Экономика • 03 Тамыз, 2024

Шойынжолда шыңдалған әулет

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау облысында мұнайшылар мен теміржолшылардың, дәрігер­лер мен педагогтердің династиясы көп. Солардың қатарында Қабдол Мырзағалиевтен тараған әулет те бар.

Шойынжолда шыңдалған әулет

Таспадай түзу тартылған шойынжол бойында шыңдалған әулеттің еңбек шежіресін Қабдол қария бастаған. Ол 1898 жылы Қызылқоға ауданындағы Сарыкөл ауылында өмірге келіпті. 1936 жылы Мақат ауданына қоныс аударған. Өйткені осы кезеңде Гурьев – Қандыағаш бағытына теміржол тартыла бастаған еді. Алысқа ұзап шықпайтын ауыл тұрғындары үшін тосын көрініс болғанымен, Қабдол теміржол құрылысына қатысуға белін бекем буады. Сөйтіп, бастауында өзі тұрған ұрпақ сабақтастығына қоса әулетінің осы саладағы еңбек шежіресін жаңа арнаға бұрды.

Ол ежелден қоңсы отырған қос өңірдің арасын жалғаған теміржолдың табанына ауыр рельсті төсеумен білек күшін қатайта жүріп, осы саланың белді өкіліне айналды. Теміржол бойында ашылған Бекбике, №21 бекеттерде кезекшінің жұмысын атқарып, ауыр жүк тасыған құрамалар мен жолаушылар пойызының уақытынан кешікпей жүруіне атсалыс­ты. Осылайша, әулет үшін тың салаға айналған теміржолға ғұмырының 22 жылын арнады.

Өзінен тараған балаларының да осы салада жұмыс істегенін қалаған Қабдол қарияның арманы орындалды. Алдымен ұлы Жексенбай ізін жалғады. Оның бұл саладағы еңбек өтілі 35 жылға созылыпты. Осынша жыл жол жөндеуші болып жұмыс істеді. Жаздың аптабы мен қыстың қақаған суығында шойынжолды жағалап, кем-кетігін түзейтін жөндеушілердің жұмысы оңай емес. Жол жөндеушілерге жүктелетін жауапкершіліктің жүгі де ауыр. Өйткені жолаушыларды, мұнай-газ өнеркәсібіне, құрылыс индустриясына қажетті ауыр жүктерді тасымалдайтын пойыздардың бір стансадан екін­ші­сіне мез­гілінде жетуі алдымен жол жөн­деу­ші­лердің қырағылығына бай­ланыс­ты болады.

Жұмысы ауыр болса да қабағын шыт­паған, маңдай термен табыс табудан ерінбеген Жексенбайды әріптестері үлгі тұтты. Оның әйелі Ақдеш де осы салада шыңдалды. Алқызыл желет киген жігіт­­­термен бірге біраз жыл электр монтері ретінде тәжірибе жинады. Ағасының еңбек­­қорлығынан үлгі алған інісі Сисенбай да 47 жыл бойы теміржол саласында еңбек етті. Іскерлік пен ұйымдастырушылық қабі­леті астасқан оған жол жөндеушілер ше­бері міндеті жүктелді.

Берекелі істі Қабдол қарияның не­ме­ре­лері мен шөберелері де жал­ғас­тыр­ды. Ұрпақтар сабақтастығы үзілген жоқ. Атасы еңбек еткен теміржол саласына Тұяқбай, Ұлмекен, Өтеген, Жалғасбай, Жәрдем, Бауыржан, Жанбике, Бағытжан, Мұханбетжан, Нұрмұханбетжан есімді немерелері жұ­мысқа орналасып, осы саланың белді маманы атанды. Енді бұл кәсіпті шөберелері Ерлан, Жұмабек, Қожабек, Сәуірбай, Медет, Сағынжан жалғастырып келеді. Тіпті жиендері Қалыбек пен Ақылбек нағашыларының тәжірибесінен үйреніп, теміржолшы атанып отыр.

«Әулетіміздің еңбек жолы, өмір сүру дағдысы теміржолмен сабақтасып жатыр. Қабдол атамыз бастаған істі әкелеріміз, ағаларымыз жалғастырып, теміржолшы болды. Олар қиын кезеңде жұмыс істеді. Бірақ жұмыстың ауырлығына мойығанын көрмедік. Адал еңбек етіп, ел дамуына үлес қосты. Балаларының қатарынан қалмай, білім алғанын қалады. Сол үрдіс жалғасын тапты. Атамыздың немерелері де, шөберелері де теміржол саласында еңбек етіп жүр. Теміржолшы – біздің отбасылық кәсімізге айналған мамандық. Қазір ағайынды, әкелі-балалы Мырзағалиевтер теміржол саласында жұмыс істеп, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып жүр. Өзім ұзақ жыл тепловоз машинисі болған едім», дейді Қабдол қарттың немересінің бірі Өтеген Мырзағалиев.

Қазір теміржолшы мамандығы Мақат ауданындағы Мырзағалиевтер әулетінің үшінші буынына жалғасты. Әулеттің жалпы еңбек өтілі 500 жылдан асады.

 

Атырау облысы