Қоғам • 03 Тамыз, 2024

Жасанды интеллект тағылымдамасы

110 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір жасанды интеллектіге жастардың қызығушылығы әжептәуір артып келеді. Оның бір дәлелі – «Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект инс­титуты» тағы­лымдамасына түскен 500 өтінім.

Жасанды интеллект тағылымдамасы

Жыл сайын Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект инс­титуты (ISSAI) машинамен оқыту және деректер алгоритм­дері, жасанды интеллект саласында тағылымдама өткізеді. Онда білім мен практикалық да­ғ­дыларды кеңінен тарату мақсатында университет сту­денттері мен жоғары сынып оқушыларын қабылдайды. Екі айлық тағылымдама барысында студенттер зерттеу орталығы деректер талдаушыларының менторлығы, нақты кейстер, ерекше жобалармен жұмыс істейді. Биыл «Summer Research Program» рекорд орнатты. 500-ден аса өтінім түсті: оның 186-сы жоғары оқу орны студенттерінен болса, ал 300-ден астамы мектеп оқушыларынан. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе көп. Студенттердің арасы­­нан теориялық және практика­лық дағдылары мықты 23 студент таң­далды. Олар – отандық және шетелдік студенттер.

«ISSAI» деректер талдаушысы Ақнұр Қарабай атап өткендей, іріктеу барысында табиғи тілді өңдеу (NLP) және компьютерлік көру (CV) жобаларында жұмыс тәжірибесі, ағылшын тілін жетік білу және жоғары академиялық үлгерім де ескеріліпті. Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­­ситетінің студенті Ақжан Өскелен жасанды интеллект саласына тереңірек үңілу үшін өтінім берген.

– Жаз бойы жасанды интеллект жобаларымен жұмыс істеу мүмкіндігі маған өте үлкен мүмкіндік болып көрінді. Бағдарлама барысында мен веб-скреппинг дағдыларым­ды айтарлықтай жақсарт­тым әрі жасанды интеллект туралы түсінігімді тереңдет­тім. Деректерді жинау кезін­де кейбір сайт­тарда күшті қорғаныс пен күр­делі құрылым болған­дық­тан қиындықтар туды, бірақ біз­дің менторымыз Батыр Арыс­танбеков олардың шешімін табуға көмектесті, – деді Ақжан.

«New Uzbekistan» уни­вер­ситетінің студенті Камронбек Мама­розигов бір жыл бойы дерек­тер талдаушысы болып жұмыс істегеннен кейін, ЖИ мен Big Data бойынша онлайн курстарды аяқтағаннан кейін осы мамандықты таңдауға нық шешім қабылдаған. Бағдар­ла­мада Камронбек BeautifulSoup арқылы деректер жинау бо­йынша құнды тәжірибе алып, модель­­дерді дәл баптауды үйренді.

– ЖИ бойынша онлайн­ курс­­тардан кейін мен алған білімімді практикада қолдану қажеттігін түсіндім. Бағдарла­ма жаз­ғы демалысты тиімді өткізуге, кәсіпқойлармен ара­ласуға мүмкіндік берді. Әртүрлі веб-сайттың көптігі құнды деректерді жинау­ды қиындатты. Белгілі бір сайт­тарға қалай кіру керегін түсіну үшін бірнеше апта қажет болды. Алдын ала дайындалған модельді дәл баптау қарқынды жұмысты қа­жет ететін қиын міндет болды. Дегенмен мен кеңінен қолжетімді ЖИ технологияларын жақсырақ пайдалануды үйрендім, – дейді ол.

 «ISSAI» мектеп оқушыла­рын да тағылымдамадан өткіз­ді. Биыл 315 өтінімнің ішінен 25 үміткер таңдалды. Әртүрлі өңірден келген оқушылар робот-тенсегрити, виртуалды және қосымша шын­дық салаларындағы жоба­лар­мен жұмыс істеп, роботтарды жобалау, бағдарламалау, 3D-принтерлерді қолдану дағдыларын үйренді.

Осылайша, «ISSAI» жазғы ғылыми тағылымдамасы сту­дент­тер мен мектеп оқу­шы­ларына жасанды интеллект саласында табысты мансап­қа қажетті практикалық тә­жі­рибе мен білім беріп, цифр­лық әлемнің есігін ашты. Мен­т­орлар студенттердің жоға­ры дайындық деңгейінің, үміт­кер­лердің біліктілігінің жылдан-жылға өсіп жатқанын айтты. Тіпті «SRP» бағдарламасын сәтті аяқтаған студенттерге ғылыми ассистент ретінде жұмыс ұсынылмақ.