Олимпиада • 09 Тамыз, 2024

Әлия Юсупова Олимпиада кезінде шәкірті қандай кедергіге тап болғанын айтты

113 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

8 тамыз күні Париж Олимпиадасында көркем гимнастикадан іріктеу кезеңі аяқталып, осы спорт түрінен ел намысын қорғаған  Эльжана Таниева финалдан тыс қалды. Осыған байланысты Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Әлия Юсупова ұршық жаттығуын жете бағаламағаны үшін шағым түсірген, деп жазады Egemen.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.

Әлия Юсупова Олимпиада кезінде шәкірті қандай кедергіге тап болғанын айтты

Фото: ҰОК

Әлия Юсупованың айтуынша, төрешілер тарапына түсірген шағым оң нәтиже бермеген. 

«Эльжана Таниева өте еңбекқор спортшы. Ол өзінің алғашқы Олимпиадасына қатысып, керемет әсер алып отыр. Жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын. Бірақ ұршық жаттығуы үшін өте аз ұпай берді. Таниева доппен жаттығуда өрескел қате  жіберіп, допты қолынан түсіріп алды. Ал ұршық жаттығуын өте таза орындап шықты. Бір қызығы, төрешілер таза орындалған ұршық жаттығуына доптан да төмен ұпай берді. Мен бірден төрешілерге шағым түсірдім. Алайда, олар шағымды қанағаттандырған жоқ. Неліктен мұндай төмен ұпай қойғанын түсінбедім», деді Әлия Юсупова.

Бас бапкер шәкіртінің дайындықтағы таспасын жарыс кезінде пайдалануға рұқсат бермеуі де кедергі келтіргенін жеткізді. 

«Жарысқа бір күн қалғанда бізде тағы бір жағдай болды. Эльжананың таспасында Road to Paris деген жазу бар еді. Ұйымдастырушылар бір күн қалғанда мұндай жазуы бар таспамен жарысқа жіберілмейтінін айтты. Ал спортшылар үшін ұсталған, дайындалған құралмен өнер көрсету өте маңызды. Таңертең дүкеннен су жаңа таспа сатып алдық. Бірақ бұл таспа да жаңа болғандықтан, дұрыс ұшқан жоқ. Содан әлем чемпионы, италиялық София Рафаэллиден бір таспа сұрап алдық. Сол үшін рақмет айтамыз оған», деді Әлия Юсупова.

Ол Эльжана Таниеваның Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті екенін де тілге тиек етті. 

Айта кетейік, Эльжана Таниева көпсайыс қорытындысы бойынша 13- орынға тұрақтады. Төрт жаттығу қорытындысы бойынша 126.600 ұпай жинады. Бұл көрсеткіш көркем гимнастшының жүлдеге таласуына жеткіліксіз болды.