Мәдениет • 03 Тамыз, 2024

Маэстро Микеланджело

65 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1508 жылдың көкек айында Папа Юлий Микеланджелоны Римге шақырады. Дінбасы оған шіркеуге күрделі әрі таңғажайып фрес­ка салуды ұсынады. Микеланджело одан бас тартпақ болады. Себебі оған Құдайдың әлемді жарату кезеңін бейнелеу керек-тұғын. Адам ақылы жетпейтін әрі тәңірлік тылсымға толы дүние болған соң мүсінші жүрексінеді. Бірақ Юлий «Әгараки бас тартсаң, туған қалаң Флоренцияға әскер жіберемін», деп доқ көрсетеді. Амалы қалмаған Микеланджело «Сикстин капелласының» төбесін безендіруге кіріседі.

Маэстро Микеланджело

Италиялық суретші-мүсінші, математик, инженер, ақын Мике­ланд­жело Буонарроти 1475 жыл­дың 6 наурызында Флоренция қаласында дүниеге келген. Әкесі Людовик Симони қалалық резиденцияда нотариус болған. Ана­сы Франческо ди Нери Мике­ланджело алты жасқа толғанда өмірден өтеді. Әкесі екінші рет үйленеді. Анасынан ерте айырыл­ған бала жетімдіктің тақсыре­­тін тартады. Әкесі өте қатал адам бол­­ғандықтан, ол өз үйінде өте аз қонатын. Тас қашаушы көрші­сі­нің үйінен шықпайтын. Оның шы­ғармашылық үдерісіне қызыға қарап отыра беретін.

Микеланджело Урбино қала­сынан келген Франческо Галеото есімді шебердің мектебінен латын тілін үйренеді. Сол жерде мүсін өнерімен әуестенетін Фран­ческо Граначчи есімді замандасымен танысады. Ол заманы­ның заңғар суретшісі Доменико Гирландайоның шәкірті екен. Жаңа танысы Микеланджело­мен достасып, оны ұстазына ер­тіп ­барады. Баланың дарынын бай­қаған Доменико 1488 жылы әке­сінің алдынан арнайы өтіп, өзінің оқыт­пақ ниетін айтады. Әкесі қанша жерден қарсы болса да, көнбеске лажы қалмайды. Осылайша, Микеланджело Доме­никоның алдында үш жыл дәріс алады. Осы үш жылда «бала шә­кірт барын салады». Осы кезде «Кентаврлар шайқасы», «Баспал­дақ жанындағы Мадонна» атты ал­ғашқы жұмыстары дүниеге келеді.

Жастайынан жетім қалған Ми­келанджелоның балалық шағы бақытты болды деу қиын. Ол тез өкпелегіш, ауыр сөздерді жанына жақын қабылдап қалатын сезімтал болды. Естеліктерде оны өте тұйық адам болған деп айтады. Осы болмысы оны поэзияға жақындатты. Сөйтіп, ол өзінің мүсіндеріне өлең жаза бастады.

Сонымен Юлийдің тапсыры­сы­на қайта оралайық. Мике­ланд­желоның атақты «Адамның жаратылуы» карти­насы дәл осы шіркеу төбе­сіне салынған фрес­ка еді. Мұн­да суретші дүниенің жараты­луы хақындағы Інжілдің ілкі аңызын бейнелейді. Онда Жара­тушы адамды өз бейнесіне ұқсатып жаратқанын айтады. Микеланджело дәл осыған басым бағыт береді.

Картинаның ең драмалық шиеленісін құдай мен адамның созған қолдары жасап тұр. Бұл екі болмыс арасындағы рухани байланысты білдіреді дейді сарапшылар. Иә, Тәңір адамға өз рухын үрледі. Бойына құдірет дарытты. Өзіне ұқсауына мүмкіндік берді. Дәл осы сәулелі сәтті бейнелеу Микеланджелоның қылқала­мы­на бұйырған еді. Кейін бұл картина оның төлқұжатына айналып
кетті.

Байқасақ, Құдай адамға пе­ріш­­телердің алқауында бел­гілі фор­маның ішінде жақын­дай­ды. Өнертанушылар бұл тура­лы былай пікір білдіреді: «Мике­лан­­д­жело адам физиономиясын өте жақсы меңгерген. Осы ар­қы­лы Құдайды және оның періш­теле­рін адам миына ұқсас қалыпқа сыйдырды. Осы арқылы суретші Жаратушының шексіз ақыл иесі екенін бейнелеп тұр», деп тәп­сірлейді. Микеланджело 1564 жылы ­18 ақ­панда безгек ауруынан қай­­тыс болады. Ақтық демі шығар алдында сүлей суреткер: «Мен өз ма­мандығымның тек әліпбиін ғана үйрене бастағанымда өмірден ­өтіп бара жатқаныма қатты өкіне­мін», деп күрсініпті. Артын­да мұрагер шәкірті қалмағанына қатты қынжылыпты.

«Бұл өмірде адам баласы тек өзіне ғана сенгені дұрыс болар. Біз бұл дүниеде қалай қуансақ, өле­тін кезімізді де солай күтуі­міз керек. Өйткені өмір де, өлім де бір ұс­таның қолында» деген екен Микеланджело дәуренінде...