«Мемлекет басшысының шешімімен өткен жылы ведомство жеке Көлік министрлігі болып қайта құрылды. Бұл да болса бізге жүктелген міндеттің жауапкершілігі аса маңызды екенін білдіреді. Осыны сезініп, күнді күнге, таңды таңға ұрып, халыққа және елге келген қонақтар мен туристерге талмай қызмет көрсетіп жүрген баршаңызды кәсіби мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын», деді Марат Қарабаев.
Министр ведомство тарапынан елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту үшін ауқымды жұмыс істеліп жатқанын айтып, бұрын-соңды болмаған рекорд, биыл 12 мың шақырым жол жөнделетінін жария етті. Айтуынша, негізгі көлік дәліздері Қарағанды – Балқаш – Алматы, Атырау – Астрахань, Ақтөбе – Қандыағаш және Талдықорған – Өскемен құрылысы аяқталуға жақын. Биыл көлік инфрақұрылымы саласындағы Қызылорда – Жезқазған, Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын, Жезқазған – Қарағанды сияқты маңызды жобалар іске асырыла бастады. Бұл жобалар көлік инфрақұрылымын дамытуға және өңірдегі логистикалық байланыстарды жақсартуға ықпал етеді.
Оған қоса, биыл Шақпақ баба асуы арқылы өтетін туннель құрылысын аяқтап, халыққа пайдалануға беру жоспарланған. Бетон және асфальтбетон жұмысы мәресіне жетіп, жарықтандыру орнатылды. Қазір бейнебақылау және газ құбырын өткізу, желдету мен өртке қарсы құрал-жабдықтар орнату ісі қолға алынған. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір елдегі су үстіне салынған ең ұзын құрылым болады. Оның ұзындығы 1 316 метр, ал өткізу мүмкіндігі тәулігіне 80 мың көлікке дейін жетеді. Бүгінде нысан 80%-ға дайын. Қазір көпірдің барлық тірегі орнатылып, аралық құрылыстардың 20 металл конструкциясы дайындалды. Оның 19-ы орнатылған. Көпірді жыл соңында пайдалануға беру жоспарланған.
«Әуе көлігінде негізгі көрсеткіштердің өсуі жалғасып отыр. Биыл 6 айда отандық әуе компаниялары 6,8 млн жолаушы тасымалдады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 15%-ға артық. Әуежайлар қызмет көрсеткен жолаушы саны осы жылғы 5 айда 11,3 млн адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 21,5%-ға артық. Бүгінде 33 елмен аптасына 760 рейс жиілігімен 132 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасын орнаттық. Инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде Алматы әуежайында жаңа жолаушы терминалы салынып бітті. Қызылорда мен Шымкентте де жолаушы терминалдарының құрылысы аяқталуға жақын. Ұшақ паркін толықтыру үшін биыл 12 жаңа ұшақ сатып алу жоспарда тұр. Әзірге отандық компаниялар паркі 5 ұшақпен толықты», деді М. Қарабаев.
Бірінші жартыжылдықта теміржол көлігімен экспортталатын шикізаттық емес жүк көлемі артып, 10 млн тоннаға жеткен. Биыл министрлік 140 жаңа жолаушы вагонын жаңартуды жоспарлаған. Аталған көлемнің 50 бірлігі жеткізілді, қалғаны жыл соңына дейін әкелінбек. Теміржол саласындағы ірі 4 инфрақұрылымдық жобалар – Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал, Бақты – Аягөз және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол құрылысы іске асырылып жатыр.
Салтанатты жиында ел тарихында алғаш рет Құрық және Баку теңіз порттары арқылы Қытай – Қазақстан – Әзербайжан – Грузия бағытымен жүкті транзиттік автомобильмен тасымалдау ұйымдастырылғаны да айтылды.
Былтыр сәуірден бастап «CargoRuqsat» электрондық кезек жүйесі арқылы Қытаймен барлық өткізу пунктінде рұқсат бланкілері электронды форматта жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар осы жылдың 15 сәуірінен бастап Өзбекстанға жүк тасымалдауға рұқсат бланкілері онлайн режімде беріле бастады. Бұл тетік жүк тасымалдауды жеңілдетуге мүмкіндік береді және рұқсат бланкілерін алу кезінде алыпсатарлықты жоюға септігін тигізеді.
2024-2028 жылдарға арналған теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары қабылданғанын да айтып өтелік. Жоспарға сәйкес Ақтау және Құрық порттары негізінде ірі теңіз көлік-логистикалық кластерін құру көзделген. Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалдау көлемі 6 айда 65%-ға өсіп, 2 183 мың тоннаны құрады. Биылғы 6 айда транзиттік жүк тасымалдаудың жалпы көлемі 16,1 млн тоннаны құрап, былтырғы 6 айдағы көлемнен 4,5%-ға артық болған. Қытай – Азия – Еуропа – Қытай – Азия бағытында контейнер тасымалдау көлемі 524,2 мың жиырма футтық эквивалентті құрады.
Саланың сала құлаш жетістіктерін жіліктеген ведомство басшысы Президент аманаттаған мақтау грамоталары мен саланың мәртебелі төсбелгілерін үздік мамандарға табыстады.
Қорытынды сөзді министрлікті 2009-2011 жылдары басқарған Әбілғазы Құсайынов айтты.
«Мен қазір халық сіздердің жұмыстарыңызға дән риза деп ойлаймын. Кейінгі 5-6 жылда үлкен жетістікке жеттіңіздер. Таяуда немерелеріммен бірге Алакөлге барып демалдық. Автокөлікпен жүргенде өз басым қатты риза болдым. 1 500 шақырым жолда 4-5 жерде ғана 20-30 шақырымнан ғана жолдар аяқталып үлгермепті. Қалғаны тақтайдай теп-тегіс. Кең байтақ даланың төсінде заулаған бойда көсілдік те отырдық. Жол бойында соңғы үлгідегі инфрақұрылымдар көз тартып, көңілді өсіреді. Бәріңізді кәсіби мерекемен құттықтаймын, шаңырақтан шақалақтың үні, шапағаттың нұры ешқашан арылмасын! Аман болыңыздар!», деді ардагер.