Олимпиада • 07 Тамыз, 2024

Демеу – финалда, Назымда – қола

84 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жетісу облысы Жаркент өңірінде дү­ниеге келген Демеу Жады­раев­ты 13 жасынан Жұма­хан Тұрғанбек жат­­тық­тырды. Баланың бойын­да бұла күштің бұғып жатқанын байқаған ауыл­дың қарапайым бап­­кері арада бес жыл өт­кеннен соң Алматыда ең­бек етіп жүрген Боран­бек Қоңыратовқа сеніп табыстады.

Демеу – финалда, Назымда – қола

Үшаралдың ұшқыны

Боранбектей білікті ма­ман­ның қол астында даяр­лан­ған Демеудің шеберлігі шың­дала келе еліміздің белді балуан­дарының біріне айналды. Әуелі 66 мен 72 кг салмақта сайысқа түскен Жадыраев кейіннен 77 кг салмаққа ауысты. Өзінің спорт­тық жолындағы ең маңызды жеңіске жетісулық жігіт дәл осы салмақ дәрежесінде қол жеткізді.

Париж Олимпиадасында Де­меу Жадыраев жеңіс тұғырына көтеріледі деген ой көпшілік­тің қаперіне де кірмеді. Қатардағы қарапайым көрермендерді айт­пағанда, майталман маман­дар­дың өздері «оның жұлдызды сәттері әлдеқашан артта қалды» деп есептеді. Негізі, олардың пікірі негізсіз емес еді. Себебі 2017 жылы Парижде әлем чемпионатында күміс медальды иеленгеннен кейін Демеу көп көзге түсе қойған жоқ. Сол кезеңде екі рет құрлық біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бағындырған бар белесі – сол ғана. 2021 жылы Токиодағы ойындарға қатысып, Күншығыс елінен еңсесі түсіп қайтты. Ал басқа байрақты бәсекелерде Жадыраевтың жасындай жарқылдаған кезі есімізде жоқ. Оның үстіне оның жасы да біразға келіп қалған еді. Нақты­лап айтсақ, Демеу биыл күзде 35 жасқа толады. Ал кіл мықтылар жиналған аса жауапты жарыста ардагерлер санатындағы спорт­шының атой салатынына, шыны керек, ешкім сенбеді.

Десек те жетісулық балуан­ жоғарыдағыдай әңгімеге аса мән берген жоқ. Тіптен, құлақ ас­пады десек те болады. Ең бас­тысы, ол өзіне және жұлдызды сә­ті­нің алда екеніне нық сенді. Сол се­нім Жадыраевты алға жетеле­ді. Шәкіртінің әлеуеті мен қарым-қабілетін жақсы білетін жеке бапкері Боранбек те күдерін үзген жоқ. Ол Демеудің әлі де «бір атары» барын білді. Иә, көпті көрген Қоңыратовтың ішкі түйсігі алдамаған екен. Париждегі додаға Жадыраев жараған аттай өте жақсы дайындықпен келді. Алғашқы айналымда ол ко­лумбиялық Хаир Куэроны айқын басымдықпен ұтты. Келесі кездесуде атағынан ат үркетін Ақжол Махмұдовпен күш сынасты. 25 жастағы жалындап тұрған қыр­ғыз жігіттің бағындырған белесі зор. Ол – Токио Олимпиадасы­ның күміс жүлдегері, әлемнің екі және құрлықтың үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы әрі финалисі. Осы табысының барлығына Оштың тумасы кейінгі бес жыл аралығында қол жеткізді. Күресу мәнері де керемет. Өзіне ғана тән стиль қалыптастырған. Ақжолдың өнеріне сүйсінген жанкүйерлер оны «Акула» деп атайды. Бұл балуан кейінгі кездері қазақтың грек-рим күресі шеберлерінің барлығын бет қаратпай ұтып жүрді. Жадыраевты да жеңгені жадымызда.

