Аймақтар • 06 Тамыз, 2024

Қоныстой қуанышы

77 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктемде су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысында осы күндері күн сайын қуаныш. Баспанасы суға кеткен тұрғындар жаңа үй мен пәтерге ие болып жатыр.

Қоныстой қуанышы

Суреттерді түсірген – Мәди ЫҚЫЛАС

Мемлекет басшысы елі­міз­де су тасқы­ны­нан зардап шеккен тұр­ғындарға тиісті көмек көр­се­ті­ле­тінін мәлімдеген еді. Міне, Батыс Қазақстан облысында да су тасқыны салдарынан баспанасы жарамсыз деп танылған жандарға мыңдаған пәтер сатып алынып, 775 тұрғын үй жаңадан салынды.

Өткен аптаның соңғы күндері Бөрлі ауданында су тасқынан зардап шеккен азаматтар баспанамен толық қамтамасыз етілді. Тұр­ғын­­­­дардың қуанышына өңір басшы­сы Нариман Төреғалиев ор­тақ­­тасты. Айта кетейік, биылғы табиғи апат кезінде Бөрлі ауданында барлығы 126 үй жарамсыз деп танылған еді. Сөйтіп, тұрғындардың өз қалауымен 66 отбасына пәтер сатып алып берілсе, қалған 60 отба­сы үшін жаңа тұрғын көтерілді. Нәтижесінде, Ақсу аулында – 23, Кеңтүбек аулында – 11, Пугачев аулында – 12, Аралтал аулында 14 тұрғын үй жаңадан салынды. Құрылыс жұмысы биылғы 22 мамырда басталып, жоспарға сәйкес 1 тамызға дейін аяқталды.

см

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға заң аясында тиісті көмек көрсеттік. Бүгінде тұрғындарға 100 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек және бүлінген дүние-мүлік үшін 150 АЕК көле­мін­де төлем толығымен өтелді. Соны­мен қатар су тасқыны кезінде бүлін­ген үйлердің 90 пайызынан астамына тұрғын үйін жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы берілді. Кеше ғана үйінен айырылып, қайғыда қалған тұрғындар бүгін жаңа баспанаға ие болып жатыр. Қазіргі таңда облысымызда мыңнан аса баспана сатып алынып, су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға берілді. Сонымен қатар 775 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілді. Біз бүгін осындай 60 үйдің халық игілігіне берілу сәтіне куә болып отырмыз, – деді Н.Төреғалиев.

Бөрлі ауданындағы құрылыс жұмыстарына «Ақсайгазсервис» АҚ, «Ақжайық», «Демеу» қор­лары және «Qazaq Stroy Almaty» ЖШС демеушілік еткен. Қаржы­лан­ды­ру­дың жалпы көлемі 1,6 млрд теңгені құрапты.

– Біз Пугачев аулына 2006 жылы отбасымызбен көшіп келіп, үй салып алған едік. Сол үйімізді наурыз айының аяғында тасқын су басты. Дегенмен арада көп уақыт өтпей жаңа баспаналы болып жатырмыз. Жарық, кең, 3 бөлмелі, барлық жағ­дайы жасалған баспанаға қол жет­кіз­генімізге өте қуаныштымыз. Осындай қамқорлығы үшін Мем­лекет басшысына алғысымды біл­ді­ремін, – дейді бүгін қоныстой той­­лаушылардың бірі Ақкенже Иманалиева.

Дәл осындай қуаныш Сырым, Бәйтерек аудандарында да болды. Сырым ауданында 14 үй, Бәйтерек ауданында 6 пәтер жос­парлы мерзім ішінде салынып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға берілді.

– Біз су тасқынынан зардап шеккендерге заң аясында жан-жақты қолдау көрсетіп, біржолғы әлеуметтік көмек, дүние-мүлік шығыны үшін төлем және бүлінген баспана шығындарын толығымен өтеп отырмыз. Көктемде су апатына тап болып, қиындық көрген халық бүгінде жаңа баспанаға ие болып жатыр. Тамыздың алғашқы екі күнінде 80 үйдің құрылысы аяқ­та­лып, тұрғындарға табысталды, – дейді облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.

Бәйтерек ауданындағы жаңа пәтерлер «Nostrum Oil and Gas» компаниясы мен «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қорының демеу­ші­лігімен салынған екен.

– Мемлекеттің қолдауымен бар­­­лық қиындық артта қалды. Пре­­зи­дентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымызды білдіре­міз. Дала­да қалмадық. Төрт ай ішінде су жаңа баспанаға қол жет­кізіп отыр­мыз, – дейді тұрғын Жұмажан Жұрымбаев.

 

Батыс Қазақстан облысы