Президент • 08 Тамыз, 2024

«Орталық Азия бестігін» бақуатты елдер деп сеніммен айтуға болады - Президент

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастың мән-маңызы туралы жазылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Орталық Азия бестігін» бақуатты елдер деп сеніммен айтуға болады - Президент

© Photo : Facebook / Берік Уәли

«Өңірдегі мемлекетаралық қатынастар да түбегейлі өзгеріске ұшырады. Елдеріміздің арасында барлық деңгейде сындарлы екіжақты және көпжақты диалог жолға қойылды, өзара тиімді ынтымақтастық дамып келеді. Осыған дейін аймақтағы қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға кедергі келтіріп, қайшылық туғызған мәселелерді шешу жолындағы жетістіктеріміздің мән-маңызы зор», деп жазды Мемлекет басшысы.

Президент су-энергетика саласында өзара тиімді шешім табуға қатысты табыстарды жоғары бағалаған.

«Мемлекеттік шекараларды делимитациялауға, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіруге, көлік қатынасын кеңейтуге, жаңа бағыттарды іске қосуға және азаматтардың барыс-келісін жеңілдетуге қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге қолайлы жағдай жасалып отыр. Өңірдің ұзақмерзімді қауіпсіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету үшін күш біріктіру жолындағы іс-қимылдар да тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттан айнымасымыз анық», делінген Президент мақаласында.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бес мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар нақты мазмұнға ие болып, терең стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейге көтерілгенін жазған.

«Орталық Азия мемлекеттері сыртқы саяси қарым-қатынаста өзінің салиқалы стратегиясын жасай алды. Бұл қадам еларалық және өңіраралық мүдделер тепе-теңдігін сақтап, елдеріміздің жаһандық үдерістерге толыққанды қатысуына жол ашты. Орталық Азия елдері ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ЭЫҰ, ЕАЭО, ТМҰ және басқа да табысты әрі ықпалды ұйымдардың құрылтайшысы ретінде бейбітшілікті жақтайтын мемлекеттер екенін дәлелдей отырып, өзінің идеялары мен жобаларын көпжақты құрылымдарда белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Міне, осының бәрі «Орталық Азия бестігін» Еуразия құрлығының төрінде тұрақты дамып келе жатқан бақуатты елдер деп сеніммен айтуға мүмкіндік береді.

Ортақ тарихымыз, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығымыз бен тату көршілік дәстүріміз бауырлас халықтарды бұрынғыдан да жақындастыра түсетін мызғымас тұғыр болып қала беретіні анық», деп жазды Қ.Тоқаев.

Мақаланың толық нұсқасын оқу үшін мына сілтемеге өтіңіз.