Елорда • 09 Тамыз, 2024

Астана мектеп салудан озып тұр

112 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада салынып жатқан мектептердің саны рекордтық көрсеткішке жетті. Қазіргі уақытта 100 мыңға жуық оқушыға арналған 30-дан аса мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Астана мектеп салудан озып тұр

Фото: Астана әкімдігі сайтынан

Елордада тұрғындардың, оның ішінде мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың саны жыл сайын артып келеді. Осыған байла­нысты Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында алдағы оқу жылында ашы­латын мектептер туралы жазды. Ол бас қаламызда бұрын-соңды бол­ма­ған көлемде мектептер салынып жат­қанын жеткізді. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Samruk-Kazyna Construction салатын (2024-2025 жылдары) 90 мың оқушыға арналған екі ауысымды 24 жайлы мектеп бар.

 – Қаланы аралау барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярмен бірге оқу жылының басында ашылатын жайлы мектептерге бардық. Бұл сегіз мектеп мына мекенжайларда орналасқан: Сарыарқа ауданында Ұлытау мен Наурыз көшелерінің қиылысында, Бейбарыс Сұлтан көшесінде, Нұра ауда­нында Төле би көшесі мен 24-көше­нің қиылысында, Есіл ауданында Қабан­бай батыр даңғылы мен Сығанақ көше­сінің қиылысында, Нұра ауда­нында Төле би көшесі, 31 мекен­жайында, Мәңгілік ел даңғылы мен E-497 көшесінің қиылысында, Орын­бор көшесі мен №37 көшенің қиы­лысында, Алматы ауданында А.Бай­тұр­сынұлы көшесінде, – дейді Ж. Қасымбек.

Сондай-ақ оқу жылының басында жоғарыда аталған оқу орындарынан басқа тағы үш мемлекеттік және бір жекеменшік мектеп ашу жоспарланып отыр. Сол сияқты жыл соңына дейін 7 жайлы мектеп, 5 мемлекеттік және 3 жекеменшік мектеп ашу жоспарда бар. Осылайша, жаңа оқу жылы барысында 23 мектептің құрылысы аяқталады.