Бұл «Қалалық су ресурстарын басқару: қазақстандық қалалар үшін неміс тәжірибесі» атты бірлескен жоба аясында Германияның Федералдық білім және зерттеулер министрлігінің (BMBF) 2021-2024 жылдарға бөлінген грантымен жүзеге асқан. Енді осы технологияны елорда климатының нақты жағдайында сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Жобаның мақсаты – урбанизация мен климат өзгерісінің жергілікті су айналымына әсерін азайту үшін жерүсті суларының табиғи сақталуы мен инфильтрациясының моделін жасау.
«Кейінгі 20 жылда Астананың аумағы айтарлықтай үлкейді. Енді қала тұрғындарын ауызсумен қамту, жер үсті суларын басқару секілді көптеген мәселе туындап отыр. Бір жағынан, қаланың табиғаты қатал, суық. Жауын-шашын да жиі болады. Бірақ көктемде су мол жиналғанымен, жазда ауызсудың тапшылығы байқалады. Сондықтан жобаның негізгі мақсаты – суды жинау, үнемдеу, сақтау және оны түрлі мақсатта пайдаланудың шешімін табу», дейді «INOWAS» зерттеу тобының жетекшісі Стефан Каталин.
Сондай-ақ неміс ғалымдары жаңбыр суының ағынын азайтып, жерасты суларын толтыруға септігі тиетін бірқатар қызметтік шешімді ұсынып отыр. Олар сандық модельдеу құралдарын пайдалана отырып, әлемде қолданылатын кәріз (SUDS) және жерасты су өткізу жолдары (MAR) жүйелерін қалай енгізуге болатынын анықтап көрген.
«Біз қаланың су балансын білу үшін түрлі үлгіні сынақтан өткіздік. Бұл болжамдар – қала билігінің шаһарды дамыту жоспары мен су балансын сақтау үшін біз ұсынған «көк-жасыл» инфрақұрылымды ескереді. «Көк-жасыл» инфрақұрылым – су балансын сақтауға арналған «жасыл» аймақтар мен қаланың түрлі бөлігіндегі суды жазда қолжетімді етіп сақтауға арналған. Біз жүргізген зерттеу – жаңбыр суының тең жарымын үнемдеуге болатынын көрсетті. Біз оны ағынды су емес, ресурс дейміз. Жер бетіне жақын орналасқан жер асты суларының реакциясын зерттей отырып, оның көтерілу қаупінің жоқтығына да көз жеткіздік», деді С.Каталин.
Жобаны жүзеге асыруға Назарбаев университетінің ғалымдары – постдокторанттары мен университет жанындағы Тау-кен және Жер туралы ғылымдар мектебінің студенттері де атсалысқан. Сынақты олар университет аумағында орналасқан тәжірибе алаңында өткізген. Мұнда түрлі жауын-шашын болжамдары бойынша жерасты суларына сынақтар мен мониторинг жүргізілді.
Назарбаев университетіндегі Тау-кен және Жер туралы ғылымдар мектебінің постдокторанты Маржан Байғалиеваның айтуынша, аталған жоғары оқу орнының студенттері осы бағыт бойынша кейбір зерттеулерді өздері жасаған. Олар түрлі жауын-шашын болжамдарының осы аумаққа әсерін модельдеудегі гидрогеологиялық аспектілерді зерттеп көрген.
«Германиядан келген әріптестердің ұсынып отырған шешімдері еріген қар суын сақтауға көмектеседі. Бұл жасыл кеңістіктер мен аумақтың топографиясына негізделген суды ұстап тұру үшін арнайы материалдармен жабдықталған арықтарды қамтиды. Қазір жобаның неміс ғалымдары дайындаған бөлігі аяқталды. Енді біз олармен бірлесіп, бұл жобаны одан әрі жалғастырып, іске асырғымыз келеді», деді М.Байғалиева.
Қысқасы, тұрғыны миллионнан асқан елорда үшін бұл жобаның маңызы зор. Алдағы таңда жер асты суларының өзгерістері және метеорологиялық деректер бойынша бақылаулар мен мәліметтерді жинау жалғасады. Назарбаев университетінің ғалымдары неміс әріптестері ұсынған жүйені қала жағдайында сынақтан өткізуге елорданың сол жағалауында бірнеше учаскені қарастырып отыр.