Демеу ширек финалдық са­йысқа шиыршық атқан арқандай ширатылып шықты. Алғашын­да екеуі біраз тіресіп, бір-бірін ала алмады. Бірінші кезең бел ор­таға таяғанда төреші Демеуді төрт­тағанға қойды. Махмұдов оны орнынан жұлып алып, кілемде шыр айналдырды. Таблода 7:0 деген есеп жарқ етті. Барша қазақ жанкүйерлерінен маза кетті. «Акула» енді тағы бір ұпай алса, айқын жеңіс соның еншісіне жазылады. Бірақ қандасымыз қазылардың уәжімен келіспей, бұрыштағы бапкерлеріне «челендж басыңдар» деген ишарат білдірді. Төрешілер бейне­таспаны кері айналдырып көрді. Сол көріністе Ақжолдың әдіс жа­сағанда аяғының «көмегі­не» жүгінгені айқын көрінді. Ондай әрекет грек-рим күресі­нің ереже­сіне қайшы. Содан қазы­лар қырғыз балуанын қайта алты ұпайдан айырды.

Үзілістен кейін Махмудов төрт­тағанға түсті. Қазақтың қайсар ұлы өз мүмкіндігін қалт жібермеді. Белден қапсыра құшақтаған ол қарсыласын кілемнен сәл көтерді де, қолын мойынға салды. Көп созбай аса күрделі «питон» әдісін жасап, оны аунатып жіберді. Төреші қос саусағын шошайт­ты. Есеп – 3:1. Жадыраев алға шық­­ты. Содан кейін сауатты қорға­нып, қырғыздың атақты балуаны­на таразы басын теңестіруіне ­мүм­кіндік бермеді.

Жартылай финалда Демеудің жолы 2021 мен 2023 жылдары әлем чемпионатының финалында күресіп, 2020 жылы Еуропа чемпионы атанған Санан Сулеймановпен қиысты. Әзербайжанның азулы балуаны да Қоңыратовтың шәкіртін тоқтата алмады. Оны 6:1 есебімен ұтқан Жадыраев ақтық сынға жолдама алды. Енді қандасымыздың жеңіс тұғырына көтерілетіні айдан анық. Ал оның олжалаған жүлдесі алтын бола ма, әлде күміс пе деген сауалға әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, жапониялық Нао Кусакамен болатын бәсекеден кейін нақты жауап аламыз. Бір анығы, жұрты Иманғалидың ұлы Демеуден тек алтын жүлде күтеді.

Осы орайда бір жайтты айт­пасқа тағы болмайды. Фран­цияның астанасында айды аспанға шығарып, ақтық айқасқа жолда­ма алған Демеу Жадыраев – Жар­кент өңіріндегі Үшарал ауылы­ның тумасы. Дәл сол елді мекенде қазақтың тағы бір мақтан тұтар азаматы дүниеге келген. Ол – Нұрбақыт Теңізбаев. Бұл күн­дері Алматы облысы Кеген ауданы­ның әкімі қызметін атқарып отыр­ған Нұрбақыт Молдахметұлы та­лай байрақты бәсекелерде Қазақ елі намысын абыройлы қорғаға­нын жұрт жақсы біледі. Атап айт­сақ, Бейжің Олимпиадасында – күміс, әлем чемпионатында – қола және Азия чемпионатында алтын медаль олжалады. Басқа да толып жатқан атақтары бар. Міне, сол шағын ғана Үшаралдан Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген екі бірдей атақты балуан шықты. Олар – Нұрбақыт Теңізбаев пен Демеу Жадыраев.

Кезінде Демеу Нұрбақытқа еліктеп, келешекте сол секілді елі­нің ыстық ықы­ла­сына бөлен­ген белді балуан болсам деп армандады. Дүбірлі додаларда дараланған дара тұлғаны үлгі тұтты. Сол мақсатына қол жет­кі­зу үшін жатпай-тұрмай даяр­ланды. Көп еңбектенді. Жолын кес-кестеген қиындықтың бар­лығын бұзып-жарып өтуге тура келді. Міне, енді арма­нына жетіп қана қоймай, Теңізбаев­тан да асып түсуге тамаша мүмкін­дік туындады. Сол мүмкіндікті енді Демеу қалт жібермеуге тиіс.

