Ендігі мәселе кеніштің қайта іске қосылуына қатысты болып отыр. Себебі кен байыту комбинаты кейінгі жарты жылда қалдық кенмен жұмыс істеп, әлеуеті төмендеп қалған. Ал кәсіпорында мыңға жуық қызметкер нәпақа тауып отыр.
Бұған дейін жазғанымыздай, кеніштегі апат пен оның маңындағы үйлердің мәселесін прокуратура құрған тергеу тобы зерделеп жатқанына байланысты шахтадағы кен қазу жұмыстары 4 қаңтардан бері қаңтарылып қалған еді. Сол уақытта 185 жұмысшы жалақысының 50 пайызы сақталуымен мәжбүрлі демалысқа жіберілген. Кейін олардың біраз бөлігі кәсіпорынның өзге құрылымдық бөлімшелерінен жұмыс тапса, кейбірі өзге кәсіпорындарға ауысып кетті.
Ал 25 шілде күні құтқарушылар шахта маңындағы ойыққа түсіп қаза болған соңғы құтқарушының денесін алып шықты. Ол – 56 жастағы Айып Тілеубергенов. Марқұм кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалында жедел автокөлік жүргізушісі болып еңбек еткен. Ол еңбек жолын алғашқыда құқық қорғау саласында тәртіп сақшысы болып бастаған. Кейін денсаулығына байланысты бұл саламен қош айтысуға тура келіпті. Одан соң әр жылдары «Майқайыңалтын» АҚ-да, Майкөбедегі көмір кенішінде, кейінгі 6-7 жылда кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалында еңбек еткен.
Осылайша, автобуспен құрдымға құлап қаза тапқан төрт құтқарушының да мүрдесі табылды. Ендігі ретте «Майқайың-алтын» АҚ-ның қызметкерлері шахтаның тезірек ашылуын күтіп отыр. Себебі кейінгі жарты жыл бойы кәсіпорынның кен байыту комбинаты қалдық кенмен жұмыс істеп келген.
Апат болған алтын кеніші өз жұмысын қашан жалғастырады? Бұл сауалды Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмаз Олжағұловқа қойдық.
– «Майқайың-алтын» АҚ-на қарасты алтын кеніші маңындағы апат салдарынан ішінде төрт құтқарушы бар автобус топырақ арасына құлап кеткені мәлім. Міне, арада жеті айға жуық уақыт өткенде соңғы құтқарушы қазып алынды. Марқұм құтқарушылардың туыстарының көңілі орнына түсті деп ойлаймыз. Ал алтын шахтасының қайтадан іске қосылуы туралы мәселе жақын күндері белгілі болып қалады. Бұл үшін ең әуелі кен өндіруші кәсіпорын біздің департаментке тау-кен жұмыстарының жоспарын ұсынуы керек. Оны республикалық комитетіміз құптаған жағдайда шахта өз жұмысын жалғастыра алады. Бұған дейін арнайы комиссия жер астындағы шахтаның жай-күйін зерделеп, 33 тармақтан тұратын кемшілікті жою туралы ұйғарымды акционерлік қоғам басшылығына жөнелткен. Бұл олқылықтардың орны толтырылып, кеніш өз жұмысын бастауға дайындалып жатқаны анық, – деп жауап берді А.Олжағұлов.
Бұған дейін Астана соты алтын кенішіндегі қайғылы оқиға толықтай «Майқайың-алтын» АҚ-ның кінәсінен болған деген шешім шығарған еді. Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Майқайыңдағы апат бойынша 21 адам кінәлі деп танылуы мүмкін екенін айтқан.
Айтып өтейік, құрдымға құлаған автобуста Айып Тілеубергеновтен бөлек, Бердіхан Сарқыт, Олег Тышкович, Айдос Шаймерден болған еді.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Майқайың кенті