндап шықты.
Үкімет басшысы елімізде жол апаттарының саны азаймай отырғанын айта келе, еліміздегі өлім-жітімге мысал келтіріп, осы жылдың 6 айында-ақ мыңға жуық адам қара жолдың үстінде қаза тапқанына қынжылды.
Премьер-министр көлік жүргізу мәдениетінің, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің ереже сақтау тәртібінің деңгейі төмен екеніне назар аудара отырып, мопедтер мәселесін де көтерді.
Министрдің баяндамасынан кейін сөз алған Олжас Абайұлы еліміздің бас полицейі Ержан Сәденовтен мопедтерді «тұсаулауға» қатысты қолға алынып жатқан іс-шаралар жайын сұрады.
– Жаңа ғана «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан «Мопедтердің мәселесі уайымға айналды» деген мақаланы оқып шықтым. Сол мақалада көрсетілгендей, биылдың өзінде мопедтердің қатысуымен болған апаттарда 27 адам қаза тапқан. Бұл масқара деректер ғой! Осы мәселені қалай шешіп жатырмыз? деді О.Бектенов министрге қарата.
Е.Сәденов мұндай проблеманың бар екенін мойындап, күшейтілген жұмыстың арқасында мопед жүргізушілері мыңдап тәртіптік жазаға тартылып жатқанын жеткізді.
– Көбіне мопедтермен жасөспірімдер, курьерлер жүреді. Заңнама аясында тиісті шаралар қабылдап жатырмыз. Барлық мопедтер тіркеуге алынбақ. Оларға мемлекеттік номер беріледі. Содан кейін ол мопедтерді жүргізу үшін куәлік алу керек болады. Қазір заң жобасы Сенатта жатыр. Бірақ біз заңның күшіне енгенін күтіп отырмай жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгінде 39 мың жүргізуші анықталып, тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде 202 адам – кәмелетке жасы толмағандар. Олардың ата-аналары жауапқа тартылды. Ал айып тұрақтарына 5 мыңнан астам мопед қойылды. Бұл жұмыстарды әлі де жалғастырамыз, – деді Ержан Сәденов.
Үкімет басшысы отырыста мұндай тәртіп бұзатындарға қатаң шаралар қолданылуы қажеттігін міндеттеді.
Қысқасы, күн тәртібіндегі осы мәселеге қатысты көп жайтқа назар аударған О.Бектенов Ішкі істер, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері мен әкімдіктерге жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтау бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін тапсырды.