Отбасы • 02 Тамыз, 2024

Шуақты шаңырақ

93 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бөкей ордасы ауданының орталығы Орал қаласынан ­550 шақырым жерде жатыр. Одан әрі Ресей шекарасының іргесінде Шоңай деген шағын ауыл бар. Біздің кейіпкеріміз Данагүл сол жерде дүниеге келген.

Шуақты шаңырақ

Қиындықта шыңдалған

«Көпбалалы отбасында өс­тім. Әкем де, анам да кеңшарда қа­ра­па­йым жұмысшы болды. Әкем Сатыбалды трактор жүргізді, анам жем тарту, қой қырқу секілді кеңшардың біт­пей­тін шаруаларынан босамайтын. Үш апам, бір ағам, менен кейін бір сіңлім болды. Менің 13 жасымда әкем қайтыс болды, ағам жүрек ауруына шалдықты. Бұл кезде екі апам тұрмыста болатын. Үшінші апам Дәметкен мен ағам Дүйсенбай анама көмектесіп, қолғанат болды. Ауылдың төрт­жылдық бастауыш мектебін бітірген сіңлім екеуміз көршілес Ресейдің Жоғары Бас­құн­шақ ауылында интернатта жатып оқушы едік. Ол кезде по­йыз жүреді, сенбі-жексенбі ауылға келіп кетеміз. Ерте есейдік. Қиын кездер еді ғой, барынша анамызға көмектесеміз», деп еске алады Данагүл балалық шағын.

Тәуелсіздіктің таңсәрі жылда­рын­дағы тақсіретті бұлар да ба­рынша тартты. Жоқшылық, бір­киер киімді мектепке кезектесіп киіп бару, бір аяқкиімді алма-кезек кию бұл отбасында да болыпты. Нұрғаным анасы қайрат­ты, қажырлы кісі еді. Үйдегі төрт құ­лы­нының тамағын тауып беру үшін еш жұмыстан қашпайтын. Осы еңбекқорлық балаларына да дарыды. Кішкентай кезінен шыңдалды.

«Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады» дейді ғой. Әкенің қапия қазасынан кейін отбасындағы жалғыз ұл жүрек сырқатына шалдығып, екі мәрте отадан өтті. Дүйсенбайға тіпті 2 кило салмақ көтеруге болмайтын. Осылайша, бүкіл қиындық қыздарға түсті.

«Сіңлім Сұлуғаным екеуміз жазғы демалысқа шығысымен қой бағатынбыз. Әр жандық санаулы болатын. «Мына қозыны күзде орыстарға түрлі қалбырға ауыстырамыз. Ал мына қозыны семіртіп сатып, киім-кешек, оқу құралын аламыз» деген нақты жоспар тұратын. Сол жылдары бір туысымыз бізге көмектесіп, екі күркетауық – мекиені мен қоразын берген еді. Оны да өсірдік. Тіпті саны 50-ден асып кетті. Күркетауық өте тамақсау құс екен. Шөпті шақ келтірмейтін. Сосын біз оларды да қоймен бірге далаға жайып кететін едік. Ауылдан көп ұзамай, өздері жайылып, жемсауы толған соң үйге қайтатын. Күркетауықтың еті қатты болады екен, бірақ жұмыртқасы үлкен, тойымды еді. Көп қызығын көрдік. Кейін біз мектепке кеткен соң бағатын кісі жоқ, анам сойып, сатып тауысты», дейді Данагүл.

Данагүл мектеп бітірген соң да ауылға келіп, анасына қолғанат болды. Бала күнінен арманы Орал қаласына барып, университеттің химия-биология факультетіне түсу еді. Үйдің жағдайы, тіршілік түйткілі ол арманын бірер жыл шегере тұруға мәжбүр етті. Сіңлісі Сұлуғаным мектеп бітіріп үйге келген соң ғана қалаға аттанды. Бірақ грантқа түсе алмай, педколледжден бастауыш сы­нып мұғалімі мамандығын алды. Содан кейін ғана Махамбет уни­вер­ситетіне, өзі қалаған факультет­ке түсті. Міне, бүгінде Данагүл Дәу­ле­това – 20 жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз, химия-биология пәнінің ­І са­натты мұғалімі.