 

Лопес – Олимпиаданың бес дүркін чемпионы

ав

Грек-рим күресінің алғашқы жүлделері аса жеңіл салмақта сарапқа салынды. Финалда Токио Олимпиадасының күміс жүл­дегері, әлем мен Азияның екі дүр­кін чемпионы, жапониялық Кэнъитиро Фумита мен дүние­жүзілік және құрлықтық доданың қола жүлдегері, қытайлық Цао Лигомен шеберлік байқасты. Бұл тартыс 4:1 есебімен Күн­шығыс елінен келген жігіттің пай­дасына шешілді. Қырғыз Жоламан Шаршенбеков пен сол­түс­тіккореялық Ри Се Ун қола ме­дальды мойнына ілді.

Аса ауыр салмақта кубалық Михайн Лопеске тең келер ешкім табылмады. Шешуші тұста өзінің бұрынғы отандасы, кейінгі уақытта Чилидің намысын қорғап жүрген Ясмани Акостаны тізе бүктірді. Осылайша, Бостандық аралының арыстаны бес дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Тек күресте ғана емес, жекпе-жектің бар­лық түрінде дәл осындай деңгейге жеткен бірде-бір адам баласы жоқ. Бұл белесті Лопес 42 жасқа қараған шағында бағындырды. Даңқы жер жарған балуан 1982 жылдың 20 тамызында дүниеге келген. Осылайша, Михаин өзінің туған күніне тамаша сый жасады. Сонымен қатар Куба қабыланының әлем чемпионаты мен Панамерика ойындарының бес және құрлықтың тоғыз дүркін жеңімпазы деген атақтары тағы бар. Бұл салмақта ирандық Әмин Мырзазаде мен қытайлық Менг Линже үздік үштікті түйіндеді.

Әйелдер күресінен 68 кг сал­мақ дәрежесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Финалда қырғызстандық Мейі­рім Жұбаназарованы жеңген америкалық Эмит Элор алтыннан алқа тақты. Түркиялық Бусе Тосун Чавушоглу мен Нонаки Озаки қола медальды иеленді. 50 кг салмақтың ақтық сайысы үндістандық Пхагат Винеш пен АҚШ-тың тағы бір жұлдызы Сара Хилдебрант арасында өтеді.

 

Назым финалға шыға алмады

ва

Бұрымды боксшылардың жар­­тылай финалында 50 кг сал­мақта сынға түскен дүниежүзі­­нің чемпионы, Азиаданың же­ңім­пазы, қытайлық У Ю біз­дің Назым Қызайбайды қапы қал­дыр­­ды. Төрешілердің барлығы да Қытай елі өкілінің мық­тылығын бірауыздан мойындады. Сөйтіп, екі дүркін әлем чемпионы деген атағы бар қазақ қызы Париж Олимпиадасын қола медальмен қорытындылады.

Париждегі жарысты Әмір Маймұратов сәтті бастады. Спорттық құзға өрмелеу­ші­лер­дің сайысында ол шыққан бетте олимпиадалық рекордты жа­ңартып, бірден ширек финалға жолдама алды. Плей-офф кезе­ңінде қандасымыз ОАР-дың өкілі Джошуа Брюнстен басым түсті.

Ал ескекшілердің каноэ-екілігінде 500 метрлік қашық­тықта бақ сынаған Сергей Еме­льянов пен Тимур Хайдаров, Мария Бровкова мен Руфина Ысқақова және байдарка-екілікте Бекарыс Раматулла мен Сергей Токарницкий тәуір нәтиже көр­сете алмады. Жеңіл атлеттер де өз жанкүйерлерін жерге қаратты. 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Давид Ефремов фаль­­-с­тарт жасап, жарыстан шеттетіл­ді. 5 000 метрге кедергілер арқы­лы жүгірген Нора Джеруто­ға айрықша сенім артқан едік. Алай­да Тәуелсіз Қазақстанның та­ри­хындағы тұңғыш әлем чемпионы Олимпиаданың финалында мәреге тоғызыншы болып жетті.