Технология • 02 Тамыз, 2024

Жасанды интеллект: Қара жәшіктің мүмкіндіктері мен әлеуеті

269 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Интернет кеңістігі кеңейген сайын жасанды интеллектінің мүмкіндігі артып отыр. Оның қарым-қабілетінің үдерісіне қарап біраз маман алаңнан шығып қалудан қорқатыны рас. Оны меңгеріп, ақылына ақыл қосқан мамандар жаңашыл дүниеден ендігі жүрексінбейтінін айтады. Өйткені жасанды интеллект қайткенде де адам интеллектімен қатар тұра алмайды. Мамандар оны жұмыс барысын жеңілдетуге, істің өнімділігін арттыруға арналған құрал ретінде кең қолданып жүр. Қарапайым адамдар да осыны түсінуі тиіс.

Жасанды интеллект: Қара жәшіктің мүмкіндіктері мен әлеуеті

Фото: portalramn.ru

Интернетке «жасанды интеллект» деп жазсаңыз, алдыңыздан робот бейнесі, мидың суреті, көп цифрлар мен таңбалар шыға келеді. Біздің санамызда жасанды интеллектінің бейнесі осындай. Yandex Qazaqstan компаниясының жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі директоры Александр Крайновтың айтуынша, негізінде жасанды интеллект қара жәшік іспетті. Бұл жәшіктің ішінде күрделі схемалар, нейрондық желілер болады. Ол нейрондық желілер бірнеше қабаттан, қабаттар нейрондардан тұрады. Нейрон – қарапайым формула. Мұнда бірнеше мәлімет келіп, бір шешім шығарылады.

Жасанды интеллектінің оқыту және қолдану деген екі кезеңі барын ескерсек, адам әзірлеген робот өздігімен ештеңе үйрене алмайды. Оның бағдарламасына түрлі дүниені енгізетін, оқытатын – адам. Қандай да бір роботты жасап өздігімен жібере салсаңыз, оның қазіргі деңгейі мен 10 жылдан кейінгі деңгейі бір болады. Ал адам миы күн сайын жаңа мәлімет қабылдайды.

Жалпы жасанды интеллект туралы түсінікті жеткізу қиын нәрсе. Ол туралы нақты түсінік жоқ. Әркім әртүрлі пікір айтады. Біреулер жасанды интеллект адамға тән қабілеттерді жүзеге асыра алатын машина дейді. Александр Крайнов оны адам шеше алмайтын есептерді шешуге қауқарлы құрал деп отыр. Мәселен, адам оп-оңай  ақуыз молекуласының құрылымын айта алмайды. Жасанды интеллект адам миына кіріп-шықпайтын осындай болжамдарды болжай алады. Бірақ ол барлық жағдайда шындыққа жанаспауы мүмкін. Сенімділік үшін фактчекинг жасаған абзал.

Қайткенде де жасанды интеллект біздің өміріміздің бір ажырамас бөлігіне айналды. Қазір біз жасанды интеллектінің технологияларын ғана емес өнімдерін де жиі қолданып жүрміз. Бір қуантатыны қазір қазақ тілді өнімдер де көбейіп келеді. Қазір Yandex Qazaqstan компаниясы қазақ тілінде жасанды интеллект өнімдерін әзірлеуге белсенді түрде инвестиция салып жатыр. Бұл туралы Qaz.AI Жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығы ұйымдастырған мастер-класс барысында белгілі болды. Бұл қадам еліміздің жасанды интеллект саласындағы ұстанымын едәуір күшейтуге және жаңа технологиялардың дамуына ықпал етуге бағытталған.

Qaz.AI қауымдастығы Қазақстандағы технологиялық компанияларды біріктіріп, білім мен тәжірибе алмасу платформасы ретінде қызмет етеді. Қауымдастық құрылған сәттен бастап жасанды интеллект саласындағы ұлттық даму мен операциялық жүйелердегі өзгерістерді реттеумен айналысып келеді. Жақында қауымдастық мастер-класс өткізіп, жасанды интеллектіні қоғамда қалай қолдануға болатынын түсіндірді. Сондай-ақ оқу барысында қатысушылар жасанды интеллектіге байланысты түрлі мәселелер мен мүмкіндіктер туралы талқылап,  білімдерін тереңдете түсті.

Кездесу барысында Qaz.AI жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығы Yandex Qazaqstan-ның жаңа мүшесі ретінде қосылғанын хабарлады. Басшылықтың айтуынша, Қазақстанда бұл серіктестік жасанды интеллектіні енгізуді жылдамдатады әрі біріге көтерген жүк жеңіл болары анық.

«Yandex Qazaqstan-ның  қауымдастыққа қосылғанына қуаныштымыз. Тәжірибелі, ауқымды сараптамасы бар Yandex Qazaqstan сияқты ірі компанияның мүшелік етуі біздің мүмкіндіктерімізді айтарлықтай арттырады. Инновацияларды ілгерілетуге және еліміз үшін негізгі бастамаларды қолдауға көмектесе отырып, Қазақстанда Ұлттық жасанды интеллектіні дамыту бағытында қызмет етеміз»,  деді Қазақстандағы жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығының төрағасы Бақытжан Ешмұхамбетов.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Yandex Qazaqstan қазақ тілінде ЖИ-өнімдерін дайындауға инвестиция салып жатыр. Осы уақытқа дейін әзірленген жұмыстарының ішінен виртуалды көмекші – Алисаны, іздеу мүмкіндіктері мен үлкен генеративті модельдерді біріктірген Нейро қызметін, мәтінді аударуға көмектесетін ақылды камераны, видеоны қазақ тіліне аударуға, дыбыстық жолды талдауға және грамматикалық ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік беретін Яндекс браузеріндегі видеоның нейрожелілік аудармасын ерекше атап өтуге болады. Олардың қай-қайсысы да уақытты үнемдеуге, жұмысты жеңілдетуге көп көмек береді.

2024 жылғы шілдеде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы бекітілген-ді. Құжат экономиканың әртүрлі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізуді және 2029 жылға қарай жасанды интеллект өнімдерінің санын бес есеге арттыруды көздейді. Сонымен қатар білікті мамандарды даярлау үшін жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламаларын кеңейту және экономикада мультипликативтік әсер жасау үшін отандық компаниялардың қажеттіліктерін есепке алу жоспарда бар. Аталған бастамаларды Qaz.AI қауымдастығы Yandex Qazaqstan қызметінің қолдауымен жүзеге асыруға ниетті. Бұл Қазақстанға жасанды интеллект саласында көшбасшы позицияларды алуға және ұлттық инновациялық экожүйені нығайтуға көмектеседі.

Соңғы жаңалықтар