Аймақтар • 06 Тамыз, 2024

Құлсарыдағы қарбалас тірлік

376 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Құлсары – қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынған Қарашүңгіл, еліміз тәуелсіздіктен кейін әлемге әйгілі «Теңіз» кеніші орналасқан Жылыой ауданының орталығы. Бұрын кент аталатын еді. Ал 2001 жылы моноқала мәртебесі берілді. Моношаһарда 2021 жылғы санақтың қорытын­ды­сына сәйкес 64 458 адам тір­кел­ген.

Құлсарыдағы қарбалас тірлік

Биылғы сәуірде Құлсарыға атшап­­ты­рым қашықтықтан өте­тін Жем өзені тосын мінез танытты. Шағын өзен­нің арнасынан тасыған су Құлсарыға кірді. Соның салдарынан тұрғын үй, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар бүлінді. Бірнеше жыл тірнектеп жинаған қаржысына тұрғызған баспанасы бүлінген тұрғындар, оның ішінде қариялар, әйелдер мен мүмкіндігі шектеулілер, оқушылар бір түнде «Теңіз» кен орнындағы жатақханаларға, Атырау қаласы мен Маңғыстау өңіріне эвакуация­ланды. Бірақ Құлсарының тепсе темір үзетіндей қайратты жігіттері мекенін тастап кетпеді. Күні-түні көмекке келген әскерилер мен полицейлерге, төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері мен еріктілерге қосылып, моноқаланы тасқын судан тазартуға қолғабыс көрсетті.

Тасқын судың зардабы аз емес. Тіпті орасан деуге әбден болады. Сол себептен болар, табиғи сипаттағы төтенше жағдай баршаны алаңдатты. Еліміздің әр өңірінен көмек қолын созғандар жетерлік. Мәселен, мұнай-газ өнеркәсібінен табыс тауып отырған ірі компаниялар мен кәсіпкерлер қомақты қаржы бөлді. Әсіресе Кентау қаласында тұратын оқушы Гаухар Шаймерденнің құтыға жинаған ақшасын Құлсары қаласындағы су тасқынынан зардап шеккендерге жіберуі ел-жұрттың жүрегін елжіретті.

Сәуірден бері Құлсарыда тасқын судың зардабын жою тоқтаған жоқ. Қарбалас тірлік әлі жалғасып жатыр. Баспанасы бүлінген тұрғындардың үйіне бағалау жүргізілді. Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтың айтуынша, бұл жұмысқа тәуелсіз техникалық сарапшылар тартылды. Олардың қорытындысымен тасқын судан 2 650 үйдің бүлінгені нақтыланып отыр.

«Осы кезге дейін Жылыой ауданын­дағы Құлсары қаласында тасқын судан баспанасы зардап шеккен 2 633 тұр­ғын өтемақы алу үшін келісімшартқа қол қойды. Олардың бәріне бағалау қорытындысына сәйкес өтемақы төленді. Оның ішінде тәуелсіз техникалық сарапшылардың қорытындысымен үйі апатты деп танылған 1 453 тұрғын баспана сатып алуға өтемақы алды. Өтемақының қаржысы тұрғындардың жеке есепшотына аударылды. Енді олардың Атырау облысының аумағындағы қала мен елді мекендерінен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі бар. Құлсары қаласының тұрғындарына үй сатып алу, не бүлінген баспанасын қалпына келтіру үшін жөндеу жүргізу мақсатында берілген өтемақының көлемі 70 млрд теңгені құрады. Бұл қаржы жергілікті бюджеттен, ірі компаниялар мен демеушілердің қаржысы есебінен аударылды», деп ақпарат берді Р.Жұмағазиев.

Тұрғын үйлерге техникалық қадаға­лау жүргізген сарапшылардың қоры­тын­дысынан кейін өтемақы қаржысын алған тұрғынның қатарында Нәсіпбай Сағынбаев та бар. Өйткені оның үйі тасқын судың салдарынан құлап қалған. Ол бірнеше ай бойы отбасымен киіз үйде тұрды. Оның отбасында 5 бала бар.

«Отбасымызбен 1989 жылы көшіп келген үйімізде тұрған едік. Рас, үйім ескі болғанын жасырмаймын. Сол себептен кейінгі 5-6 жылдан бері қаржы жинап, бұрынғы үйімнің қасынан жаңа баспананың қабырғасын көтеріп қойғанмын. Құлаған үйім үшін берілген өтемақының қаржысын сол үйдің құрылысын аяқтауға жұмсадым. Қазір бұл үйдің шатырын жауып, сыртқы сылағын аяқтадық. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен жұмысшылар көмекке келді. Олар үйдің шатырын жауып берді. Енді ішкі әрлеу жұмысын аяқтасам, балаларым жаңа үйде еркін жүреді. Балалар өсіп келеді. Сондықтан құлаған үйім тұрған жер телімін өзіме қалдырдым. Алдағы уақытта балалар сол жерге үй салады ғой», дейді Н.Сағынғалиев.

Өтемақы алған тағы бір тұрғын – Айтбай Шапахов. Жасы 70-тен асқан зейнеткер теміржол саласында еңбек еткен. Құлсары қаласының байырғы тұрғыны осындағы 4-учаскеде 2018 жылы жаңа үй салған екен. Сол үйін тасқын су басқан.

