Digital • 07 Тамыз, 2024

Жасанды жазушы

113 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде қалам ұстағандардың дені «Жасанды интеллект өнерді де басып алды» деген пікір айтады. Иә, бұл сөздің жаны бар. Тіпті Жапонияның белгілі әдеби сыйлығын алған Риэ Кудан өзіне «ChatGPT» көмектескенін айтқан еді. Ол «Акутагаваның» 17-лауреаты да атанған. Бұл үрдіс бізге де келді десем, артық айтпаған боламын. Себебі енді кез келген отандасымыз кітап кейіпкеріне айнала алады. Бір қызығы, ол кітапты жасанды интеллект жазады.

Жасанды жазушы

Бәрімізді таңдандыр­ған жасанды жазушы – «Mystory» Astana Hub ұйымдастырған «Best AI Startup» аталымында 25 мың доллар жеңіп алған еді. Айтемір Мудинов пен Нұрислам Әшірматов жасанды интеллектінің көмегімен қағаз кітап басып шығару идеясын ойлап тапқан. Іске асырған. Онда кез келген адам оқиғаның басты кейіпкері болады. Бұл тап­қыр топтың «халықаралық» деген атауы да бар. Себебі жобаны әр­түрлі елден, соның ішінде ТМД елдерінен жиналған жігіттер жасап жатыр. Негізі «Mystory» жобасы Қырғызстанда басталып, қазақ нарығына жеткен. Қырғыз-қазақ экономикасының берік интеграциясы мен бауырластық қарым-қатынастың арқасында біздің елде тұрақтап қалған.

«Біз жасанды интеллектімен жұмыс істегіміз келді, соған құ­мар болдық. Генератив жүйелер танымал бола бастағанда, GPT үшінші нұсқасы шыққан бойда бұл тақырыпты зерттей баста­дық әрі ол бізге ұнады. Бастапқы­да қарапайым данасын жаса­дық. Өнімге сұраныс бар екенін көрген соң, кітап жасау үде­рі­сін оңтайландырып, өзіміздің бағ­дарламамызды жаза бастадық. Кітабымыздың басты ерекшелігі – бас кейіпкері адамның өзі мен туыстары. Кітапты жасанды интеллект жазады. Ол бала болсын, ересек болсын, кітаптан өзін таниды. Осыған байланысты адам кітаптағы хикаяға қызығушылық танытып, қатысуға асығады, бұл мазмұнды көбірек тұтынуға әсер етеді. Біздегі хикаяның бәрі басынан бастап жазылады», деді Айтемір.

«Қара жәшікте» не бар, кітап­тар қалай жасалады деген сұрақ­тар тууы мүмкін. Баяндайық. Хикаяны ойлап табу үшін жігіт­тер бірнеше жасанды интеллект үлгісін пайдаланып, оларға деректерді енгізіп, үйреткен. Нақтырақ айтар болсақ, мәтін үшін – «ChatGPT», сурет үшін – «Stable Diffusion». Бір қызығы, кітаптар сапалы болуы үшін оны жоба авторлары өздері түзетеді екен. Бұл жерден жасанды интеллект әдебиетті бізден тартып алды деген пікірдің қисынсыз екенін көреміз. Себебі жасанды интеллект адамға мұқтаж. Жа­санды зердеге кітап жаздырған Айтемір де қазір жасанды интеллект толықтай адамды алмастыра алмайды дейді. Оған адам жасайтын кейбір әрекетті орындау үшін тағы да 15 жыл қажет. Бірақ ойлы және көркем дүние жасап шығару үшін оған деректің үлкен қоры керек. Суретшілер жасанды ин­теллектімен жұмыс істей бас­тағаны секілді ол шығар­ма­шы­лық­пен тез және сапалы айна­лысуға ғана көмектеседі.

