Спорт • 10 Тамыз, 2024

Олимпиада жүлдегерін құшақ жая қарсы алды

108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласының халықаралық әуежайында грек-рим күресінен Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадыраевты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Олимпиада жүлдегерін құшақ жая қарсы алды

Іс-шараны Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Алматы облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы ұйымдастырды. Шараға саңлақ спортшының анасы мен туыстары, қазақстандық грек-рим күресі палуаны, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Нұрбақыт Теңізбаев бастаған жерлестері мен жаттықтырушылары Жұмахан Тұрғанбеков пен Берік Жаңабатырұлы және жанкүйерлері қатысып, байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған батыр ұлын зор қошеметпен қарсы алды.

Қазақ халқының мерейін асқақтатқан күні Олимпиада жеңімпазын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтады. Ол Демеу Жадыраевтың жетістігінің маңыздылығын айта келе, 77 келі салмақта жерлесіміздің жеңіп алған күмісі – қазақ күресі үшін тарихи оқиға екенін атап өткен еді.

Төрткүл дүние көз тіккен жазғы Олипиадада көк Туымызды көкте желбіреткен Демеу Жадыраев Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында дниеге келген. Ол 12 жасынан күреспен айналыса бастаған. Содан бергі тынымсыз жаттығулар мен жарыс жолдарында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, Демеу Жадыраев Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ спорт және туризм академиясының шебері, әскери қызметкерлер арасында Азия және әлем чемпионаттарының қола жүлдегері атанды.

«Баламды қарсы алуға жан-жақтан жиылған қауымға ризашылығымды білдіремін. Ел намысын қорғар ұрпақтарымыз көп болсын. Халқыма, ел-жұртыма амандық тілеймін», – деп ағынан жарылды жүлдегердің анасы Күлипа Бижанова.

Еске салар болсақ, Париждегі Олимпиада ойындарында Жадыраев шешуші белдесуде жапондық атақты палуан Нао Кусакамен кездесті.

Қарқынды күреске қарамастан, қорытынды есеп 5-2 Нао Қусаканың пайдасына берілсе де, Демеу Жадыраевтың жетістігі отандастарымызды зор қуанышқа кенелтіп, күміс медаль еншіледі.

Оғлан батырымыз Жадыраев ширек финалда қырғызстандық Ақжол Махмудовты сенсациялық жолмен жеңсе, жартылай финалда әзірбайжандық Санан Сулеймановты 6:1 есебімен ұтты.

Алматы облысы