Тоғысқан тағдырлар

Сатыбалды Оразғалиев те – Бө­кей ордасының, Сайқын ауы­лы­ның тумасы. Тағдыр қызық қой. Данагүл екеуінің де өмірін­де ұқсас жағдай көп болыпты. Мүмкін бұларды табыстырған, тоғыс­тырған – осы ұқсастық шығар.

Данагүлдің анасы Нұрғаным 46 жасында 6 баламен жесір қалса, Сатыбалдының анасы Бақыт 32 жасында үш баламен қалыпты. Ол да балаларының болашағы үшін тырбанып еңбек етіп, қатарынан кем қылмай өсірген. Қара жұмыстан қашпапты. «Балаларыма көмек керек!» деп кеңсенің есігін тоздырмапты. Тағдырына лағнет айтпастан, еңсесін тік көтеріп жүріпті.

«Мына қызықты қараңызшы, менің әкемнің азан шақырып қойған есімі – Сатыбалды, халық «Сату» дейді. Қазақтың ырымы ғой, алдындағы бауырлары шетіней берген соң әкемді дүниеге кел­генде жеті терезеден өткізіп, жеті қап тезекке «сатып алған» екен. Кейін күйеуімнің есімі де Са­ты­балды болып шықты. Оның да ал­дында екі бала қайтып, тура осы­лай ырым жасаған екен. Оны да отбасы еркелетіп, «Сату» деп атап кеткен. Осылайша, бір Саты­бал­дының қызы, бір Сатыбал­ды­ның жары болдым», деп күледі Данагүл.

Сатыбалды Оразғалиұлы Жам­­­был облысындағы Отар стансасында әскери борышын өтеп кел­ген соң шекара қызметін таң­­дады. Кішкентайынан еңбекке шың­далып өскен ауыл баласы итті жақ­сы көретін. Алматы қаласында білі­мін жетілдіріп, кинолог атанды. Ширек ғасыр Отан шебін күзетті. Шоңай, Жәнібек, Сайқын, Қазталов шекара бекеттерінде абыройлы қызмет етті.

Әскери қызметтің өзіндік бейнетіне сай зейнеті де бар ғой. Кіші сержант Сатыбалды Ерекешов 45 жасында демалысқа шықты. Бұрын үйдің бетін көр­мей жүретін шекарашы – қазір отбасының ортасында, бала­ларының жанында. Әскери қыз­меткер әрі көпбалалы отбасы ретінде осыдан үш жыл бұрын Орал қаласынан мемлекет үй берген еді. Тоғызыншы сынып бітіріп, қалаға оқуға кеткен үлкен қызы Жасмина мен анасы Бақыт қазір сол үйде тұрып жатыр.

Балалары – мақтанышы

Сатыбалды мен Данагүл – бес баланың ата-анасы. Оқуда озат, өнерлі, түрлі байқауда жеңімпаз болып жүрген құлыншақтары туралы айтқанда Данагүл мен Сатыбалды шешен болып кетеді. Әр сөзінен мақтаныш төгіліп тұрады.

Тұңғыш қыз – Жасмина 2005 жылы туған, оқуымен қатар саз мектебінің қобыз сыныбын бітірді. 9-сыныпты бітірген соң көпбалалы отбасы балаларына арналған грантпен педагогика­лық колледжге түсті. Өнерлі қыз 2022 жылы «Қызғалдақтар» би ансамблі құрамында Шымкентте сайыстан бірінші орын алып келген. Жоғарыда айтқандай, қазір әжесімен бірге Орал қаласында.

2008 жылы туған Мәдина биыл 9-сыныпты бітірді. Ол да саз мектебінің фортепиано сыныбын бітірген. Биге де икемді. Түрлі байқаудан жүлде алып жүр.