«Бәрі соншалықты оңай емес. Кейде жасанды интеллектінің жаз­ғаны жарамайды, сандырақ­қа айналады. Әсіресе ең басында қиын болды. Мәтіннің 80 пайы­зын қайта жазуға тура келді. Бірақ біз оған ұтымды сюжет пен стильдің мысалдарын беріп үйреттік, қа­зір мәтін әлдеқайда жақсы. Яғни барлығын мүмкіндігінше автоматтандыру үшін бағдарлама­лық құралды үлкейттік. Жал­пы, қашанда шығармашылықты қол­даймыз және тек адам ғана шығармашылық өнім шығара алады деп есептейміз. Сондық­тан біз технология мен креативті біріктіруге тырысамыз», деп ойымызды қуаттай түсті ол.

Жігіттер әу бастан стартапты өз қаржыларымен аяққа тұр­ғызған. Солай айына 10 мың дол­лар табысқа шыққан. Бұдан ке­йін тезірек өсу үшін команданы кеңейтіп, қосымша мамандар мен менеджерлер алған. Қазір сатылымның бәрі дерлік Қазақстанда, аздап Қырғызстан­нан тапсырыс түседі. Көршілес Өзбекстан мен Тәжікстанға да шығайын деп жатыр. Түркия да жоспарларында бар. Әйтсе де, толық өсу үшін АҚШ нарығына шығу керек.

«Біз қазір «B2C» және «B2B» бағытында жұмыс істейміз. Бі­рін­­шісі, негізінен ата-аналар, олар өзінің баласы сүйікті ке­йіп­керлерімен бірге әлемді қа­лай құтқарғаны және қандай ме­йірімді іс жасағаны туралы кітап жазуды сұрайды. Біз мұндай хи­кая­ларға пайдалы элементтер қосамыз, мысалы өрмекші адам сюжетте ойыншықтарыңды жинап жүрсең, мықты боласың дейді. Мұны баланың сүйікті кейіпкері айтқандықтан, балалар шынында да ойыншықтарын жинай бас­тайды. Ата-аналар бұған аң-таң. Кітап балаға ғана арналғандықтан, ерекше әсер етеді. B2B сегментінде қызметкерлерге, серіктестерге, клиенттерге және әріптестердің туған күніне сыйлау үшін компаниялар біздің кітапқа тапсырыс береді. Кем дегенде 10–20 кітап алып кетеді. Корпоративтік жү­йеде де біздің кітаптарымызды қолдануға болатын идеялар бар», деп жұмыстың барысын түсін­дір­ді Айтемір.

Алдағы уақытта жігіттер бір мезетте баланың ой-санасының дамуына әсер ететін түрлі ойын нұсқасындағы білім маз­мұнын жасағысы келеді. Кітап­тар, кейін комикс пен манга, болашақта мультфильмдер мен фильмдерді жасанды интеллект арқылы іске асырмақ. «Бала кезі­мізде кітаптар, комикстер мен мульт­фильмдер қиындықтардан өтуге көмектесті. Біздің өнім балалар мен ересектерге өмірдегі қиын сәттерді жеңуге, бақытты болуға көмектесетініне сенеміз», деп аяқтады сөзін Айтемір.

Көріп отырғанымыздай, әде­биетте де жасанды интеллект қол­дану өріс алып барады. Фантаст жазушы Тим Бушет 9 айда 97 ғы­лыми фантастикалық кітап жа­зу үшін нейрондық желілер­ді пайдаланған. Бұл кітаптарда 2 мың­нан 5 мыңға дейін сөз бар. Бу­шеттің айтуынша, бір кітап­ты жазу 6–8 сағатқа дейін созылады екен, ал кейде оны 3 сағатта аяқтауға болады. Әдебиетте жасанды интеллектіні қолдануға көп­шілік наразы. Кейбірі адам шығармашылығының креа­тив­тілігі мен табиғилығын жоя­ды деп қорқады. Кейбірі ней­рон­дық желілерді пайдалану жазу­шыларға уақыт тауып беріп, өнім­ділікті арттырады деп санайды. Қаншама қайшылыққа қарамас­тан жасанды интеллект өміріміздің барлық бөлігіне еніп кетті.