Бұл фотоның авторы кім, қай жылы түсірілді, нақты білмейміз. Алайда Нұртас Оңдасынов қызмет бабымен Ақтөбеге облысындағы Шығанақтың аулына барып, екеуінің тары өсіп жатқан алқапта кездескенін анық байқаймыз. Екі азаматтың бір-біріне жылы ілтипат білдіріп, күлімсіреп тұрған сәтін фототілші қалт жібермеген. Бірақ ол бұл суреттің жылдар өткеннен кейін құнды жәдігерге айналатынын сол кезде сезбеген болар.
Биыл 120 жылдығын атап өтіп отырған Нұртас Оңдасыновтың өмірі, қызметі, қайраткерлігі көзіқарақты қауымға жақсы таныс. Ал кейінгі жас буын Шығанақ Берсиевтің есімін біле бермейді. Ақтөбе облысының Ойыл ауданында өмірге келген майталман тары өсіруші басқарған звено ұзақ жылдар бойы шөлейтті аймақтың ауа райына қарамастан тарыдан мол өнім алған. Дәлірек айтқанда, 1939 жылы тарының әр гектарынан 25,5 ц өнім алса, 1940 жылы – 155,8 ц, 1941 жылы – 165 ц, 1942 жылы – 175 ц, 1943 жылы 201 ц өнім жинаған. Мұндай жоғары нәтижеге ол жанқиярлық еңбегінің арқасында ғана емес, тары тұқымын күтіп-баптап, егісті дер кезінде жүргізіп, өнімді ысырапсыз жинау арқылы қол жеткізген. Сондай-ақ Шығанақ Берсиев Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери ұшақ жасау үшін мемлекет қорына қомақты қаржы аударып, өз табысынан тары өткізген. Оның өмірі мен еңбегін көрнекті жазушы Ғабиден Мұстафин «Шығанақ» романына арқау етсе, неміс драматургі Бертольд Брехт «Тары өсіруші» атты дастан жазған. Бір сөзбен айтқанда, қандай биікке көтерілсе де, қазақы мінезінен, қарапайымдылығынан айнымаған қос тұлғаның бейнесі сақталған суреттің уақыт өткен сайын құны арта түсері анық.