Ұлттық спорт • 08 Тамыз, 2024

Тоқсан тұлпар топқа түсті

166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодарда ат бәйгесінен Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарына іріктеу өтті. Дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірінен 90-нан аса тұлпар қатысып, жергілікті жұрттың делебесін қоздырған бәйге тартысты өрбіді.

Тоқсан тұлпар топқа түсті

Жалпы жүлде қоры 24 900 000 теңгені құраған жарыс бәйгенің 4 түрі: ­құнан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс және аламан бәйге бойынша өтті.

– Бұл бәсеке – бәйгеден ел чемпио­натының 8-кезеңі. Ал бір жағынан осы күзде Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпе­лілер ойындарына іріктеу есе­бінде өтіп жатыр. Ат жарысына еліміздің түкпір-түкпірінен ең үздік жылқылар жиналды. Олар бәйгенің төрт түрінен, яғни құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге және жорға жарыс аталымы бойынша сынға түседі. Әр бәйге түріне шамамен 25 тұлпар қатысты. Бұл аттардың жағдайы жақсы, алдағы үлкен додаға да­йын, – деді «Бәй­ге» федерациясының атқарушы директоры Алтай Бимен.

Құнан бәйгеден бірінші болып келген «Қамысқұлақ» атты тұлпардың шабандозы Асланбек Абдықал жеңіс жолында бап­кер­дің кеңесі көмек болғанын айтады.

па

– Бапкердің айтуымен шауып отырдым. Ол маған жарыс бастала сала алдыңғы топта болуға кеңес берді. Соңғы айналымда бірінші болып алға оздым. Мәреге 500 метр қалғанда артымнан тағы бір ат келе жатты. Жетіп ала ма деп қорқып едім, бірақ мен бірінші келдім. Енді көшпелілер ойындарына да­йындаламын, – деді жас шабан­доз Асланбек Абдықал.

2-орынға «Найза» атты құнан ие болды, шабандозы – Арнат Мұратхан. Жүлдегерлер үштігін «Айшуақ» атты атқа мінген Аңсар Арыстанбек түйіндеді.

Топ бәйгеде шабандоз Әли­хан Жәні­бекұлы «Ғасыр» атты сәй­гүлікпен мәре сы­зығын бірін­ші болып кессе, 2-орынды Ділнұр Нұрмұқаш «Равшан» атты тұл­па­рымен, 3-орынды Қайыржан Әлихан «Тәуекелге» мініп жеңіп алды.

Жорға жарысының қорытын­дысына келсек, 1-орында – «Орда» (шабандозы Юрий Лымарь), 2-орында – «Выпуск» (шабандозы Әнуарбек Абдрахманов), 3-орында – «Ақжауын» (шабандозы Ербұлан Тілеғалиұлы).

Аламан бәйгенің нәтижесі бо­йынша 1-орынды «Софлор Лэнд» атты айғыр иеленсе (шабандозы Әмір Аманұлы), 2-орынды «Бе­реке» (шабандозы Иринат Сан­жар), 3-орынды «Шайкүрең» (шабандозы Арнат Мұратхан) ұтты. Іс-шараның серіктестері – Ұл­тық спорт қауымдастығы, рес­пуб­ликалық «Бәйге» федерациясы және Павлодар облысының әкімдігі.

Еске сала кетейік, респуб­ликалық «Бәйге» федерация­сы Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық спорт қауымдастығы­ның құрамына кіреді. Қауымдас­тық құрамында бұдан өзге «Аударыспақ», «Көкпар», «Теңге ілу», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «Joryq» ат спорты т.б. федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Биыл 8-13 қыркүйекте Астана қала­сында V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2 мыңнан аса спортшы қатысады деп жос­пар­­лан­ған. Астанада өтетін Дү­ние­жүзілік көш­пелілер ойындарында барлығы 21 спорт түрі­нен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

 

Павлодар