Экология • 03 Тамыз, 2024

Халықтың қалауы – ауылдың ажары

77 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шалғайдағы елді мекендердің мұнтаздай тазалығы, көз­тар­тарлық әдемі ажары бұл жерде ұйымшыл, бірлігі мол адам­дар­дың тұратынын аңғартады. Олар туған елінің түтіні түзу ұшқанын қалағандықтан, өздері тұрып жатқан алтын бесік – ауылдарының тазалығына айрықша мән береді.

Халықтың қалауы – ауылдың ажары

Осындай өзгеге үлгі боларлық елді мекеннің бірі – Запо­рожье ауылы. Ауылдық округ құ­ра­мына 1 765 тұрғыны бар Запо­ро­жье ауылы мен 620 тұрғын тұратын Лозовое елді мекені кіреді. Республикалық «Таза Қазақстан» акциясының мән-мазмұ­ны­на жете назар аударып, оң бас­тама­ны бірауыздан қолдаған елді мекен тұрғын­да­ры көгеріп көктем шыққаннан-ақ ауыл ішін қыстан қалған қоқыстан тазартуға жұ­мыла кірісті.

– Ең алдымен тұрғындармен бірнеше мәрте жүздесіп, тазалықтың өзіміз үшін керек екенін ұғындырдық. Бір жақсысы, барлығы жете түсініп, қолдады. Ел болып кіріскен соң кез келген шаруаны еңсеріп кететініміз белгілі еді, – дейді Запорожье ауылдық округтің әкімі Думан Хаусылов.

Округ әкімдігі қызметкерлері, ел ағалары жақсы іске ұйытқы болып, жалпы жұртты жұмылдыра білген. Нәтижесінде, ауылдың мақтанышы іспетті стадионның маңы, парк аймағы, көшелер мұнтаздай етіп тазартыл­ған. Берекелі ауылдың сәнін келтіріп тұрған ағаштардың діңі әктелген. Жаяу жүргіншілер жолдары тазартылып, жол жиегіндегі шақпа тас­тар ағартылған. Аялдамалар да әдемі кейіпке енгізіл­ген. Ортақ шаруаға елді мекендердің еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін аянбай атсалысты десек, артық айтқандық емес. Алдымен ауылдың кіреберісінен басталған абаттандыру­ жұмысы қалтарыстағы кішкентай көшелерге дейін қамтылған. Осынау жұмысқа 300-ден аса адам атсалысып, 12 техника пайдаланылған. Нәтижесінде, 50 тоннаға жуық қоқыс шығарылған. 350 ағаш көшеті отырғызылып, ел ішінде көрген жанның көзқуанышына айналған гүл­зарлар бапталған. Қазір ұқыпты қол­дың табы анық байқалатын ауыл іші нақ бір қонақ күткен үйдің ауласындай жарқырай жайнап тұр.

Әрине, он саусақтың бірдей еместігі белгілі. Әрбір үйдің маңайы ел қатарлы тазартылуға тиіс. Бұл жұмысқа мән бер­меген 20 отбасына ескерту жасалыпты. Әйтсе де, көгалдандыру қағидасын бұзғандарға айыппұл салынбаған екен.

– Біздің ауылда жұмыс қайнап жатыр. Бір жақсысы, жастар да тұрақтап қалды. Олардың бос уақытында көңіл көтеретін мәдени, спорт ошақтары қалтқысыз жұмыс істеп тұр. Ал ауыл ақсақалдары болса кешкілік паркте жиналып, сындарлы сұхбат құрады. Еліміздің кешегі өмірі, баянды болашағы туралы парасатты пікірлер айтылады. Халыққа жұмыс бар. Бірнеше дүкен жұмыс істейді. Тіпті осындағы шаруа қожалықтары жұмыс қолына зәру. Осындай босағасына береке біткен елде тұрған соң өзіміздің кін­дік қанымыз тамған жерді аялап, күтіп ұстау – перзенттік парыз. Біздің елдің адам­дары осыны жақсы түсініп, кез кел­ген жұмысқа бірлесе кірісіп кетіп, қол­­ға­бысын тигізіп жатыр. Сайып келген­де Запорожье аулының тұрғындары ма­ңайы­­ның жайнап тұрған тазалығымен, көз­тар­тарлық сән-салтанатымен мақтана алады, – дейді ауыл тұрғыны Қожаберген Тоғжанұлы.

Көрікті мекенді күтіп ұстау бір сәттік науқандық жұмыс емес, жылдың қай мез­гілі болсын, ауыл тұрғындарының кез кел­­гені осындай жинақылықты көксей­ді. Ен­деше, халықтың қалауы өз аулы­ның ажары деп айтсақ, сынықсүйем артық­ты­ғы болмас.

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы