Энергетика • Бүгін, 08:50

АЭС: Апат болады деп алаңдауға негіз жоқ

31 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мамандар жыл сайын электр энергиясын тұтыну мөлшері 3%-ға өседі деп отыр. Ал атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік мәліметіне көз тастасақ, 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр қуаты 792 ГВт-қа дейін, яғни 2 есе артады. Бүгінде дүниежүзінде 416 реактор бар. Олардың жалпы қуаты – 347 641 МВт.

АЭС: Апат болады деп алаңдауға негіз жоқ

Әлемде қанша АЭС бар?

«Әлемнің бірнеше елінде 61 637 МВт қуатты құрайтын 59 реак­тор салынып жатыр. Қытайда – 25, Үн­дістанда – 7, Түркия, Мысыр және Ресейде – 4, Ұлыбритания, Ко­рея, Жа­пония, Украина мен Бан­гла­деш­тің әрбірінде 2 реак­тордың құ­­рылысы басталған. Франция, Сло­­вакия, Бразилия, Аргентина, Иран елі бір-бір реактор салуды құп көрген», дейді Энергетика ми­нистрлігі Атом энергетикасы­ және өнеркәсібі департаменті ди­ректорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова.

Бұған дейін ең көп атом электр стансасы АҚШ-та салынған. Қазір бұл елде АЭС-тің жүрегі санала­тын 94 реактор жұмыс істеп тұр. Қы­тай мен Францияда – 56, Ре­сей­де – 36, Оң­түстік Кореяда – 26, Үндістанда – 20, Канадада – 19, Украинада – 15, Жапонияда 12 реак­тордан қуат өндіріліп жа­тыр. Жапония 21, Үн­дістан 4 реак­­торды уақытша тоқ­татып тұр. Оның өз себебі бар. Мұн­да­ғы айтпағымыз, өркениетті ел­дер­дегі кейбір АЭС қоғамдық орыннан, тіпті жұрт күнделікті та­мақтанатын жерден 100-150 метр ғана қашықта орын тепкен. Одан ат то­нын ала қашқан пенде жоқ. Өйт­кені атом бомбасы мен бейбіт мақ­саттағы атом өнеркәсібі – мүл­де бөлек бағыттар.

«Байтақ» жасылдар партиясы­ның аппарат басшысы Бекберген Керейдің айтуынша, жаһандық климаттың өзгеруі – шұғыл әрі сындарлы шараны талап ететін адамзаттың ең өзекті мәселесінің бірі болып қала береді.

«Еліміз 2015 жылы Париж ке­лісіміне қол қойды. Келісім бо­йынша көміртек бейтараптығына қарай нақты қадамдар жасауға тиіс. Бұған қалай қол жеткізуге бо­лады? Таза нөлге жету үшін жаһан­дық таза электр энергия­сын өндіру 7 есе ар­туы керек. Бүкіл әлемде Net Zero-ға қол жеткізу үшін 2050 жыл­ға дейінгі кезеңде жан басына шақ­қанда 200 кВт/сағаттан астам таза электр энергиясын жыл са­йын қосып отыру қажет. Ал атом энергиясы өзін экологиялық таза және тұрақты өндіріс негізі ретінде көрсете білді», дейді Б.Керей.

 

Жаһандық деңгейдегі зерттеулер жасалады

Қазір атом энергетикасының қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылады. Оған Кур­ча­тов­­тағы Ұлттық ядролық ор­талық (ҰЯО) қызметімен толық танысқанда көз жетті.

«Біздегі басты құзыреттің бірі – келешекте және қазір пайдаланылатын ядролық энергетикалық реакторлардың қауіпсіздігін арт­тыру жұмысы. Бүгінде ҰЯО жылу нейтрондарындағы жеңіл сулы ядролық реакторлардағы ауыр апатты басқару процедурасын жетілдіруде бірегей зерттеу­лер кешенін ойдағыдай жүргізді. Осы кезде оның үлесі әлемде қол­данылатын реактордың бар­лық түрінің 80%-дан астамын құрайды. Жапондық серіктесіміз – «Toshiba Cor­poration» мен «Marubeni Utility Services» компанияларымен бір­лесіп бірнеше ірі ғылыми зерт­теу жобасы іске асырылды. Бұл зерттеулердің нәтижесі Жапония­ның қолданы­лып жүрген және жо­баланып жатқан реакторларында нақты қолданыс тапты», дейді Ұлттық ядролық орталық бас директоры Ерлан Батырбеков.

