Бизнес • 09 Тамыз, 2024

Асүйден кәсіпорынға дейін

69 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде шағын бизнес өкілдерін қолдау мақсатында үлкен жобалардың жүзеге асып жатқаны белгілі. Кәсіпке икемі бар жастардың әртүрлі саланы игеріп, алға ұм­тылғаны көңілге сенім ұялатады.

Асүйден кәсіпорынға дейін

Семей қаласында кейінгі жылдары «Camca.kz» компа­ния­сының өнімдеріне сұраныс артып тұр. 30 адам қызмет ететін кәсіпорын ұлттық тағамдарды ұсынумен бірге араб, өзбек, ұйғыр халқының сам­саларын да сатады. Жас кә­сіпкер Айжан Ботбаеваның бұл бизнесі пандемия кезінде бас­талған. Сол кезде жүктілігі мен бала күтіміне байланысты демалыста болған Айжан өз қолынан шыққан тағамдарды жақын-жуық, көрші-қолаңға ұсынады.

Дайындаған өнімдері бір­тін­деп дүкен сөрелерінен орын тапты. Кәсіппен кәсіби түрде айналысуға күйеуі қолдау біл­дірген.

«Мен бұған дейін Өскемен қаласындағы Табиғи ресурстар басқармасында жұмыс істедім. Карантин кезінде әзірлеген тағам­дарымнан дәм татып көр­ген көршіміз зор алғысын біл­дірді. Қуанышымды жасыра алмай жолдасыммен бөліскен сәт­те, ол да мақтау лебізін жеткізді. Сөйтіп, күн санап кәсіп ашу идея­сына бір табан жақындай түстік», дейді Айжан Ботбаева.

Дәулет екеуі енді үй­лерінен тыс жерде кәсіп жүр­гізуге кіріседі. Әр сағат сайын сатып алушылардың саны өсіп, олардың жоғары талабы мен талғамынан шығу үшін өндіріс сапасын әрдайым назарда ұстайды. Тағамдар дайындалатын цехта сапа­ның авторлық стан­дарттары сақталған. Сапа­сын­ үнемі жетілдіріп отырумен қатар объективті жағдайларға бай­ланысты өзгертетінін де тіл­ге тиек етті. Тағам әзірленетін рецептураны өзгертумен бірге эстетиканың да маңызды екені рас.

«Күйеуім бизнесті қалай дұрыс жүргізу керегін үне­мі үйренеді. Прогрессивті эле­мент­терді енгізуге құш­тар. Мы­­­салы, цехта бәрі жа­пондық «Кайд­зен» фи­лосо­фиясына сәй­кес ұйымдас­тырылған. Бұл – биз­нес-үде­рістерді жақсартуға, тиім­­ділікті арттыруға және опе­ра­цияларды орындауға ке­те­тін уа­қытты қысқартуға бағытталған басқару әдісі. Қарапайым тіл­мен айтқанда, бәрі қатаң түрде ба­қы­лауға алынған», дейді Айжан Ас­қарқызы.

Қазір «Camca.kz» компа­ниясы өз клиенттерінің өті­нішіне орай ассортиментті кеңейтіп үлгерген. Мұнда енді өңделген тағамдар мен да­йын тағам түр­лері ұсынылады. Дәмі тілі үйі­ретін ет қосылған және тәтті пи­рог, салат, ыс­тық әрі буфет тағам­дары сатып алушылар көңі­лінен шы­ғып жатыр. Өткен жыл­дың желтоқсан айынан бас­тап балаларға арналған ас мә­зірі өз мақсатына жетті деу­ге болады. Брокколи мен тауық етінен жасалған котлет­тер қазір­дің өзінде тиімді баға­да халық пайдасына жарап жатыр.

Кәсіпкерге алдағы уақытта өз ісін емін-еркін дөңгелету мен дамыту үшін мемлекеттік бағ­дарлама арқылы 5 млн теңге көлемінде грант бөлі­ніп отыр. Бизнесті қолдау мақсатында­ғы қаржыны игеруден бөлек, жаңа жұмыс орындарын ашып, сатылым аясын үлкейту бағдары көзделіп отырғанын айтады кәсіпкер.

 

Абай облысы