Жырдың жарық жұлдызы
Фариза Оңғарсынова поэзиясы қазақ жырындағы қыз-келiншектер өлеңдерiне ғана емес, жалпы ұлттық рухқа, халықтық болмысқа қатысты көптеген қасаң қалыптарды қақыратып өткен қасиетiмен қымбат танылады. Бiз қай заманда да халқымыздың әйел-анаға, сүйген жарға, қыз балаға құрметi бөлекше болды десек, қазақ қызды жасытпай, жарқылдатып өсiрдi десек, олардан батыр да, ақын да, көсем де, шешен де шықты десек, соның бәрiне даусыз дәлелдi Фариза жырларынан табамыз. Оңғарсынова өлеңдерi қазақ қызының бiз айрықша ардақтайтын асыл қасиеттерiн — жан тазалығын, ар тазалығын, шыншылдығын, сыршылдығын, батылдылығын, ақылдылығын, аяулы сезiмi мен қаяулы көңiлiн кiр шалдырмай ұстауға ұмтылатын асқақ аңсарын айрықша көркем күйде ақ қағазға төгiлте түсiрiп бергенiмен қымбат. Ә дегеннен әдеби ортадан жырақтау жүрiп, жыр жарысына жетпiсiншi жылдардың бас жағында ғана қосылған Фариза өлеңдерi қазақ поэзиясына өзiндiк үнiн ала келдi дей салу аздық етедi. Фариза – қазақ рухына әсер еткен ақын. Сексен алтының желтоқсанында Алматының қақ ортасындағы қарлы алаңға шыққан қарындастарымыздың арасында Фариза жырынан жанына жылу алғандар аз болмағаны анық. Онсыз да қыз баланы бөлекше қастерлейтiн халқымыз Фариза өлеңдерi арқылы әйел затының қадір-қасиетiн бұрынғыдан да биiк бағалай түстi деудiң ешқандай артықтығы жоқ. Фариза өзiне дейiн «қыз-келiншектер поэзиясы» деп аталып, кеңдiкпен, кейде тiптi кешiрiммен қаралып келген ұғымға да басқаша сипат бердi. Поэзияда жаңа өлшем орнатты. Бiз ақын жырларының жұмсақ лиризмiн, жұмбақ табиғатын әлi де ашып көрсете алмай жүрмiз. Автордың күнделiктi өмiрдегi қалпына қарап оның жырларынан бiрыңғай асқақтық, кiлең бiр өрлiк iздей беру де қате ұғым. Шынтуайтында, әйелдiң әлсiз әлемiнен шыққан Фариза жырларының табиғаты нәзiк, тiптi қорғансыз болып келедi. Ақын жырларының күшi де сол әлсiздiгiнде. Антологияның бұл ұсынымындағы «Әйелдiң монологы» соншалықты дәл табылған поэтикалық ырғағымен де, шыңғырған шындығымен де, сыздатар сыршылдығымен де, адамның ең бiр жан түкпiрiнде жататын интимдiк сезiмдердi жалаңаштай жаздап барып қайтадан жарқыратып алып кететiн ғажайып шеберлiгiмен де қайран қалдырады. Сұрапыл сезiм суретiнiң мұндай үздiк үлгiлерiн әлем әдебиетiнiң қазынасына қысылмай қосуға болады. Ашығын айтар болсақ, Фаризаның махаббат лирикасындағы жекелеген өлеңдер Ахматова мен Цветаеваның сөз қадiрiн бiлер жұрт мiнәжаттай жаттайтын жауһар жырларынан бiрде-бiр кем емес. Сондықтан да Фариза Оңғарсынова поэзиясы өткен ғасырдың соңғы ширегiндегi қазақ әдебиетiнiң бөлекше құбылысы болды, сондықтан да Мұқағали «жiгiтiнен қазақтың дос таба алмай» қиналғанда жүрегiн жегiдей жеген жан сырын Фаризаға айтты, сондықтан да Фариза жырларының рухы нәзiк өрлiктiң, сыршыл ерлiктiң бейнелi баламасына айналды. Қазақ өзiнiң Фаризасын, аяулы ақын қызын сол үшiн де қадiрлейдi, қастерлейдi. Сауытбек АБДРАХМАНОВ. («Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» авторлық антологиясының алғысөзінен, «Раритет» баспасы, 2007 жыл).Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше