Қырғидың денесі үлкен, өзі жүндес, ақ-көк түстес келеді. Бауыры ақ шұбар. Жіліншігі ұзын, қанаты құладынның қанаты сияқты.
Жуықта «АСБК» баспасынан жарық көрген «Қазақстан құстары» атты ғылыми анықтамалықта «бұл құстың денесінің жалпы ұзындығы – 28-41 см, қанат құлашы – 64-80 см, салмағы – 100-340 грамм», деп жазылыпты.
Қырғидың Қара тарлан деген түрі болады. Оның денесі орташа, бітімі әдемі. Сыртқы жүндері қоңыр-көк, бауырының шұбары қара тарлан келеді. Көзі қызыл шегір. Қырғидың қыраны – осы Қара тарлан.
Қырғидың енді бір түрі қызыл шұбар деп аталады. Бұл – ең кішкенесі. Сыртқы жүндерінде ақ танадай теңбілі бар. Бауыр жүні көк шұбар. Сан жүндері қызыл шұбар болады. Қырғидың осы қызылынан қыран шығады. Дене тұрғысынан: ірі, орташа, кішкене деп үшке бөлінеді.
Отандық орнитологтердің мәліметіне жүгінсек, қырғи наурыз және мамыр айларында ұя басады. Жұмыртқасын 35 күндей шайқайды. Балапан шыққан соң оны қоректендіру 50 күнге созылады. Күздің соңғы айларында жылы жаққа ұшып кетеді.