Аймақтар • 01 Тамыз, 2024

Қарақұрт неге қаптады?

163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірдегі Индер, Исатай, Құрманғазы ауданында қарақұрт қаптады. Улы жәндіктің зардабы тұрғындарға да, төрт түлікке де тиді. Әсіресе Индер ауданындағы Өрлік, Көктоғай, Есбол және Елтай ауылында жиі байқалған.

Қарақұрт неге қаптады?

фото: istockphoto.com

Ресейдің Астрахан өңірімен шекарадағы Атырау облысы­ның Құрманғазы ауданының тұр­ғы­ны қарақұрт шаққанын білмей қалған. Оны аман алып қалу үшін Балқұдық ауылындағы дә­рі­герлер Астрахан облы­сының дәрігерлерін шақыртуға мәжбүр болды.

«Балқұдық ауылындағы ауру­хана дәрігерлері Харабалы аудандық ауруханасына хабарласты. Ондағы емдеу мекемесі­не 1970 жылы туған жергілікті тұрғын жәндіктің шағуынан кейін токсикалық уланумен түс­кен. Жергілікті тұрғынды қара­құрт шаққаны жөнінде бол­жам жасалған. Ер адамға шұ­ғыл мамандандырылған меди­ци­налық көмек қажет болды. Мұндай көмек көрсете алатын Балқұдық ауылына ең жақын орналасқан медициналық мекеме – Харабалы аудандық ауру­ханасы. Балқұдық ауылына реа­нимация бригадасы аттанды. Зардап шеккен тұрғын аудандық аурухананың жансақтау бөлімі­не жедел жеткізілді», деп хабарлады Астрахан облысының ден­саулық сақтау министрлігі.

Харабалы аудандық ауруха­насының дәрігерлері науқасқа қажетті емнің бәрін жүргізді. Екі күннен кейін атыраулық науқас жансақтау бөлімінен па­латаға ауыстырылған. Қазір оның өміріне төніп тұрған қауіп жоқ.

Атырау облыстық денсау­лық сақтау басқармасының баспа­сөз қызметінен мәлім еткендей, облыстық ауруханаға түскен 13 адамды қарақұрт шаққаны анықталған. Науқастардың төр­теуі аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылып, толықтай ем-дом шарасын алып шыққан. Ал 9 адамға қарақұртқа қарсы екпе салынып, амбулатор­лық ем алуға жіберілді. Облыс­тық ­балалар ауруханасына 3 бала түсті. Оның ішінде 2 бала жан­сақ­тау бөліміне жат­қы­зылып, дәрігерлердің бақы­лауына алынып отыр. Бір балаға қарақұртқа қарсы екпе салынған.

«Аудан орталықтарында қа­ра­құрт шаққан үш жағдай анық­талды. Оның біреуі – Индер, екіншісі – Исатай, ал үшін­ші дерек Қызылқоға ауданын­да тіркелді. Дәрігерлерге жү­гінген пациенттерге алғашқы амбулаторлық көмек көрсе­тіл­ді», деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметінен.

Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы және жер қатынастары басқармасының ресми өкілі Ақ­тілек Нұроллаеваның ай­туынша, биыл қарақұрт көбе­йіп отыр. Әсіресе тұрғындар­дың иелігіндегі Ойсылқара тұқы­мына «жаудай» тиді.

«Облыс аумағында маусым-шілде айларында 485 түйені қарақұрт шақты. Соның салдарынан 90 түйе шығын болды. Симптоматикалық емдеу ша­раларының нәтижесінде 306 жануар сауықты. Ал 89 түйеге әлі де емдеу жүргізіліп жатыр. Қарақұрт шаққаннан өл­ген­ малдың иелеріне 65 млн 211 мың теңге төленді», деді А.Нұроллаева. Оның мәліметі­не сүйенсек, улы жәндіктердің ­ша­ғуының алдын алу, емдеу және өлген жануарларға өтемақы тө­леу бюджет қаржысы есебінен қарастырылмаған. Алайда соған қарамастан жергілікті ветеринарлар улы жәндік шаққан малды емдеу шараларын күнделікті жүргізіп жатыр.

«Улы жәндіктерді жоюды бюджет қаржысы есебінен ат­қарылатын іс-шаралар тізбесіне қосу жөнінде шаралар қабыл­дау үшін Ауыл шаруашылы­ғы ми­нистрлігіне хат жолданды. Мал иелеріне улы жәндіктер көп тараған жайылымда түйе, жылқы және сиырды жаюдан бас тартуды, ауру белгілері білін­ген жануарлар туралы жедел түр­де ветеринарларға хабарлау, сондай-ақ емдеу шаралары жүргізіліп жатқан жануарларды күтіп-бағу ережелерін қатаң сақтау ескертілді», деді А.Нұроллаева.

 

Атырау облысы