Үшінші қыз Аянат 4-сыныпта оқиды. Ол да фортепиано сыныбында білім алып жүр екен. «Аянат олимпиадаларға, ғылыми конференцияларға қатысып жүр. Зерттеушілік қыры бар сияқты. Мысалы, үйдегі қоянды зерттеп, жазған ғылыми жұмысы 3-орын алды», дейді анасы мақтанышпен. Айтпақшы, балаларына ермек әрі еңбек болсын деп өсірген қоян да осы шаңырақта ерекше көбейіп, өнім беріпті. Әрине, оның еш сиқыры жоқ: адал еңбек, төккен тер жемісін бермей қоймайтыны белгілі ғой.

«Қазақ ұл баланы жақсы кө­ре­тіні белгілі ғой. Күйеуім де ұлды қалайтынын айтқанмен, қыз­дарын да жақсы көрді. Төр­тін­ші қызым дүниеге келгенде өзім де уайымдай бастадым. Өзімнің анам, нағашы әжесі жиеніне ырымдап «Ұлдана» деп қойып еді. Құдайға шүкір, бесінші баламыз ұл болды. Қазір Темірланымыз 5 жаста. Балабақшаның ересектер тобына барып жүр», дейді Данагүл.

Осы Ұлдана – қазір оқу озаты. Ол да әпкелерінің жолын қуып, саз мектебінің фортепиано сыныбында білім алып жүр екен. Апалы-сіңлілі төрт қыздың түрлі өнер байқауларынан алған марапаты, мақтау қағазы мен медальдары үлкен үйдің бір бұрышын көркемдеп тұр.

Ауыл ұстазының арманы

«Әр адам – өз алдына бір әлем» деген рас қой. Кейде қарапайым ғана бір отбасының күнделік­ті тіршілігінен қымбат қазына тауып алуға болады. Данагүл Сатуқызымен әңгімелесе отырып, ынтымағы жарасқан жанұяның ерекше жылуын сезінгендей болдық.

«Балаларымыздың музыкаға бейімі әкесінен жұққан. Мен спортқа жақын едім. Қазір отбасымызбен спорттық жарыс­тарға жиі қатысамыз. Былтыр ау­дан­дық «Мерейлі отбасы» бай­­­­­қауынан бірінші орын алып, Орал­ға бардық», дейді Данагүл. Айтпақшы, Ерекешовтер отбасын мен де сол байқауда алғаш көріп, көңілге түйіп қалған едім.

Өзі туралы айтуға сараң Данагүл Сатуқызының да жетіс­тіктері аз емес екенін білдік. Қыздары ғана емес, өзі оқытып жүрген оқушылары да ғылымға бейім көрінеді. Айтпақшы, Аянат пен Ұлдананың ғылыми зерттеуіне өзек болған қояндар өткен жаз­да жоғалып кетіпті. Бірақ Ереке­шовтердің берекелі ауласында тауық, сиыр, ешкі күн сайын бірі шақырып, бірі маңырап, бірі мөңіреп, думанға бөлеп жатады. Темірлан туғанда бәсіре атаған құлын қазір бесті ат болып, далада жүр екен. Бір қызығы, осы малды қарауға әкесіне қыздары қолғанат болып жүр.

«Былтыр мұғалімдер арасында өткен бір сайысқа қа­тыс­тым. Экологияға байланысты сабақтарда жаңа әдіс, технологияны қолдану жөнінде еді. Республика бойынша іріктел­­ген 30 мұғалімнің қатарына еніп, Астанаға бардым, сертификат алдым. Барлық шығынды ұйымдастырушылар көтерді, әрі оқыдық, әрі өз тәжірибеміз­ді де ортаға салдық. Осының бәріне шүкір деймін. Тәуелсіз мемлекетіміздің қамқорлы­ғын барынша көріп келеміз. Аспанымыз ашық болса екен. Балаларымыздың бақытынан артық тілегіміз жоқ», дейді Данагүл.

 

Батыс Қазақстан облысы