«Үйіміз соншалықты ескі емес еді. Бірақ тосыннан келген тасқын судың салдарынан үйіміз бүлінді. Ішіміз удай ашыды, алайда қолдан келер қайран жоқ. Осындай қиын сәтте мемлекеттің қолдауын көріп, бүлінген үйіміз үшін өтемақы алдым. Бұл қаржыға баспанамызды жөндеп, қалпына келтіру жұмысын бастадық. Үйіміздің бөлмелерін 15 күнде толық жөндеуден өткіздік. Бұрынғы есіктерді жаңасына ауыстырып, еденіне жаңадан линолеум төседік. Іші-сыртына жөндеу жүргізген соң, үйіміздің сәні кіріп қалды. Отбасылық қуанышымызды тойлаған үйіміз өзімізге ыстық ұядай қымбат көрінеді», дейді қария.

Қазір Құлсары қаласындағы «Бола­шақ» шағын ауданында 100 тұрғын үйдің құрылысы тоқтаусыз жүріп жатыр. Құрылыс аумағы бірнеше учаскеге бөлінген. Бұл үйлер су тасқыны кезінде баспанасы жарамсыз болған тұрғындарға беріледі. Құрылыс жұмысын қыркүйекке дейін толық аяқтау көзделіп отыр.

«Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында 100 тұрғын үйдің ірге­тасы толық құйылды. Ал 78 үйдің қабыр­ғасын қалау жұмыстары аяқталды. Осындай жұмыстардан соң 34 үйдің шатырын жабу жүріп жатыр. Шатыры толық жабылған 22 үйдің қабырғаларына ішкі, сыртқы сылақ жағу жұмысы басталды», деді Р.Жұмағазиев.

Оның айтуынша, «Болашақ» шағын ауданында салынып жатқан үйлердің 30-ы­­­на­­ электр желісі жүргізілді. Сондай-ақ 16 үйге су және кәріз желісі тартылды.

«Құлсары қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған 80 үйдің құрылысына «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлінді. Ал 20 баспана жергілікті бюджеттің қаржысына салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті 8 мердігер компания таңдалды. Бұл компанияларда жұмыс істеуге 374 адам тартылды», деп мәлімдеді әкімнің баспасөз хатшысы.

«Қазақстан халқына» қорының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Құлсары қаласындағы 80 тұрғын үйдің құрылысына 2 млрд 640 млн теңге бөлінген. Мұнда 1 үйді салуға жұмсалатын қаржы 31 млн 975 мың теңгені құрайды. Типтік үлгідегі жаңа үйлердің әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метр. Шағын ауданда жаңа тұрғын үйлермен бірге 2 мың орындық Binom мектебін, 300 орындық балабақша нысанын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ шағын аллеялар салынады.

«Тұрғын үйлердің авторлық дизайнын «Etalon project group» ЖШС дайындады. Бұл серіктестік дизай­нның сақталуына бақылау жүргізеді. Ал техникалық қадағалау «ZAF-Стройсервис» ЖШС-ға жүктеліп отыр», деп хабарлады қордың баспасөз қызметінен.

Р.Жұмағазиевтың дерегіне сүйенсек, Құл­сары қаласында тұратын 215 кә­сіп­кер тасқын судан бүлініп қалған нысандар үшін өтемақы алуға өтініш берген екен. Бүлінген нысандарға сараптама жүргізілгеннен кейін құлсарылық кәсіп­кер­­лерге 2,1 млрд теңге мөлшерінде өтем­ақы төленіп отыр.

«Жылыой ауданындағы су тасқыны кезінде 1 082 төрт түлік, 532 үй құсы өлгені анықталды. Осыған байланыс­ты тұрғындардан өтемақы алуға 150 өтініш түсті. Бұл өтініштің бәріне талдау жүргізілді. Соған сәйкес тұрғындарға өлген мал мен құс үшін 212,6 млн теңге өтемақы төленді», деді ол.

Дегенмен Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың айтуына қарағанда, Жылыой ауданында су тасқынынан бүлінген нысандарды қалпына келтіруге қомақты қаржы керек. Қаржының көлемі аз емес. Сол себептен бұл қаржы республикалық бюджеттен сұралып отыр.

«Жылыой ауданында су тасқыны кезінде бүлінген нысандарды қалыпқа келтіруге қажетті қаржыны шешу үшін Қаржы министрі Мәди Такиевпен арнайы кездестім. Өйткені бұл аудандағы бүлінген және қираған нысандарды жөндеуге республикалық бюджеттен 21,4 млрд теңге қажет. Оның ішінде 15,4 млрд теңге білім беру нысандарын жаңғыртуға жұмсалады. Атап айтқанда, апатты деп танылған №5, №6 мектептерге, «Салтанат» балабақшасына, аудандық білім бөліміне жаңа ғимарат салу жоспарланған. Ал №8, №19, №20 мектептер мен «Айгөлек», «Өркен» балабақшаларының 2 ғимаратына, Құлтумиев атындағы №1 саз мектебіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Құлсары қаласындағы мектеп оқушыларына оқулықтар сатып алумен қоса, «Болашақ» шағын ауданында 160 орындық жаңа балабақша, Құлсары қаласында Білім-инновация лицейін, Шоқпартоғай аулын­да балабақша, Майкөмген аулында мектеп салу жоспарланып отыр», дейді Ә.Жұбанов.

Мәжіліс депутатының айтуына қара­ғанда, тұрғын үй, инженерлік-инфра­құрылым желілерінің құрылысына қажетті қаржы көлемі 3,5 млрд теңгені құрап отыр. Мәселен, Құлсары қаласында су тасқынынан бүлінген автомобиль жолын қайта қалпына келтіру, Ақкиізтоғай, Тұрғызба, Қарағай ауылдарына кіретін жолды жөндеу жобаларына 2,5 млрд теңг­е керек. Бұл қаржының бәрі Қаржы минис­трлігінен сұралып отыр. Демек республикалық бюджеттен бөлінуі қажет.

 

Атырау облысы