Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Бизнесті несиелеудегі белсенді ойыншылар кімдер?
Нақты секторға кредит беруді кеңейту мақсатында агенттік Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп банктерді пруденциялық ынталандыруға, қорландыру базасын әртараптандыруға, синдикатталған кредит беру мен қоса қаржыландыруды кеңейтуге, тәуекелді бағалау рәсімдерін одан әрі цифрландыруға бағытталған шаралар кешенін қабылдады.
«1 шілдедегі жағдай бойынша экономикаға берілген кредит жыл басынан бері 7,1%-ға ұлғайып, 30,1 трлн теңгені құрады. Экономикаға кредит құрылымында бизнеске кредит 4,5%-ға, 11,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Оның ішінде шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілеріне берілетін кредит 3,2%-ға, 5,9 трлн теңгеге дейін, жеке кәсіпкерлік кредиті 23,1%-ға, 1,9 трлн теңгеге дейін өсті. Ірі бизнеске берілетін кредит бойынша 0,9%-ға шамалы төмендеу байқалады, бұл негізінен осы санаттағы банктердің бірінің ШОБ қарыздары санатына қайта жіктелуіне байланысты», дейді Нұрлан Әбдірахманов.
Айтуынша, кредит берудің өсуі барлық дерлік салада байқалады. «Halyk Bank», «Центр кредитбанкі», «Forte», «Kaspi», «РБК» корпоративтік кредит беру нарығында неғұрлым белсенді ойыншылар болып саналады. Олар портфель өсімінің және бизнеске жаңа кредиттің негізгі көлемін қамтамасыз етті.
Негізгі үрдістер
Кредит беру нарығындағы негізгі оң үрдістер былай жіктеледі:
Бірінші. Бизнеске берілген кредит бойынша мөлшерлемелердің біртіндеп төмендеуі байқалады, бұл ақша-кредит талаптарының жеңілдетілуіне байланысты. Өткен жылғы маусым айында бизнеске берілген кредит бойынша орташа алынған мөлшерлеме 19%-ды құраса, осы жылғы маусым айында ол 18,6% деңгейінде қалыптасты.
Екінші. Құнның төмендеуі аясында ірі бизнес тарапынан банктердің кредиттік ресурсына сұраныс өсімінің жеделдеуі байқалады. Нәтижесінде, 2024 жылғы бірінші жартыжылдықта ірі бизнеске жаңа қарыздар беру 2023 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 21,7%-ға ұлғайды.
Үшінші. Бизнеске кредит беру мерзімі біртіндеп ұлғайып жатыр. Корпоративтік портфельдегі 1 жылдан 5 жылға дейінгі мерзіммен бизнеске берілген қарыздар үлесі бір жыл ішінде 2023 жылғы 1 шілдедегі 34,6%-дан осы жылғы маусымның қорытындысы бойынша 36,3%-ға дейін ұлғайды.
Төртінші. Бизнестің кредиттік өтінімдерін қарау үдерістерін оңайлату, банктердің скорингтік модельдерін жетілдіру жөніндегі банктердің белсенді жұмысының нәтижесінде бизнеске кепілсіз кредит беру үлесінің өсуі байқалады. Олардың жаңа кредит берудегі деңгейі 2023 жылғы бірінші жартыжылдықтағы 15,8%-дан 2024 жылғы бірінші жартыжылдықта 20,3%-ға дейін өсті.
Бесінші. Бизнес субъектілерін банктік кредит берумен қамтуды кеңейту үрдісі жалғасын тапты. Мәселен, 2024 жылдың 5 айында қарыз алушы ШОБ субъектілерінің саны 491 мыңға дейін, 7%-ға өсті. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің жалпы санындағы қарыз алушы – ШОБ субъектілерінің үлесі (2,0 млн бірлік) 2023 жылғы 22,2%-дан ұлғайып, 24,3%-ды құрады.
