Оқиға • 08 Тамыз, 2024

Сіріңкеден құралған сурет

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атыраудың көшелерін артқы әйнегіне Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің портреті салынған жеңіл көлік кезіп жүр. Чемпионның бейнесін көлік иесі сіріңкеден құраған.

Сіріңкеден құралған сурет

Көлік иесі – Аслан Жазықовтың мамандығы суретші емес. Бірақ бала кезінен сурет салуды ұнатады. Қолы босаған сәтте ойында жүрген бей­нелерді, табиғат көрінісін ақ қағазға түсіреді.

«Жаһан жұрты секілді қазақтың да назары Париждегі Олимпия ойын­дарына ауып отыр. Өйткені Токио­дағы бәсекеде еліміздің спортшы­лары алтын жүлде алмағаннан кейін ­­осы Олимпиададан үміт күттік. Төрт­жылдық доданың алғашқы күні сол үмі­тімізді саңлақ дзюдошы Елдос Сме­тов ақтады. Қарсыласының бәрін же­ңіп, қазақ дзюдошыларының арасы­нан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Татами тарланбозының бұл жеңісі қазақ халқының мерейін өсірді. Көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Осы сәтті теледидардан көріп, қуаныштан қатты толқыдым», дейді А.Жазықов.

Сол кезде ол Олимпиада чемпионы­ның суретін бейнелеу туралы ойға бекініпті. Ал көлігінің әйнегіне салу үшін сіріңкенің талы мен мақта таяқ­шасын қолданған.

«Көлігімнің әйнегі шаң еді. Соны ұтымды пайдаланғым келді. Сөйтіп, Елдостың портретін сала бастадым. Чемпионның суреті сәтті шықты. Мұны көрген жүргізушілер де, жаяу жүр­гіншілер де көлігімді фотоға түсіріп алып жүр», дейді әуесқой суретші.

Елдостың портреті – алғашқы туындысы емес. Бағдарламашы мамандығын меңгерген Аслан Жазықов бұған дейін де бірнеше спортшының портретін салыпты.

«Бұрын Геннадий Головкин мен Серік Бибосыновтың, Шафхат Рахмо­новтың портретін салған едім. Ал алғаш рет «ВАЗ-2109» көлігінің артқы әйнегіне 2016 жылы Англия чемпионы атанған «Лестер сити» футбол командасының эмблемасын бейнеледім. Бұл суретімді BBC сайты «қазақстандық жанкүйердің туындысы, бірақ авторы белгісіз» деп жариялады», дейді А.Жазықов.

Қазір әуесқой суретшінің үш баласы бар. Оның 9 жастағы қызы Дария ­дзюдо секциясына қатысып жүр.

 

Атырау облысы