Өндіріс • 06 Тамыз, 2024

Шыны шығаратын бірегей зауыт

137 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қала іргесіндегі «Оң­түс­тік» индустриалды аймағында орналас­қан «ЕвроКристалл» ЖШС шыны банкілер, сусын­дарға арналған шыны бөтел­келер шы­ға­­румен айналыса­ды. Химия өнеркәсі­бінен бас­тап тамақ, тіпті медицина саласында да шыныға деген сұраныс өте жоғары. Бұрын банкі мен бө­тел­ке импортта­латын. Енді отандық кәсіп­орын іске қосылғалы шетелдік өнді­ру­­шілермен бәсеке орнап, жер­гілікті базар, сау­да нүктелері шыны ыдыс­тармен толықты.

Шыны шығаратын бірегей зауыт

Сапасы өте жоғары, ассортиментке бай, көлемі 250 миллилитрден басталып 3 литр­ге дейінгі, сан алуан пішіндегі, негізінен тамақ өнеркәсібіне арналған шыны ыдыс­тар шығаратын бұл компания 2011 жылы құрылды. Зауытта шыны балқытатын 2 пеш, шыныға әртүрлі қалып беретін 4 өндірістік желі бар. Сонымен бірге кәсіпорында өндірілетін шыны ыдыстардың физикалық, химиялық қасиетін бақылап отыратын зертхана жұмыс істейді. Өндіріс орнында немістің шыныға қалып беретін «Неуе» аппараты орнатылған.

Оның NNPB қызметі салмағы жеп-жеңіл бірақ мықты шыны ыдыстар шығаруға мүмкіндік береді. Шыны бұйым нәзіктеу келеді. Өндірісте, тасымалдау барысында абайсыздық салдарынан ернеуінде жарық немесе кетік пайда болуы мүмкін. Адам қолымен тексергенде де бірі байқалып, бірі байқалмай қалады. Сондай олқылықтың алдын алу үшін кәсіпорын дайын өнімдерді автоматты түрде сканерлеп тексеретін қондырғыны іске қосты.

ва

Кәсіпорын басшысы Рустам Суховтың айтуынша, жылдық қуаттылық шамамен 200 млн бұйымды құрайды. Компания «Ecoqolday» экологиялық бағдарламаның қатысушысы болғандықтан, пайдаланыл­ған өнімді қайта өңдеп, қалдықсыз тауар шығарады. Осылайша, табиғаттың тазалы­ғына елеулі үлес қосып отыр.

Зауыт ағарған мен шырынға, түрлі алкогольді ішімдіктерге арналған бөтелке мен консервілеуге қажетті банкілер өн­діреді. Кәсіпорын ішкі нарықты жоғары сапалы шыны ыдыстарымен қамтамасыз етеді. «Амиран», «Globus plus», «Carsberg Kazakhstan», «Дионис», «Golden food», «Рауан» сияқты компаниялар «ЕвроКрис­талл­дың» тұрақты тұтынушысына айнал­ған. Сондай-ақ серіктестік өз өнімдерін Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Ресей, Литва, Польша мем­лекеттеріне экспорттайды.

Кәсіпорынның алға қойған жоспары да ауқымды: ол – бірінші кезекте №2 шыны балқыту пешін жаңғыртудан өткізу. Сол арқылы өндіріс қуаты артады, өнім сапасы жақсарады, табиғи газды тұтыну көлемі азаяды, шикізатқа мұқтаж­дық төмендейді, ең бастысы, француз­дық «Tiama» компаниясының заманауи қондырғысын сатып алумен өнім сапасын бақылау күшейеді.

вап

«№2 шыны балқыту пешін жаңғыртуға қажетті қаражатты «Halyk Bank» бөліп отыр. Сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» мемлекеттік бағдарлама аясында алған несие үстемеақысының бір бөлігін субсидиялауға көмек бермек. Кәсіпорында 500-ге тарта адам еңбек етеді. Жұмысшылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген, тегін тасымалдау қарастырылған, барлық қызметкер медициналық сақтандырылған. Ұялы байланыс шығынын да кәсіпорын өзі өтейді. Одан бөлек, жұмысшыларға материалдық көмектер көрсетіліп тұрады. Ал еңбек озаттарына сыйақы төленеді. Кадр біліктілігін арттыру үшін арнайы курстар мен оқулар ұйымдастырылады», дейді серіктестік басшысы Р.Сухов.

Кәсіпорын басшысының мәлімдеуінше, елімізде бұл саланы өркендету үшін жо­ғары және арнаулы оқу орындарында шыны өнеркәсібі мамандарын даярлайтын кафедралар ашу қажет. Себебі кадр тапшылығы өндіріс орындарында үлкен мәселе туғызады. Кейде соның салдарынан зауыт, фабрикалар мамандарды шетелден жалдауға мәжбүр болады. Сонымен қатар ол отын түрінен тек газ пайдаланатын кәсіпорындар үшін оның тарифін сәл де болса төмендетсе деген тілегін жеткізді. «Көгілдір отын» бағасы­ның арзандауы тікелей өнімнің өзіндік құны­ның төмендеуіне алып келеді.

«ЕвроКристалл» ЖШС өткен жылы 174,4 млн дана ыдыс шығарып, 7,134 млрд теңгенің өнімін өндірді. Зауыт еңбеккерлерінің орташа айлық жалақысы былтырғы мәлімет бойынша 466 мың теңгені құрады.

 

ШЫМКЕНТ