Алтыншы. Бизнеске берілген кредит портфелінің сапасы жақсарды. 90 күннен астам төлем мерзімі кешіктірілген қарыздар үлесі маусым айының қорытындысы бойынша жыл басындағы 2,3%-дан 2,2%-ға дейін төмендеді.
Реттеушілік шаралар игілігі
Агенттік Ұлттық банкпен және банктермен бірлесіп банктерді корпоративтік кредит беруге белсенді қатысуға ынталандыру үшін реттеушілік шаралардың жаңа кешенін әзірлеген. Реттеушілік шаралар шеңберінде ШОБ жобаларына кредит беру және синдикатталған кредит беру кезінде банктердің капиталына қысымды төмендету мақсатында қабылданған осындай қарыздар бойынша тәуекел-саралауды төмендету көзделген.
«2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ШОБ субъектілерінің қарызы бойынша тәуекел-саралау коэффициенттері 75%-дан 50%-ға дейін, синдикатталған қарыз бойынша 100%-дан 50%-ға дейін төмендетілді. Бұл бизнеске кредит беруге 127 млрд теңгеге дейін қосымша қаражат бөлуге мүмкіндік береді. Банктер қалыптастыратын провизиялар деңгейін төмендету үшін мәжбүрлеп қайта құрылымдау өлшемшарттарын қайта қарау арқылы оларды есептеуге қойылатын талаптар жеңілдетілді. Енді мәжбүрлеп қайта құрылымдауға жеңілдікті кезеңді беру не ұзарту, кредит бойынша бір немесе бірнеше төлемді 60 күннен астам мерзімге кейінге қалдыру осы қайта құрылымдау нәтижесінде NPV-ның 10%-дан астам төмендеуіне әкеп соқтыратын қарыздар жатады. Мұндай шара банктерге клиенттердің кредитіне қатысты неғұрлым икемді болуға мүмкіндік береді және кредит берудің ұлғаюына ықпал етеді», деді Әбдірахманов.
Әкімшілік кедергілерді азайту және кредит беру туралы шешім қабылдаудың жеделдігін қамтамасыз ету үшін қаржылық есептілік пен салық декларациясы арасындағы елеулі алшақтықтарды салыстыру және сипаттау бойынша талап 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін кейінге қалдырылды. Реттеуші кредиттік тәуекелді бағалау рәсімдеріне қойылатын талаптарды, оның ішінде кепілді қабылдау және қарыз беру шеңберінде кепілге қарап тексеруді жүргізуге, тәуелсіз бағалаушылар тарапынан кепілмен қамтамасыз ету құнын бағалаудың объективтілігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды жеңілдетті.
Мемлекет пен жеке сектор интеграциясы
Банктерді ұзақмерзімді қорландыруды кеңейту және бизнестің инвестициялық жобаларына кредит беру мүмкіндіктерін кеңейту үшін агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп нарықтық мөлшерлемелер бойынша банктердің облигацияларына зейнетақы активтерін инвестициялау тетігін әзірледі. Осы мақсаттарға бағыттау жоспарланып отырған зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 7 жылға дейінгі мерзімге шамамен 500 млрд теңгені құрайды. Берілген қаражат экономиканың басым салаларындағы бизнестің инвестициялық жобаларына кредит беруге бағытталуға тиіс.
2024 жылғы маусымда Мемлекет басшысы синдикатталған кредит беру тетігін одан әрі дамыту үшін агенттік әзірлеген заңнамалық түзетулерге қол қойды.
Банктерде кредит беруді мақұлдау рәсімдерін оңтайландыру және жеңілдету – жұмыстың маңызды бағыты. Кредит беруді цифрландыру шеңберінде банктерді «Smart Bridge» платформасы және электрондық Үкімет арнасы арқылы мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау жалғасады. Қазір банктердің ақпараттық жүйесін заңды тұлғалар, жылжымайтын мүлік, салық деректері, лицензиялау, заңды тұлғалардың кірістері бойынша қолданыстағы және жаңа сервистермен ықпалдастыру іске асырылды.