Өндіріс • 09 Тамыз, 2024

Отандық өнеркәсіптің олжасы

83 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкентте пластмассадан ойыншық шығаратын шағын кәсіпорын бар. Өндіріс орны 2014 жылы құрылған. Бүгінде ойыншықтың отыздан астам түрін өндіреді.

Отандық өнеркәсіптің олжасы

Фото: el.kz

Өнім негізінен ішкі нарыққа жібе­ріледі. Серіктестік басшысы Рәбиа Байтемірова зауыт ашпас бұрын саудамен айна­лысқан. 2000 жылдардың басында кеңсе тауарын сатып, кейін ойыншық бизнесіне көшкен.

Балалар ойнайтын ойын­шық заттарын сонау Иран, Қы­тай­дан тасып, жол азабын әбден тартқан. Шекарадан өту, кеден­дік бақылауда сағаттап тұру келіншекке оңай тимеген. Содан неге осы ойыншықтарды өзіміз шығармасқа деген ой келеді. Қаладағы үйін кепілдікке қойып екінші деңгейлі банктен 14%-бен несие алады. Бұл қаражатқа Қытайдан шағын станок сатып әкеліп, ойыншық шығару өнеркәсібіне кіріседі. Қытаймен арадағы бизнес байланысты жүргізуге қытай тілін еркін мең­герген баласы Наурызбектің көп көмегі тиеді.

Екінші жолғы несие қаржысына «Даму» қоры арқылы қол жеткізеді. Айтуынша, 14%-бен берілетін несиенің жартысына жуығын мемлекет өзі өте­ген. Қаржылай қолдауға ие болуына «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар­ламасына қатысуы да сеп болыпты. 40 млн теңге несие қаржысына Қытайдан тағы да қосымша станоктар алдырады.

«Бастапқыда аздап қобал­жыдық. Кәсіпті игеріп кете ала­мыз ба деп көп ойландық. Ресей мен Белорусиядан басқа да ел­дерден ішкі нарыққа кіріп жатқан ойыншық көп. Солармен бәсекелесе аламыз ба деген кү­мән болды. Бірақ тәуекелге бел буып, ойға алған идеямызды бас­тап кеттік. Әдепкіде ойыншық өн­дірісінде талап етілетін тиісті сертификаттарды алу қиынға соқты. Құзырлы мекемелер ба­сында сенімсіздік танытты. Ойын­шық шығару оңай емес, кә­сіпті жүргізе аласыздар ма деп күдік келтіріп, созбалаңға салып жіберді. Бірақ Қытайға станок алуға барғанымызда ләм деген жоқ. Ниет болса кез келген тауарды шығаруға болады деп қайта жігер­лендірді. Одан елге келген соң сани­тарлық-эпи­демиялық қызмет құжаттар талап етіп, біраз сандалтты. Ақы­ры соңында СЭС мекемесінің бас­шысына кіріп, соттасуға дейін бардым. Ол кезде елімізде кәсіп­керлікті қолдау, түрлі әкімшілік кедергіні алып тастау бойынша бастамалар жүріп жатыр еді. Соның әсері болды ма, әйтеуір іс біздің пайдамызға шешілді», дейді кәсіпкер.

Кейін жергілікті әкімдік ерек­ше өндіріске назар аударып, қаладағы индус­триалды аймақ­тың бірінен жер ұсынады.

«Ойыншықтар өндірісінде полипропилен, полиэтилен секілді шикізат түрлерін қолданамыз. Қатты заттарға полипропилен, жұмсақ бөлшектерге полиэтилен жұмсалады. Бірінші кезде өзімізден шыққан шикізатты пайдаландық. Алайда оның сапасы өте нашар. Отандық ши­кізаттан жасалған ойыншықтарымыз сынып кете берді. Сосын Ресейдің шикіза­тын сатып ала бастадық. Уақыт өте келе отандық шикізат сапасы жақсаратын шығар. Оған да біраз мерзім керек қой. Тағы бір айта кетер жайт, өнімдеріміз экологиялық таза. Кейбір исі мүңкіген импорттық ойыншықтар сияқты емес. Қай жастағы бала болса да ойнауға ешқандай қауіп тудырмайды деп нық сеніммен айта аламын», деді Р.Байтемірова.

Кәсіпкер сөзінше, ішкі на­рықта Өзбекстан, Түрікменстан тауарларымен бәсекелесу өте қиын көрінеді. Сол үшін шекарадан тауар өткізу мәселесінде сәл де болса бақылауды күшейт­се, отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекет өз нарығын қорғаса деген тілегін жеткізді. Бірақ мұның іске асуы қиын секілді. Себебі Өзбекстанмен арада еркін тауар айналымы жөнінде келісім бар. Соған орай көршілес елден келетін тауарларға шектеу қою мүмкін емес. Бұл жөнінде құзырлы орган­дардың ұсынар қандай да бір жауабы бар ма екен?

Р.Байтемірованың айтуына қарағанда, Өзбекстан мен Түр­ікменстан шикізатты өздері шы­ғарады, сосын сапасы да мық­тырақ. Ол біздің нарыққа кіргенде отан­дық ойыншықтар баға жағынан да, сапа жағынан да бәсекелесе алмай қалады.

Дегенмен осы күнде Шымкент қала­сының әкімдігі кәсіпкерлікті дамыту бо­йынша барлық жағ­дайды жасап келеді. Соның бір мысалы – жуырда ашылған кәсіп­керлерге қызмет көрсететін арнайы мекеме. Ол жерге барған жандар кәсіпкер болу үшін не істеу керек, жобаны қалай іске асы­руға болады, қандай құжат­тар талап етіледі деген сұрақ­тарға толыққанды жауап алып, тіпті алғашқы жобасын бастау бойынша түрлі сервистік көмек ала алады. Одан бөлек, мегапо­листе «Іскер қала» деп атала­тын жергілікті бағдарлама қабыл­данған. Осы бағдарламаға сәйкес кәсіп­керлерге өндіріс алаңдары жалға беріліп, оның құнын төлеу жағынан бастапқы кезде әкімдік өзі көмектесіп отырады.

Осы жәрдемнің бәрін жер­гілікті атқа­рушы билік Прези­дент­тің кәсіпкерлік саланы қол­дау бірінші кезекте тұру ке­регі жөнінде Жолдауда айтқан тап­­сыр­малары негізінде іске асырып келеді.

Кәсіпкер алдағы уақытта Қы­тай немесе Түркия инвесторларымен бірлесіп, қаладағы индустриалды аймақтан үлкен заманауи зауыт ашуды мақсат етіп отыр.

 

Шымкент