Денсаулық • 03 Тамыз, 2024

Артық салмақтың әуресі

107 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халық саны 20 миллионнан асқан Қазақстанда әрбір оныншы адам артық салмақтың зардабына шырмалған. Балалар арасындағы семіздік кеселі бойынша АҚШ-тың деңгейіне жеттік. «Бірінші байлық – денсаулық» дейтін елдің саулығына қаншалықты сыралғы қарайтыны соқырға таяқ ұстатқандай белгілі болып отыр.

Артық салмақтың әуресі

Фото: Shutterstock

Денсаулық сақтау, Туризм және спорт ми­нистр­­ліктері, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының қол­дауымен елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында саламатты бо­ла­­шақ жайында ұлттық форум өтті.

Қазақ тағамтану академия­сының жүргізген зерттеуі бойын­ша, артық салмақ арқалап жүр­гендердің басым көпшілігі – ересектер, тіпті 50%-ға жуығын осы мәселе мазалайды. Ал бала­лардың 15%-ның салмағы жас ерекшелігіне, даму деңгейіне сай емес, артық салмақты арқалап келеді. Мамандар мұның басты себебі физикалық қозғалыстың кемшін соғып, артық қимылдың аздығынан дегенді алға тартады. Дәрігерлердің пайымдауынша, адамның сергек жүруінің 52%-ы
белсенді өмір салтына, 42%-ы медициналық көмекке байлаулы.

Ұлттық форумның тақыры­бына осы мәселе арқау болды. Ұлт денсаулығына төнген қауіп­тің бұлтын сейілтіп, аза­мат­тардың өмір сүру сапасын жақсартуға үндейтін басқосуда бірқатар өзекті мәселе қамтылды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұлт денсау­лығы қашанда басты назарда тұратынына тоқталды.

«Кез келген мемлекет үшін ең үлкен байлық – ұлтының саулығы. Кейінгі 10 жылда елімізде бала туу көрсеткіші жақсарып, жыл сайын 400 мыңға жуық сәби өмір есігін ашады. Нәтижесінде, халық санының өсуі 34%-ға жетті. Кейінгі бес жылда 60 жастан асқан азаматтардың саны 28%-ға артты. Десе де әлем елдері зардабын тартып отырған жүрек-қантамыр және онкологиялық аурулардан туындайтын өлім-жітім көрсеткіші әлі де жоғары», деді министр.

Сала басшысы жастардың репродуктивті және психикалық денсаулығын қорғау маңызды екенін атап өтіп, орталықтардың жұмысын қайта жандандыру керектігін жеткізді. Биыл күзде Адам папилломасы вирусына қарсы екпе салу жұмысы жүзеге асады. Дұрыс тамақтану жүйесі де – ұлт саулығының кепілі. Халықтың тұзды тұтыну көрсеткіші нормадан тым көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақ тағамтану академиясының тұжырымы бо­­йынша халықтың тәулігіне тұ­ты­натын тұзының мөлшері – 17,8 грамм. Талап бойынша бір тәулікте 5 грамнан аспауы керек. Тұзды шамадан тыс қолдану да созылмалы аурулардың жабысуына түрткі болады. Бұл ретте А.Әлназарова Денсаулық сақтау министрлігі тұзды тұтынуды азайту бағытында Жол картасын әзірлеп жатқанын атап өтті.

Ұлт саулығын нығайту жолын­дағы келелі мәселе Парламент мінберінде де сан мәрте талқы­ланды. Нәтижесі де жоқ емес. Жұқпалы аурулар санатына жат­пайтын сырқаттардың алдын алу жайы заңнамалық деңгейде қара­лып, темекі өнімдеріне акциз ставкасын көтеру арқылы да шылым шегуді азайту бағытында жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Маусым айынан бас­тап вейпке, хош иістендіргіш пен сұйық­тықтарын қолдануға то­лық тыйым салынды. 21 жасқа толмаған азаматтарға энер­ге­ти­ка­лық сусындарды вендинг аппарат арқылы да сатуға рұқсат етпейді. Мұның барлығы – саламатты өмір салтын ұстануға бағыттайтын бастама.

Бала болашағымыз дейміз, бірақ 6-9 жас аралығындағы балалардың 21%-ы артық салмақ арқалап жүрсе, 14 жасқа дейінгі жеткіншектердің арасында ас қорыту жүйесінің ауруы – екінші орында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балаларды артық салмақтан арылтуда жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін тұтыну үшін жеткілікті мөлшерде қам­тамасыз ету маңызды екенін ес­кер­теді.

Форумда Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев сауықтыру туризмі ел экономикасына табыс әкеліп қана қоймай, халықтың денсаулығын нығайтуға орасан септігін тигізетінін атап өтті. Әлемдік сауықтыру инс­ти­ту­тының сараптауы бо­йынша туризмнің осы саласы әлемде, оның ішінде Қазақстанда да едәуір қанатын жайып дамып келеді. Вице-министр 2020 жылғы пандемия кезіндегі ахуал­дан кейін сауықтыру туризміне деген сұраныс күрт артқанын атап өтті. Ковид кезіндегі шектеулерге байланысты 2020 жылы сауықтыру туризмінен түскен табыс төмендесе, одан кейін­гі жылдары еселеп артқанын жеткізді.

«University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы, кардиохирург Юрий Пя жүрек-қантамыр аурулары туралы халықты құлақтандырып, ақпаратпен қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, жіті тек­серуден өтуге үндеді. Білік­ті маман АҚШ-та жүрек сыр­қа­ты­на шалдыққандардың саны артқанын, халықтың жүрек-қан­тамыр ауруларының алдын алып емделуге келгенде тым сал­­ғырттығы осыған әкелгенін жеткізді. Ұлттық форум аясында спорттық инфрақұрылымды жан­дандыру, саламатты ұрпақ қалыптастырудың стратегиясын құрудың өзектілігі талқыланды. Қашанда саламатты өмір салты мемлекеттің экономикасына әсерін тигізеді.

Екі күнге ұласқан форум барысында алғаш рет Capital Health марапаты да тапсырылды.