Қоғам • 02 Тамыз, 2024

«Шаңырақ» тұрғындарының қуанышы

49 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған «Шаңырақ» жасөспірімдер үйі күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындарға қайта берілді.

«Шаңырақ» тұрғындарының қуанышы

Балалар үйінің тәрбие­ле­ну­шілері әдетте кәмелет жасқа тол­ған­нан кейін қиын жағдайға тап болады. Өйткені жақын жанашыры жоқ жас үлкен өмірге қадам басқан кезде өмірдің түрлі қиындығына дайын болмай қалуы мүмкін. 2000 жылы Орал қаласында ашылған «Шаңырақ» жас­өс­пірімдер үйі балалар үйі­нен тәрбиеленіп шыққан жастарға жақсы мүмкіндік болды. Бірақ арада біраз жыл өткенде «Шаңы­рақ» ғимараты әбден тозып, күрделі жөндеуді қажет етті. Ашыл­­ғалы жібі түзу жөндеу көр­меген ғимараттың шатыры шұрқ тесік болып су кетсе, ортақ әжет­хана мен ортақ ас бөлмесі де тұр­ғын­дарға жайсыздық туғызатын.

Өткен жылы өңір басшысы Нариман Төреғалиев осы «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің жұмысымен таныса келіп, ғимараттың жағдайын көзімен көрген еді. Жатақхана тұрғындары ең алдымен нысанға күрделі жөндеу қажеттігін айтты. Жалпы, бұл мәселе кейінгі 10 жылға жуық уақыт бойы көтерілгенімен, шешімін таппай жүрген екен. Облыс әкімі жергілікті бюджет қаражатынан 575 млн 974 мың теңге ақша бөліп, тозығы жеткен ны­санға былтыр күзде жөндеу бас­тал­ды. Ғимараттың іші-сыртымен бір­ге айналасы да абаттандырылды. Осы уақыт ішінде облыс әкімі жөн­деу жұмысының сапасын өзі ба­қылап отырды. Енді міне, ғима­рат су жаңа қалыпқа еніп, тұр­ғын­дарға есігін қайта айқара ашты.

– Былтыр осы құрылыс бас­талған кезде келіп, бәрі ойда­ғыдай болатынын айтқан едім. Міне, біз уәдемізде тұрдық. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау­ды жалғастыра береміз. Осының бәрі – ата-анасыз, жетім қалған балаларға жасалып жатқан мемлекет қамқорлығы. Бұл ғимарат өте оңтайлы жерде орналасқан. Орта мектеп те, балабақша да жақын. Балаларын мектепке, балабақшаға беріп, ата-аналары алаңсыз жұмысын істейді, – дейді Н.Төреғалиев.

Шынында да алғаш рет 1958 жылы салынған нысан күрделі жөндеуден кейін су жаңа қалыпқа енген. 106 адамға арналған жатақ­ханада 74 тұрғын бөлмесі бар. 3 қабат­ты ғимаратты жөндеу ісін мер­дігер «ТасқалаТрансГаз» ЖШС жүргізген.

– Жөндеуге дейін төбеден су тамып, есік-терезелерден жел өтетін еді. Қазір ғимарат түгелдей жаңарып қалды. Жарық, жылы, таза. Кәріз жүйесі де жөнделді. Бәрі көңілімізден шықты, – дейді жасөспірімдер үйінің тұрғыны, көпбалалы ана Айдана Тәжібаева.

«Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің директоры Өмірбай Қалым­­бетовтің айтуынша, қазір мұнда балалар үйінің 89 түлегі тұрып жатыр екен. Соның ішінде 17 отбасы – жетім балалар үйінің түлегі. Оның 12-сі – жал­ғыз­басты аналар. Қалғаны – жас­тар. Мұндағы бөлменің көбі жал­ғыз адамға арналған. Ал 24 бөл­ме балалы отбасыларға арна­лып жаб­дық­талды. Ол жерде балалы отбасылар тұрып жатыр. Кәмелетке тол­ма­ған балалардың жалпы саны – 72.

Әу бастағы талап бойынша «Шаңырақ» үйінде тек жастар мен жасөспірімдер ғана тұруы керек еді. Алайда басқа барар жері болмаған балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілері бұл жерде ұзақ тұрақтап қалып жатады. Қазірдің өзінде мұнда жасы
50-ден асып кеткен тұрғындар да бар. Олар «Шаңырақ» үйінің бұ­рынғы жағдайын жақсы біледі.

– Бұрынғы жатақханамыздың жағдайы өте нашар, сасық, тарақан қап­таған жайсыз еді. Төбемізден су ке­тетін, есік саңылауынан жел кіре­тін. Қазір бәрі жақсы. Түгел­дей жаңаланған. Қаланың жайлы пәте­рі­нен айырмасы жоқ, – дейді А.Тәжі­баева.

Айта кетер жайт, жасөс­пі­рім­дер үйінің сырты да абат­тан­ды­рыл­ған. Балаларға арналған ойын ала­ңы, жастарға воркоут спорт алаңы жасақталған. Кең авто­тұрақ­қа арнайы шлагбаум орна­ты­лыпты.

– Біз жатақхана тұрғындарына арнап балалар ойын алаңын да жасап бердік. 1 600 шаршы метр алаңға автокөлік тұрағы мен жолдар жасалды, өрнектас төселді, – дейді мердігер компания басшысы Тілек Махметов.

 

Батыс Қазақстан облысы