Орталықтың зерттеуінде сұйық ме­талл салқындатқышы бар шап­шаң нейтрондардағы келешектегі IV буын реакто­рының қауіп­сіздігі бойынша атқарылған жұмыстар ерекше орын алады. Жапонияның Атом энергетикасы агенттігінің тапсырысымен көпжылдық «EAGLE» ха­лық­аралық зерттеу бағдарлама­сы­ның эксперименттік бөлігі сәтті аяқ­талған. Осыдан 5 жыл бұрын ҰЯО Францияның Атом энергети­касы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариатымен (CEA) SAIGA жобасы бойынша келі­сім­шартты іске асыруға кі­рісті. Оның мақсаты – жылу тасы­ғыш шы­ғыны салдарынан болған апат жағ­дайында жобаланатын шап­шаң ней­трондардағы IV буын «ASTRID» реакторының отын жинағының жай-күйін зерттеу. Үш жыл ілгері ре­сейлік БРЕСТ-ОД-300 шапшаң ней­трондардағы жаңа реактордың ин­новациялық аралас нитридтік уран-плутоний отынын (АНУП) реак­торлық сынау бағдарламасы сәтті орындалды.

 

Арнайы критерийлер қалыптасты

Орталықтың 30 жыл бойы жүр­гізіп келе жатқан ғаламат ғылыми мехнаты мен толағай табысын ел-жұрт жақсы білмейді.

«Бүгінде ҰЯО елде АЭС құ­ры­лысына дайындыққа ғы­лы­ми-техникалық қолдау көр­сету­ді қамтамасыз етеді. Бұл бағытта біз­дің кәсіпорын негізгі қатысушы­лар­дың бірі болып саналатын жұ­мыстар мен зерт­теулердің үлкен көлемін орындады. Зерттеулерде АЭС орналастыруда басымдық берілген аудандар көрсетілді. Ол – Ал­ма­ты облысының Жамбыл ауда­нындағы Үлкен кенті және Абай өңіріндегі Курчатов қаласы. Қазақстан жағдайында салуға ар­налған реактор қондырғысының оңтайлы түрі анықталды. АЭС қауіп­сіздігінің қажетті аспектіле­рі қаралды, қолда бар және қа­жет еті­ле­тін инфрақұрылымға, радиоак­тивті қалдықтармен және пайдала­нылған ядролық отынмен жұмыс істеуге, құры­лыстың ықтимал схемаларына, жобаны басқару және тағы басқа көптеген мәселеге талдау жасалды», деді бас директор.

Отандық жетекші ядролық физиктер болашақ атом электр стансасы реакторларының кри­терий­лерін қалыптастырып болды.

«Біріншіден, реактор эталон­дық болуы керек. Яғни бұрын­нан құрастырылған үлгісі және оң тәжі­рибесі бар операция. Екіншіден, қарастырылған реактор негізіндегі атом электр стансасы III немесе III+ ұрпағына тиесілі болуы шарт. Үшіншіден, реактор екі контурлы, су-су термиялық нейтронды реак­тор болғаны ләзім. Өйткені ол әлемдегі ең кең таралған және жақ­сы дәлелденген. Төртіншіден, реак­тор қондырғысының қуат диапа­зоны 1 000–1 400 МВт диапазонында болуы керек», деді Е.Батырбеков.

 

Зерттеу реакторларын конверсиялау маңызды

Бүгінде орталықта ядролық қауіпті азайту жөніндегі әлемдік бастама шеңберінде зерттеу реакторларын төмен байытылған отынға конверсиялау жұмыстары жүргізіледі. Мақсат – жоғары байытылған уранның (ЖБУ) жи­нақталған қорын жою және зерт­теу реакторларын төмен байы­тыл­ған уран (ТБУ) отынына ауыс­тыру арқылы ядролық материал­дарды таратпау. Былтыр мамыр айында Ұлттық ядролық ор­талы­ғының ИВГ.1М зерттеу реак­то­рын конверсиялау және бар­лық рұқсат беретін құжатты ре­сім­деу жұмыстары аяқталғаннан кейін ТБУ отынымен жұмыс істей бас­та­ды. Реактор берілген қуат дең­гейіне шығарылды, реактор қон­дырғысының барлық жүйесі штаттық режімде жұмыс істеді.

Бұл ядролық қаруды таратпау режімін нығайту ісіндегі еліміздің кезекті маңызды жетістігі дейді мамандар. Жоба – Қазақстан мен АҚШ-тың ЖБУ-ды пайдалануды азайту және жаппай қырып-жою қаруын жасауда пайдаланылуы мүмкін бөлінетін ядролық ма­териалдардың заңсыз таралу қау­пін азайту жөніндегі бірлескен күш-жі­герінің бір бөлігі.

ҰЯО Атом энергиясы институты директорының орынбасары Ерболат Қоянбаевтың пайымынша, АЭС пен атом қаруын салыстыруға мүлде болмайды.

«Бізде салуға қарастырылған реакторлар – ІІІ және ІІІ+ буынды, заманауи, референтті реакторлар. Бұл реакторлар АЭС тарихында болған барлық кемшілік пен апаттық жағдайларды ескере отырып жобаланған. Оған қоса терең эшелондалған қорғаныс жүйе­леріне ие. Ғылыми дәлелге жүгін­сек, ІІІ+ буындағы реакторлар­да ауыр апаттың болу ықти­мал­ды­лығы – 10 млн, жылына 1 оқи­ға», дейді маман.