Осындай өзгеге үлгі боларлық елді мекеннің бірі – Запорожье ауылы. Ауылдық округ құрамына 1 765 тұрғыны бар Запорожье ауылы мен 620 тұрғын тұратын Лозовое елді мекені кіреді. Республикалық «Таза Қазақстан» акциясының мән-мазмұнына жете назар аударып, оң бастаманы бірауыздан қолдаған елді мекен тұрғындары көгеріп көктем шыққаннан-ақ ауыл ішін қыстан қалған қоқыстан тазартуға жұмыла кірісті.
– Ең алдымен тұрғындармен бірнеше мәрте жүздесіп, тазалықтың өзіміз үшін керек екенін ұғындырдық. Бір жақсысы, барлығы жете түсініп, қолдады. Ел болып кіріскен соң кез келген шаруаны еңсеріп кететініміз белгілі еді, – дейді Запорожье ауылдық округтің әкімі Думан Хаусылов.
Округ әкімдігі қызметкерлері, ел ағалары жақсы іске ұйытқы болып, жалпы жұртты жұмылдыра білген. Нәтижесінде, ауылдың мақтанышы іспетті стадионның маңы, парк аймағы, көшелер мұнтаздай етіп тазартылған. Берекелі ауылдың сәнін келтіріп тұрған ағаштардың діңі әктелген. Жаяу жүргіншілер жолдары тазартылып, жол жиегіндегі шақпа тастар ағартылған. Аялдамалар да әдемі кейіпке енгізілген. Ортақ шаруаға елді мекендердің еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін аянбай атсалысты десек, артық айтқандық емес. Алдымен ауылдың кіреберісінен басталған абаттандыру жұмысы қалтарыстағы кішкентай көшелерге дейін қамтылған. Осынау жұмысқа 300-ден аса адам атсалысып, 12 техника пайдаланылған. Нәтижесінде, 50 тоннаға жуық қоқыс шығарылған. 350 ағаш көшеті отырғызылып, ел ішінде көрген жанның көзқуанышына айналған гүлзарлар бапталған. Қазір ұқыпты қолдың табы анық байқалатын ауыл іші нақ бір қонақ күткен үйдің ауласындай жарқырай жайнап тұр.
Әрине, он саусақтың бірдей еместігі белгілі. Әрбір үйдің маңайы ел қатарлы тазартылуға тиіс. Бұл жұмысқа мән бермеген 20 отбасына ескерту жасалыпты. Әйтсе де, көгалдандыру қағидасын бұзғандарға айыппұл салынбаған екен.
– Біздің ауылда жұмыс қайнап жатыр. Бір жақсысы, жастар да тұрақтап қалды. Олардың бос уақытында көңіл көтеретін мәдени, спорт ошақтары қалтқысыз жұмыс істеп тұр. Ал ауыл ақсақалдары болса кешкілік паркте жиналып, сындарлы сұхбат құрады. Еліміздің кешегі өмірі, баянды болашағы туралы парасатты пікірлер айтылады. Халыққа жұмыс бар. Бірнеше дүкен жұмыс істейді. Тіпті осындағы шаруа қожалықтары жұмыс қолына зәру. Осындай босағасына береке біткен елде тұрған соң өзіміздің кіндік қанымыз тамған жерді аялап, күтіп ұстау – перзенттік парыз. Біздің елдің адамдары осыны жақсы түсініп, кез келген жұмысқа бірлесе кірісіп кетіп, қолғабысын тигізіп жатыр. Сайып келгенде Запорожье аулының тұрғындары маңайының жайнап тұрған тазалығымен, көзтартарлық сән-салтанатымен мақтана алады, – дейді ауыл тұрғыны Қожаберген Тоғжанұлы.
Көрікті мекенді күтіп ұстау бір сәттік науқандық жұмыс емес, жылдың қай мезгілі болсын, ауыл тұрғындарының кез келгені осындай жинақылықты көксейді. Ендеше, халықтың қалауы өз аулының ажары деп айтсақ, сынықсүйем артықтығы болмас.
Ақмола облысы,
Жақсы ауданы