Университет • Кеше

Өзбекстанда отандық университеттің филиалы ашылды

13 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзбекстанда Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің филиалы ашылды. Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері ашылу салтанатына Ақордадан бейнебайланыс режимінде қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өзбекстанда отандық университеттің филиалы ашылды

Шыршық қаласында отандық жоғары оқу орны филиалының ашылуы екі елдің ғылым-білім саласындағы ынтымақтастығын арттырады. Бұл туралы ғылым докторы, Ғылым және жоғары білім экс-вице-министрі Қуаныш Ерғалиев әлеуметтік желілердегі парақшасында жазды.

«Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Өзбекстанның Шыршық қаласындағы филиалының ашылғанына өте қуаныштымын. Бұл екі елдің ғылым-білім саласындағы ынтымақтастығын арттыруға жақсы әсер ететіні сөзсіз. Бұл стратегиялық идеяның жүзеге асуына Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің бұрынғы ректоры Дария Пернешқызы Қожамжарова зор үлес қосты. Өзбекстанға іссапармен бірнеше рет барып, филиал ашу мәселесін көтерді, келіссөздер жүргізді. Мен де Ғылым және жоғары білім вице-министрі болған кезімде де 5-6 рет барып, саяси деңгейдегі кездесулерде филиал ашу туралы, ғимарат беру мәселесі, нарыққа кадр даярлау, заңнамалық мәселелер бойынша келіссөздер жүргіздім», деді ғалым.

Ассистент профессор Қуаныш Асылханұлының айтуынша, отандық ЖОО филиалы техникалық, IT-технологиялар бағытындағы мамандарды даярлауға басымдық береді.

«Шыршық – Өзбекстанның өнеркәсібі дамыған, қазақтар көп шоғырланған қалаларының бірі. Бұл өңірде химия өнеркәсібі, машина жасау, металл өңдеу сияқты салалар қарқынды дамыған. Auezov University филиалы Өзбекстанның еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауды жүзеге асыратын болады. Техникалық, IT-технологиялар, химия және тамақ өнеркәсібі бағыттары бойынша кадр даярлауды жүзеге асырады. Сондай-ақ жоғары білім саласындағы бұл ынтымақтастық Шымкент қаласының және оңтүстік аймақтың экономикасының стратегиялық дамуына үлес қосатынын атап өткім келеді», деді ол.

Сондай-ақ экс-вице-министр өзге елде университет филиалын ашу отандық ЖОО үшін жоғары көрсеткіш екенін атап өтті.