Осы орайда Атырау облысында бірнеше спорт алаңын пайдалануға беру көзделіп отыр. Атырау қалалық құрылыс бөлімі жобалау-сметалық құжаттама секторының меңгерушісі Арман Абдоловтың айтуынша, Дамбы, Талқайраң, Алмалы елді мекендерінде спорт және ойын алаңдары пайдалануға берілген. Енді Геолог, Балауса, Елшібек, Сарықамыс, Байтақ, Өркен, Жерұйық, Бірлік, Сарыөзек, Көкарна шағын аудандарында спорт және ойын алаңдарын салу жоспарланыпты. Бұл нысандардың құрылысы жақында басталады.
«Қазір аталған нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасы жасалды. Конкурс өткізіліп, құрылысты жүргізетін бес мердігер мекеме анықталды. Аталған шағын аудандарда футбол, баскетбол, воркаут алаңдары салынады. Вандализмнің алдын алу үшін құрылысқа жоғары сапалы материалдар пайдаланылады. Жоспарға сәйкес бұл алаңдар қазанда қолданысқа беріледі», деді А.Абдолов.
Өңірдің бірнеше ауданында осындай нысандардың құрылысы қолға алынған. Мәселен, Индер аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дарын Ілиясовтың дерегіне сүйенсек, жаңадан 6 спорт алаңының құрылысы басталды. Оны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Индербор кентіндегі Көктем және М.Әуезов атындағы орта мектептің ауласында спорт алаңдары салынып жатыр. Жоба бойынша онда шағын футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, воркаут пен жаттығу алаңы қарастырылды. Алаңдарға жарық жүйесі жүргізіліп, арнайы бейнебақылау камералары орнатылады. Мұндай алаңдардың құрылысы Елтай, Көктоғай, Аққала, Құрылыс ауылдарында салынып жатыр», дейді Д.Илиясов.
Ал Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, кейінгі жылдары бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Биыл бұл ауданда 11 спорт алаңы пайдалануға беріледі. Мәселен, Қарабау, Көздіғара, Ойыл, Жамбыл, Тасшағыл, Тайсойған ауылдарында салынып жатқан спорт алаңдарының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Ал Миялы аулында – 3, Сағыз ауылында 2 жаңа спорт алаңының құрылысы басталады.
«Ауданда кейінгі жылдары бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жаңа спорт алаңдары көптеп салуды қолға алдық. Спорт алаңдарының жобасында футбол, жаттығу алаңдары, балалар ойын алаңы, демалыс орындарын салу қаралған», дейді Қ.Әзмұханов.
Мақат аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілқайыр Қадыровтың пікірінше, жас буынның денсаулығын жақсартуға септігі тиетін алаңдарды көбейту жоспарланыпты. Биыл Бәйгетөбе және №402 теміржол бекетінде ойын алаңдары ашылыпты. Енді тағы да 8 ойын алаңы пайдалануға беріледі.
Оның мәліметінше, қазір Доссор кентінде балаларға арналған ойын және әмбебап спорттық ойындар алаңдары салынып жатыр. Сондай-ақ Бәйгетөбе аулында 4 ойын алаңы, Мақат кентінде ойын және спорт алаңының құрылысы қолға алынып отыр. Бұл алаңдар жоспарға сәйкес тамыз айының аяғында қолданысқа беріледі. Ал Мақат кентінде үш ойын және спорт алаңын салу үшін мердігер мекемелер анықталған. Қазір келісімшарт жасалып жатыр. Сондай-ақ тағы екі алаң салу мақсатында конкурс жарияланды.
«Спорт алаңдарының жобасы әртүрлі нұсқада жасалды. Негізінен балаларға арналған ойын, спортпен шұғылдануға арналған құрылғылармен жабдықталған алаңдар болады. Футбол алаңдары мен демалыс орындары бар. Кейбір үлкен алаңдарда келушілерге арналған автотұрақ қарастырылды», деп хабарлады Ә.Қадыров.
Исатай ауданындағы Х.Ерғалиев аулында 50 орындық спорт кешені салынып жатыр. Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденованың дерегіне қарағанда, кешеннің аумағы 800 метрден асады. 4 мыңнан аса тұрғын тіркелген ауыл балалары аталған нысанда спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Өйткені нысанда балалар қызығатын шағын футбол, волейбол, бокс, күрес және жаттығу залы болады. Сондай-ақ кешен ауласында баскетбол алаңы қарастырылып отыр.
«Жобаның құны – 395 млн 500 мың теңге. Ауыл тұрғындары, әсіресе балалар мен жастар осындай денешынықтыру-сауықтыру кешенін көптен күтіп жүр. Бұл кешен ауыл тұрғындарының сұранысымен салынып жатыр. Енді тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануына зор мүмкіндік жасалғалы отыр», деді Р.Тажиденова.
Дегенмен кешен құрылысында аздаған кешеуілдеу бар. Өйткені көктемде табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың жариялануына байланысты жұмыс тоқтап қалған. Қазір құрылыс жұмысы қайта қарқын алды. Мердігерлікке таңдалған HCK MBM Construction ЖШС аталған нысанның құрылысын қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Атырау облысы